Қостанаймен іргелес Челябі облысын 36 мың қазақ жайлап отыр. Жайықтың бойында орналасқан Верхнеуральск қаласын қазақтар баяғыда Талқала деп атаған. Қала бүгінде Верхнеуральск ауданының орталығы болып саналады. Бұл жерде 3,5 мың қазақ тұрады. Жайықтың нақ осы тұсында халқымыздың ауыз әдебиеті маржандарының бірі «Қыз Жібек» жырының оқиғасы өткен деседі. «Жылқысының көптігінен баға алмайтын» Жағалбайлы елінің жайлауы осы жер, олардың ұрпағы әлі отыр. Мұндағы әр отбасының тарихы таңды таңға ұрып айтуға жетеді.
– Менің аталарым аштық жылдары келіпті. «Әжем: «Не көрмедік?.. Аталарыңды «халық жауы» деп ұстап әкетті. Мені аштықта қасқыр емес, адам жеп қоя жаздаған. Сосын осы жаққа жансауғалап, жаяу-жалпылап жеткенбіз» деп отыратын еді, – дейді верхнеуральскілік Аманбай Рахметов.
Қазақ мәдениетіне арналған «Туған жер» фестивалі жыл сайын Челябі облысындағы қандастардың басын қосады. Той айналаны алақанға салғандай төңірек түгел көрінетін қырдың үстінде өтті, жердің жүзі қалы кілем төсегендей жап-жасыл. Атамекен деп алаңдағанмен де, шекараның ар жағында қалған қандастарымыздың өсіп-өніп, суын сулап, отын оттап отырған жері өздеріне ыстық. «Туған жер» фестивалін биыл 6-шы рет ұйымдастыруға Челябі облысының мәдениет министрлігі, Челябі облысы халықтарының «Дом дружбы» мекемесі, Верхнеуральск муниципалдық ауданының әкімшілігі және «Жақсылық» қазақ ұлттық-мәдени орталығы атсалысты. Оған Челябі облысының барлық шалғайынан және Свердлов, Қорған облыстары мен Башқұртстаннан қандас бауырлар қатысты. Челябімен іргелес қостанайлықтар да қандастар тойын сырттай қызықтамай, арнайы делегация болып барып, фестиваль қызығын еселеді. Қарабалық ауданы киіз үй апарып, оның ішін Қостанай облыстық «Достық үйі» ұжымы ұлттық киімдермен, бұйымдармен безендірді. Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның әншісі Айнұр Санай шырқаған қазақтың халық әні фестиваль тұмарындай сезілді. Верхнеуральск муниципалдық ауданының басшысы Сергей Айбулатов, Мәдениет министрінің міндетін атқарушы Алексей Бетехтин, облыстық ауыл шаруашылығы министрі Алексей Кобылин мерекеге қатысты, жиналғандарды құттықтады. Тілі, діні басқа болса да, бір ауаны жұтып, бір құдықтың суын ішіп отырған ағайынның ойы, мақсаты бір. Қай халықты да қазір ұлттық құндылықтардың көмескі тартпауы ойландырады.
– «Туған жер» фестивалін халық күтіп отырады. Бұл мерекенің адамдарға қажет екені сезіледі. Егер халық өзінің тамырынан алшақтаса, тарихын, өнерін білмесе, ондай ұлт әлсірейді, ұлт болудан қалады. Ұлттық дәстүрді ұмытқан ұрпақтың отбасына, балаға, Отанға деген көзқарасы өзгереді. Ұлттық дәстүр мен салттың барлығы жас ұрпақты адамгершілікке, мейірімділікке тәрбиелейтін құрал. «Туған жер» фестивалі қазақтарға да, жалпы Ресей жұртына сол үшін қажет, – дейді Алексей Бетехтин.
Соңғы жылдары Оңтүстік Уралда дәстүрге айналған «Туған жер» фестивалі бұл жолы қазақтың ұлттық дәстүрлері мен салтын бар бояуымен көрсетуге тырысыпты. Ақ шаңқан киіз үйлердің ішінде халқымыздың ұлттық киімдері, тұрмыстық заттары, ұлттық тағамдары арнайы құрылған комиссия сараптауынан өтті. Фестивальдың көнермейтін дәстүрлі сайысының, қызығының басы да осы «Киіз үйлер байқауы» болып саналады. Қандас бауырлар бұл байқауға барынша белсенділікпен қатысады. Қостанайдағы «Достық үйінен» барған қонақтар да сырттай сыншы болмай, көршілердің ұйымдастырған байқауларына қатысып кетті. Атамекеннен барған киіз үйдің ішін қызықтаушылар да көп болды. Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясы «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Қаламқас Сандыбаева киіз үйдегі көздің жауын алатын әрбір ұлттық жәдігер мен киім туралы майын тамызып әңгімеледі. Башқұртстанның Челябі облысындағы тұрақты өкілі Амур Хабибуллин қазақтың алтайы түлкіден тігілген ішігі пен тымағын киіп көрді.
