• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Экономика 30 Шілде, 2019

Жаңа жел электр стансасы салынады

580 рет
көрсетілді

«Самұрық-Энерго» АҚ Қазақстанның энер­гияға тапшы оңтүстік өңірінде жаңғыр­малы энергия көзінің нысанын салуда. Жобаны «Самұрық-Энергоның» еншілес компаниясы – «Энергия Семиречья» ЖШС іске асырып жатыр. Келешекте 300 МВт-ға дейін кеңейтілетін, қуаты 60 МВт жел электр стансасы Алматы облысының Шелек ауылында орналасқан.

Бұл өңір энергияға тапшы. Алматы ЖЭО-лары, Қапшағай және Алматы СЭС каскад­тары, Есік СЭС-і, Мойнақ СЭС-і, Қара­тал СЭС-і өңірдегі электр энер­гия­с­ының негізгі көздері саналады.

Бүгінгі таңда өзінің қуат өн­діру көздері болмағандықтан, Алматы облысының электр энер­гиясына деген қажеттілігін жер­гілікті қуат көздері 50%-ға ғана қана­ғаттандырады.

«Шелек дәлізінде жел электр стансасын салу арқылы парник газдарын (СО2) шығару жылына 206 мың тоннаға азаяды, сондай-ақ жылына 89 мың тонна шартты отын ауыстырылады. Оның үстіне, жел электр стансасы қоршаған ортаға әсер етпей отырып, электр энергиясының қорын толықтыруға мүмкіндік береді», деді «Самұрық-Энерго» АҚ жобалау кеңсесінің басшысы Ернұр Жиенбаев.

Нысанның құрылысы кезе­ңінде 300 жұмыс орны ашылып, станса іске қосылғаннан кейін тұрақты негіздегі 14 жұмыс орны пайда болады. ЖЭС жылына 225 750 мың кВт электр энергиясын өндіреді деп күтілуде. Жобаның аяқталу мерзімі – 2020 жыл.

Атап өтейік, станса жиынтық қуаты 60 МВт болатын 24 жел энергетикалық қондырғыдан, қосалқы стансадан және электр желілерінен тұрады. Нысан­ның агрегаттары жел стансасын ав­то­матты басқару жүйесіне негізделген аппараттық-бағдар­ламалық кешен арқылы реттеледі. Бұл моделдің артықшылығы сол, оны суық континенталды климат (–30…+43 С), 10 балдық сейсмикалық белсенділік және желдің екпіні II класс жағдайында пайдалануға болады.

Естеріңізге сала кетейік, «Са­мұрық-Энерго» АҚ бұған де­йін ЖЭК саласындағы 2 жобаны: Қапшағай қаласындағы 2 МВт күн электр стансасын және Ерейментау қаласындағы 45 МВт Жел электр стансасын іске асырған болатын.