• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Әдебиет 05 Тамыз, 2019

Отарбадағы оқыс оқиғалар

543 рет
көрсетілді

– Ойбай, кетті!..

– Қап! Енді не істедік?

– Қуып жету керек!

– Жеткенде, тоқтайды дейсің бе?!

– Әйтеуір бір бекетке барып аялдайтын шығар.

– Кеттік онда!..

Меншікті тілші Өтеген Жаппархан екеуміз Сырдария стансасынан біз келе берген кезде жүріп кеткен жолаушылар пойызының соңынан біраз жерге дейін жүгіріп барып, ентігімізді баса алмаған күйі кері бұрылып, көлігімізге қайта оралдық.

– Қуала, ана пойызды! – деді Өтекең шопырына кабинаға отырар-отырмас­тан.

Жүргізуші жылдамдықты бірінен соң біріне қосып, зымырай жөнелді. Сонан соң әлдене есіне түскендей «тоқта­майды ғой, бәрібір» деп күңк ете қал­ды.

Пойыз жолымен қатарласа жосыл­ған сүрлеуге түсіп бірде жетіп, бір­де қа­лып көз жазбауға тырысамыз. Отар­ба­ға оңай: оқтай созылған қос рель­стің үстінде құстай ұшып келеді. Ал біз­дің көлік жылан құсап ирелеңдеген ізді қуып, біресе оңға, біресе солға соқ­қанда ішек-қарнымыз қолқылдап, аузы­мызға тығылғандай күй кешеміз.

Қойшы, сонымен қанша жүргенімізді қайдам, санаулы сағаттардан кейін бір кенттің қарасы көрінді де, пойызымыз жүрісін баяулатып, арынын басқандай болды. Ит сілікпеміз шыққан біз де жақындай түстік.

– Тура, вагонға қарай тарт! – деп Өтекең шопырын асықтыра түсті. – Бес-ақ минут тұрады, үлгермей қа­ла­мыз.

Айтқандай-ақ, біз жете берген кезде отарбамыз тағы да орнынан қозғала берген еді.

– Жүгір, – деді меншікті тілшіміз қолыма сөмкемді ұстатып, соңғы вагонмен қа­тарласа берген тұста.

Ашық тұрған есіктің тұтқасынан ұстап, ішке кіргенде бір-ақ «уһ» деп демімді алдым.

– Қай вагоннансыз? – деді жолсерік есікті жауып жатып.

– Оныншы!

– Орта тұста, ары қарай жүре бері­ңіз.

Оныншы вагондағы екі кісілік орын­­­ның екеуі де бос екен. Билетімді көр­­сет­тім де, біреуіне жата кеттім. Үш-төрт күн малшылар ауылын аралап, ма­те­риал­дар жинаймыз деп әбден шаршасам керек, көзім ілініп кетіпті.

Абыр-дүбір дауыстан оянып кетіп, ба­сымды көтеріп алсам, алдымда екі адам тұр екен. Бірі – манағы жолсерік те, екіншісі – теміржолшылардың су жаңа киімін киген жап-жас келіншек.

– Сіз қайда барасыз? – деді әлгі екеуі қосарланып.

– Алматыға!

– Бұл Бішкекке баратын пойыз ғой.

– Не дейді? – деппін түк түсінбей. – Алматынікі қайда?

– Ол артта келеді, – деді келіншек жанындағы жол­серікке «сен не қара­дың?» деген­дей зілдене көз тастап. – Жарты сағатқа кешіккен. Билетте жазылған Алматыны Бішкекпен шатас­тыратындай, сіздерге не көрінген?

– Кешіріп қойыңыз, байқамай қаппын, – деп жолсерік ақталып жатыр.

Мен не деймін? Алматынікі деп Біш­кек бағытына отырғызып жіберген Жаппарханды жазғырам ба, әлде қай пойыз екенін сұрамаған өзімді кінәлі көрем бе?! Бірақ сұрағанда не? Басқа пойыз екен деп секіріп түсіп қала алмаймын ғой. Мең-зең боп отырған мені келіншектің «Келесі стансадан шығарып жібер» деп жолсерікке айтқан бұйрығы сергітіп жібергендей болды.

– Шымкентке дейін барайыншы! – дедім жалынғандай боп.

– Онда ақшасын төлеңіз, – деді келіншек келіскендей сыңай танытып.

– Төлейін! Төлеймін! – дедім айт­қан­­­дарына көніп.

Сөйтіп ертеңгілік шырайлы қала­мыз­ға да жетіп, түсіп қалдым.

 Қайран, Шымкент! Қазағымның қарашаңырағы іспетті қадым заманнан келе жатқан қалаларымыздың бі­рі емессің бе? Ата тарихты ауызға алмай-ақ, одан бері өзіміз өмір сүрген дәуір­дегі куә болған кейбір жайттарды айт­­­сақ та талай қызық оқиғаларды баян­­дауға тура келер еді. Ары-бері ағы­лып жатқан пойыздардың бірде-біреуі өзіңе соқпай өте алмастай қасие­ті­ңе сай қызығың мен шыжығың да жетерлік қой. Бәрін айт та, бірін айт дегендей, күні кеше ғана Аянның (ақын Нысаналин) Оралдан соғым алып келе жатып бір аптаға қалып қойып, бір қап етін «қуырдақ жасаңдар» деп, жолдастарына таратып жіберуі, Рақымжанның (жазушы Отарбаев) Атырау сапарынан соң купедегі үш әйелдің әңгімелерін естіп күйінгендей күй кешіп, түсіп қалып, Алматыға ұшақпен ұшуы қа­лам­­герлер бас қоса қалса қызық та­қы­рып­қа таптырмастай хикаяттар емес пе?!

