ҚР Үкіметінде өткен баспасөз конференциясында білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың биыл 21 тамызда Nur Otan партиясының саяси кеңесінің отырысында алға қойған міндеттерін шешу жөніндегі жоспарлар туралы айтып берді. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.
Біріншіден, қоғамда көптеп талқыланып жатқан маңызды міндет — бұл әсіресе, ЖОО-лардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және онымен күрес.
«Қазір ҚР БҒМ бірнеше бағыт бойынша жүйелі жұмыстар атқарып жатыр. Биыл магистратураға түсу бойынша жаңа формат енгізілді. Ол жақсы нәтижелер берді. Біз сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігімен, қоғаммен бірге ашық әділ емтихандар өткіздік», — деді министр.
Сонымен қатар, ЖОО-лардың сапалы білім беруін қамтамасыз ету мақсатында үш университет тексерілді. Бүгінде осы оқу орындарының лицензияларын тоқтату туралы мәселе шешіліп жатыр.
Тағы бір міндет — сессияларды, емтихандарды тапсыру кезінде сыбайлас жемқорлықпен күресу. Осы мақсаттарда жобалық кеңсе — Адал білім жұмыс істейді, онда БАҚ, қоғам өкілдерімен, белсенділермен бірлескен жұмыс атқарылады.
А. Аймағамбетов сонымен қатар студент жастарды жатақханаларда орындармен қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді. 75 мың орынға студенттер жатақханасын салу міндеті қойылған еді.
ҚР БҒМ мәліметтері бойынша, биыл жоспарланған 5 мың орынның орнына 8 586 орын енгізіледі. Яғни, жоспар 172% орындалады.
«Қазір біз 4,5 мың орынды тапсырдық. Жыл соңына дейін 8,5 мың жаңа орынды пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Бірақ біздің алдымызда осы жұмыстардың тетігін жетілдіру міндеті тұр», — деді министр.
Жұмыс істемейтін жастарды оқытумен қамту үшін 2017 жылдан бастап «Баршаға арналған тегін техникалық және кәсіптік білім беру» жобасы іске асырылуда.
«Қазір біз осы жобаның нәтижелерін көріп отырмыз. Біріншіден, тек осы жоба бойынша қамту 30%-ға артты ( 2017 жылдан бері 200 мыңға жуық адам оқытылды, оның ішінде халықтың 70%-ы әлеуметтік алжуаз топтарынан). Екіншіден, егер осы жобаны іске асырғанға дейін білім алушылар колледждерден тек бір ғана мамандық алып шығатын болса, қазір сондай уақыт ішінде 3 мамандыққа дейін алып шыға алады», — деді А. Аймағамбетов.
Сонымен қатар министр ауыл жастарын белсенді жұмыспен қамту шараларымен қамту мақсатында мобильді топтар жұмыс істейтінін айтты. Мобильді оқыту орталықтары шалғай елді мекендерде жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, биыл 1 қыркүйектен бастап жұмысшы мамандықтарға оқитындардың шәкіртақысы 30%-ға арттырылады.
Ұлттық жоғары оқу орындарының ректорларын тағайындау жүйесінің өзгеруі туралы сұраққа жауап бере отырып, Асхат Аймағамбетов күтілетін нәтижелерді түсіндірді.
«Сіздер білетіндей, бұрын оларды Мемлекет басшысы тағайындайтын. Енді олар конкурс арқылы тағайындалатын болады. Бұл не береді? Біріншіден, ашықтық. Екіншіден, бәсекелестік. Үшіншіден, қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік және қоғамның осы процеске қатысуы. Жас кадрларға келсек, олардың қатысуы қолдалады. Жалпы, жасына, мүмкіндіктеріне т.б. қарамастан азаматтар осы конкурсқа қатыса алады», — деп түсіндірді министр және комиссия шешімдер қабылдауда меритократия қағидатын басшылыққа алатынын атап айтты.