«Туған жер» фестивалін ұйымдастырушылар оның танымдық, тәрбиелік жағына көңіл бөліп отырады. Сондықтан ондағы байқаулардың мазмұндылығы да толыға түседі. Бұл жолы «Ең үздік қазақ әже», «Жайма» байқаулары бірінші рет өткізілді. Қаным Ишимова «Супер әже» атанса, «Жайма» байқауында еттің нанын санаулы минуттарда қағаздай етіп жайып берген Жұмабике Тоғызова бірінші орынды алды. «Ең үздік киіз үйді» Бақыт Сарынова жасақтапты. «Ең әдемі шай дастарқаны» байқауының жеңімпазы «Верхнеуральск ауданындағы «Жұлдыз» қазақ ұлттық мәдени орталығы болды. Верхнеуральск жеріндегі алды 62 жыл, соңы 50 жыл бір шаңырақ астында жасап келе жатқан отбасылық жұптар сахнаға шақырылып, оларға құрмет көрсетілді. «Шаңырақты шайқалтпай ұзақ жыл бірге жасасудың сыры неде?» деген сұраққа қариялардың барлығы да «кешірімділік пен мейірім» деп жауап берді. Қазақтың тойы ат жарыссыз өткен бе? Мұнда да үш түрлі қашықтықтағы ат бәйге мен аламан бәйге мерекеге жиналғандардың делебесін қоздырды. Оған орыстардың ат арба жарысы қосылды.
– Біздің ата-бабамыздың сүйегі осында жатыр. Бірақ қазақтың әні мен дәстүрінен қол үздік деп айтпаймын, орыстанып кеткен жоқпыз. Біз үш ауыл айттаспыз. Құрбан айтты, Ораза айтты Сурменьев, Шеметово және Қарағай ауылы бірге өткіземіз. Құрбан айттың бірінші күні біздің ауылдағы неше үй құрбан шалса да, олар асты бірігіп береді. Сосын үйлерге айттап кіріп шығамыз. Айттың екінші, үшінші күні ана екі ауылға біз барамыз, құрбан шалып, асын бірігіп береді. Тойымыз қазақтың әнімен өтеді, дәстүрді сақтаймыз, – дейді 82 жастағы Бақытты Тұрласова қария.
– Осы үш ауылда қанша түтін қазақ бар?– деп сұраймыз қариядан.
– Шеметовода он шақты үй бармыз, Қарағайда 7-8, Сурменьевте – 6 үй бар, олар жастар, – дейді. Әжей қазақ тілінде жақсы сөйлеп тұрғанымен, өз балаларының қазақша шала-пұла білетінін, немерелерінің ептеп түсінетінін айтты.
–Үйде қазақ тілінде сөйлеймін, бірақ балалардың ортасын көріп тұрсың ғой, қазақ тілінде сөйлеуге мұрша да бермейді ғой. Бірақ балаларым бата беруді үйренген, дәстүрді ұстайды, – дейді Бақытты қария. Қанша құрбан шалса да, кілтипанның бәрі тілде ғой. Тіл кетсе, іс те кететінін қария мойынсынғысы келмейтіндей. Басқасын былай қойғанда «Ең үздік қазақ әжесі» байқауында бір әже қазақ тілінде сөйлеген жоқ. «Өзін таныстыру» кезегінде «Мен келдім қала Пласт» деп бастаған әженің бірі сөзін әрі қарай орыс тілінде жалғады. Немере-шөбересін көрген әжелердің барлығы да 50-ден, 60-тан асқан әйелдер болатын.
Біраз жылдардан бері Қостанай облыстық тілдерді дамыту басқармасы оқу орталығының мамандары шетел қазақтарына арнап жеңілдетілген бағдарлама жасап, Челябі облысындағы қазақ балаларына тіл үйрету жұмысын жүргізіп келеді.
– Биыл да тамыз айының ішінде Челябі облысы аудандары мен қалаларындағы қазақ тілін білетін кісілерді Қостанайға шақырып, оларға қазақ тілін үйрету бағдарламасын таныстырамыз, әдістемеліктер береміз. Олар Челябі облысындағы қандастарымызға қоғамдық негізде қазақ тілін үйретеді, – дейді облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Бақытгүл Сүлейменова.
«Туған жер» фестивалінде көбіне қазақ әндерін балалар, жасөпірімдер шырқады. Мерекедегі халқымыздың салт-дәстүр көріністері, өздері шырқаған қазақ әндері балалардың жүрегінде мәңгі жазылып қалар. Ұмытылмайтын елес олар өскенде санада жаңғырып тұрар... «Туған жер» фестивалінің миссиясы да осы болар.
Қостанай – Верхнеуральск