Бәрінен де біздің Міңкеңнің (Мың­бай Ілес) айтқаны айызыңды қанды­­ра­ты­ны сөзсіз.

– Батыс жаққа барған шаруамды екі-үш күнде бітірдім де, жол-жөнекей Шым­кентке соғып, ағайындарға сәлем бере кетейін деп «Ақтөбе – Алматы» пойызына билет алған едім, – деді бірде Міңкең тағы да осы отарбаға байланысты бір әңгіменің шетін шыға­рып. – Вагонымды тауып, купеге кірсем, екі ер кісі отыр екен. Ерте келіп, же­ңіл жол киімдерін киіп алыпты. Сә­лем­десе сап менің де киім ауыс­ты­ру­­ға ыңғайланғанымды көріп, екеуі де лып етіп сыртқа шығып кетті. Мен тез жеңілдендім де, есік аштым. Арғы жақтан қолында сөмкесі бар бір келін­шек келе жатыр екен. Купеміздегі төр­тін­ші жолаушы сол болса керек. Емін- еркін жайғаса берсін деген ниетпен мен де шығып кеттім.

Пойыз орнынан қозғалысымен үш жі­гіт купеге қайта кірдік. Келіншек жо­ға­ры жақтағы орынға жайғасып алыпты. Әдеттегідей жөн сұраса келе оның Түркістаннан түсетінін білдік. Ал әлгі екі жігіт Алматыға бара жатыр екен. Мен Шымкенттен түсетінімді айттым.

Сәлден соң жолсерік келіп, билет­те­ріміз­ді сұрай бастады. Сонымен бірге төсек орын үшін әрқайсысымыздың жүз теңге­ден төлеу керек екенімізді де ескертті. Қалталарымызға қол салып, ақшаларымызды шығара бастаған тұста бір ыңғайсыз жағдайға тап болдық, әлгі екі жігіттің егделеуі купеде ілулі тұрған костюмінің біресе төсқалтасын, біресе жанқалтасын сипалап, әбігерге түсті де қалды.

–  Ореке, не болды? – деді жанын­да­ғы жастауы.

– Әмиянымды таба алмай жат­қа­ным...

– Оқасы жоқ, мен-ақ төлей саламын ғой, –  деді серігі. – Әмияныңыз дипло­ма­тыңызда шығар.

– Жоға, жаңа ғана тұрған болатын мына қалтамда, – деп анау күйіп-пісті. – Шай­тан алып кете ме табан астында.

Денем дір ете қалды. Әмияны жаңа ғана тұрса, кім алмақ? Бұлардан кейін купеде оңаша қалған менмін және менен кейін келген келіншек. Демек екеуіміздің біреуіміз алған болдық қой.

– Әмияныңыздың қалтаңызда бол­ға­­нына анық көз жеткізе аласыз ба? – дедім аздан кейін әйтеуір бірдеңе деу керек шығар деген ниетпен.

Орекең «рас болмаса, айтар ма едім» дегендей маған жақтырыңқырамай қарады.

– Онда бір-бірімізді тінтуден басқа амал жоқ, –  деп мен де тікесінен кеттім. – Ұят болса да, сөйтуге тура келетін шығар.

Төбе шашы тік тұрған келіншек шошып кетті білем: «Сіз әмияныңыздың болған-болмағанын немен дәлелдей аласыз? Атамыз қазақта «өзіңе өзің берік бол, көршіңді ұры тұтпа» деген сөз бар. Сіздер бір-біріңізді тінте беріңіздер, ал мен ондай бейбастыққа жол бермеймін» деп шорт кесті.

Купедегі көңілсіздікті сейілткісі келді ме, жас жігіт дастарқан жая бас­та­ды. Арақ-шарап шығарылып, қазы-қарта туралды. Бірақ ешкім алдындағы асқа қол соза қойған жоқ. Томсырайып, бір-бірімізге өкпелегендей тым-тырыс отырмыз. Мұндайда сыртқа шығып кетудің өзі мүмкін емес қой. Күдік кү­ше­йе түсетіні сөзсіз. Не де болса, соңы­на дейін шыдауға тырыстық.

 Қандыағашта біраз тұрып, қайта қозғала бастаған кезде «Ореке! Қале­ке!» деп әр есікті ашып айқайлап келе жатқан жігіттердің даусын естіп елең ете қалдық. Ана екеуі орындарынан атып тұрып, «біз мұндамыз» деуге мұршалары келгенше, олар да жетіп келді.

