• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Тамыз, 2019

Тіршілік пен тазалық әліппесі

693 рет
көрсетілді

Жалпы, біздің халықтың ұқсағысы келетін елдері, халықтары көп. Еуропадағы дамыған мемлекеттерге де, алыстағы АҚШ-қа да ұқсағымыз келеді. Кейде корейлықтарға қызығамыз, біресе тағы біреуіне тәнті боламыз дегендей. Сыртымыз қазақ болғаны­мызды мақтан тұтқанымен, іштей бәрібір басқа озық елдерге қызыға да, қызғана қа­рай­­ты­нымызды несіне жасырайық.

Біз бұл жерде өзіміздің қазақтығымыздан қашуды, табиғатымыздан безінуді айтып отырғанымыз жоқ. Мәселе кейбір елдердің экономикалық қуатына, әлеуметтік ахуалдың жайлылығына, әлем алдындағы абыройына, халқының тұрмыс деңгейінің жоғарылығына қызығу туралы. Сондай қуатты елдердің халқы сияқты жайлы өмірді аңсауда тұрған ештеңе жоқ. Қазақстандықтар солай тәнті болып, әр жетістігіне таңданып жүрген елдердің бірі Жапония десек қателеспейтін шығармыз.

Алаш зиялылары кезінде Жапония сияқты мықты мемлекет құруды армандағанын айтып, қазақ пен жапон халықтарының арасынан өзімізше ұқсастықтар тауып, аздап мақтанған­ды да ұнатамыз. Алайда, жапондықтардың бас­қа толып жатқан артықшылығын айтпа­ған­да, мұнтаздай тазалығын үйренуге тырысып көр­дік пе? Жалпы, бұл ел экономикалық қуа­тын айтпағанда, мәдениетін, әдебиетін, өнер­дің сан-қилы салаларын әлемге әйгілеген ел ғой. Қазақстан сияқты әбден отаршыл­дық­тың қамыты мойнын, ауыздығы езуін қажап тастаған халық үшін оған қызығудың оғаштығы жоқ шығар. Дегенмен, құр қызығып қана қоймай, Абай айтқан «ұқсап бағу» жағы кемшін түсіп жатқаны анық. Мәселен, жапон халқының басқа толып жатқан артықшылықтарын қоя тұрып, тазалыққа құмарлығына тоқталайықшы. Бұл елде ересектер тұрмақ, бес жасар балалардың өзі көшеде көлденең жатқан бір түйір қоқыс көрсе, арқасындағы боқшасынан кішкене қалақшасын, қоқыс салатын ыдысын ала салып, тазалайды екен. Ол туралы ғаламторда түрлі қызықты материалдар көп. «Тырнақтай болып бәлесін қарашы!» деп талай тамсанғанбыз өзіміз. Ал өзіміздің балдырғандар мектепте немесе аулада тазалыққа үлес қоса ма? Жасыратын несі бар, мектепте оқушылардың сыныпты жуып-тазалағанын көрмедік. Бізде баласының мектепті тазалап жүргенін білсе, ата-анасы тулап шыға келуі мүмкін-ау.

Елімізде «Бірге – таза Қазақстан» атты республикалық акция жүріп жатқаны белгілі. Премьер-Министр Асқар Маминнен бас­тап, Үкімет кабинетінің біраз мүшелері, әкім­дер, бюджет қызметкерлері, экологиялық бел­сен­ділер, қарапайым еріктілер бар, бүкіл ел болып апта сайын сенбілікке шығып, елді мекендердің көшелерін, табиғат аясын мыңдаған тонна күл-қоқыстан тазартты. Әр облыстан түсіп жатқан деректерге қарасақ, күрек-тырма ұстап, қапшық арқалап, тазалыққа үлес қосып жатқандардың қатары бірнеше жүз мыңға жетеді екен. Жүз мыңдаған адам әр әпта сайын шығарған қоқыс көлемі ондаған мың тоннадан асады. Акцияның нәтижесінде ортақ үйіміздің бір тазарып, жаңғырып-жаңарып жатқанына қуанасың, әрине. Дегенмен, сол ондаған мың тонна қоқыс­ты тастаған басқа емес, өзіміздің азаматтар, сіз бен біздің таныстарымыз, бәлкім жақын туыстарымыз шашқанын ойласаң, қарның ашады. Сенбілікке шығып, белі талып, жұмыс істеген азаматтардың әлеуметтік желіде ашынып айтатындай жөні бар. Өзіміз шомылатын су ай­дын­дарының айналасын да, арнасын да ластап жүріп, Жапония болғымыз келеді тағы.

Айтпақшы, былтыр футболдан Ресейде өткен Әлем чемпионатында жапондық­тар­дың тазалығына бүкіл әлем кезекті мәрте тәнті болғаны есімізге түсіп тұр. Жапониялық футбол­сүйер жамағаттың мачтан кейін стадионнан қоқыс теріп жүрген фотосуреттері ғаламторды шарлап кеткен-ді.

Қарапайым жанкүйерлері тұрмақ, ұлттық құраманың ойыншылары Бельгиядан жеңіліп, чемпионатпен қош айтысқаннан кейін де Ростов-Аренаның киім ауыстыратын бөлмесін тазалап, тап-тұйнақтай етіп жинап кеткені белгілі болды. Құраманың сапында Германияның, Испанияның, Англияның, Португалияның белді клубтарында ойнайтын жұлдыздары бар құраманың қарапайымдылығына тәнті болмай көріңіз.  Өкінішке қарай, біздің елдегі футбол мачтарынан кейін стадионның іші түгіл, сыртында жарты шақырым радиусқа дейін пластик құтылар шашылып жатады. 

«Өмір сүрген – жақсы, жақсы өмір сүрген  одан да жақсы» деген афоризмге айналған сөз бар ғой. Кімнің жайлы өмір сүргісі кел­мейді дейсіз. Оның үстіне «Бәлен елде солай, бізде неге олай емес?» деп ұрандап, ұпай жинағыш­тар­дың айы оңынан туып, оған еретіндердің қатары көбейіп тұрғаны тағы бар дегендей. Ой орайына қарай, Жапония сынды мемлекетке тән бір ғана қасиетті тілге тиек еттік. Әйтпесе, жақсы өмір сүрудің соған лайық еңбек ету, жауапкершілік арқалау, әр азаматтың құқын құрметтеу, демократиялық құндылықтарды қорғау сынды басқа да талаптары бар екені белгілі. Сол талап үдесінен көрінуді де ойласақ екен.