– Ту-у, таптық-ау, ақыры! – деп келген кісілер Орекең мен Қалекеңді кезек-кезек құшақтады. – Бәрінен де пойыздың Қандыағаштан жүріп кетпей тұрып қуып жеткеніміз қандай жақсы болды. Біз де келдік, пойыз да қозғала берді. Үлгердік әйтеуір соңғы вагонға. Содан бері әр купенің есігін ашып, айқайлаумен келеміз.

 Өзін Мырзаш деп таныстырған әлгі жігіттердің біреуі қойнына қолын салып, қомақты қара әмиянды шы­ғар­ды: «Түнде Шәкеңнің үйінде қо­нақ­та отырған кезде түсіріп алыпсыздар. Екеуінің біреуінікі екені сөзсіз. Қонақтардан ұят болады, қуып жетіп табыс етіңдер» деп үй иесі тапсырма берді дегенді естігенде Орекең есеңгірегендей болып отырып қалды.

Қуғыншы жігіттердің айтуына қара­ғанда, өздерінің ұстазы Шәріп Үркім­баев деген зейнеткер ағаларының тап­сырмасымен жолға шыққан олар Ақтө­бе­ге жеткенше пойыз жүріп кеткен көрінеді. Содан Қандыағашқа дейін жеңіл көлікпен қуып, соның өзінде әзер дегенде соңғы вагонға іліккендерін сөз еткенде, ұяттан екі беті оттай боп жан­ған Орекең «Кешіріңіздер, менен бір әбестік өткен екен» деп отырып қалды, – деп әңгімесін аяқтаған Міңкеңнен «мынауыңыз даяр тұрған сюжет қой, жазбайсыз ба?» деп сұраған едім.

– Өзім де соны ойластырып жүрмін, – деген ағамыз кейін уәдесінде тұра білді. «Егеменде» «Әмиянның әлегі» деген әңгімесі «болған оқиға» айдарымен жарияланған болатын. Бірақ неге екенін қайдам, Міңкең оған өз тегін жазбай «М.Әл-Отырари» деп қол қойғанынан хабардармын.

Пойызға байланысты осындай оқыс оқиғалар қай-қайсысымыздың болсын басымыздан өтіп тұрады ғой. Бірақ қой мен қозы сияқты ұқсастығына қайран қалам да.

Шымкентке жетіп алған соң соңы­мыз­да жарты сағатқа кешігіп келген «Алматы – Мәскеу» пойызына ауысып отырдым. Сыртқы пошымы «Бішкек – Мәскеуден» айнымай қалған бұл отар­ба­мыздың вагондары мен орындары да бірдей болып шықты. Билетімде жазыл­ғандар да дәлме-дәл келіп тұр. Ту­ра түнде өзім ұйықтап шыққан қыр­ғыз пойызындағыдай: оныншы вагон, ортадағы екі кісілік орын.

– Сіз Қызылордадан отыруға тиісті едіңіз ғой, – деді жолсерік билетіме қарап.

– Бір жұмыс боп ерте шығып кетіп едім, – дедім де қойдым. Қайбіріне ба­сымнан өткен жайтты баяндап жат­пақ­пын.

...Өкпе айтар адамым Өтеген еді. Онымен Алматыға келген соң хабарластым.

– Білемін байқамай Бішкек пойызына отырғызып жібергенімді, – деп күлді ол. – Бірақ білгенде не істемекпін? Сол өзіңді отырғызып салған соң вокзалына кіріп тамақ ішкен едік. Қайтып шықсақ, манағы пойызымыз әлі тұрған сияқты. Кетпеген бе деп жетіп барсақ, шынында «Алматы – Мәскеу» пойызы екен. «Ау, сіздер бағана аттанып кетпеп пе едіңіздер?» десек, «Келгеніміз жаңа ғана ғой» дейді. Кейін ғой, сұрастырып білгеніміз: алдыңғы келгені қырғыз пойызы болып шықты. «Е, бәрі де Алатау жаққа барады ғой, адаспас» деп аптығымызды әрең бастық.

Өтекең тілінің уы бар өткір тілші болды. Алғаш Жезқазған жақта істе­ді, сонан соң өзінің туған облысы – Қызылордаға сұранды. Өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары сын-сықақ пен фельетондарға деген сұраныс өте күшті болды ғой. Әсіресе қазағы көп оңтүстік өңірлерде. Соған сай газет-журнал редакциялары да осы бағытта қалам тартатын журналистерге тым зәру еді. Өтекең өз өңіріне барған соң өндіре жазды. Озат тілшілер қатарында атанып, жүлделі орындардан көріне білді.

Ұзақ жылдар бойы «Егемен Қазақ­станның» Қызылорда облысын­дағы мен­шікті (өз) тілшісі болып істеген Өте­ген Жаппархан еңбек демалысына шыққаннан кейін де шығармашылықтан қол үзген жоқ. Көптеген кітаптары жарық көрді. Әлі тың. Газетіміздің тоқсан бес жылдық тойына келгенде «Әй, Бішкек хал қалай?» деген қалжың сөзі құлағымда қалып қойғандай. Құдайдан осындай басқосуларымыз жалғаса берсе екен деп тілеймін.

 

Әділ ДҮЙСЕНБЕК