Ешқандай еңбек сіңірмей тегін дүние иелену адам табиғатына әу бастан дендеп кіретін қасиет болса керек. Тегін дүниеге кенелгісі келетіндерді көп ойланбай, табан астында топтап тастасақ, түрлері көп: әртүрлі лауазым иелерінің алатын парасынан бастап, түрлі мекемедегі ақша жинау, қарапайым жандардың қаржысына қақпан құрудан шаршамайтын әртүрлі алаяқ пирамидалар, соларға сеніп соңғы тиынын санап беретіндер, қоғамдық көліктегі «қояндар», тіпті түнеп шыққан қонақүйінің сабыны мен сүйретпесін кетіп бара жатып сөмкесіне сала кететіндердің ісін не туабітті мінезге, не жүре жабысқан дағдыға жатқыза алмайсың.
Бірде қаптап кеткен дөнерхананың кезекті біреуінің ашылуына орай жасалып жатқан бір күндік акциясы кезінде алпыс күн аштықтан келгендей бір-бірімен жұлқыласып жатқан жұртты көріп жанымыздан түңілдік. Кішкентай мектеп жасындағы бала кимелеген үлкендердің табанының астында тапталып қаламын деп қорықпастан топтың ортасында арыстандай арпалысып жүр. Үзілген түймесін, жыртылған сөмкесі мен жоғалған кебісі үшін танымайтын адамдарды төмпештеп жатқандардың осындай тірлігі әртүрлі жағдайда жиі көрініс беріп жатады. Астананың Ханшатырында пісіріліп таратылған 300 кило қазақша етті, Қостанайдың қала мерекесінде ұйымдастырылған «Нан мерекесіндегі» ұннан жасалған тәтті тағамдарды, Шымкент құс фабрикасының жұмыртқасын тегін үлестіру кезіндегі таласып-тартысқан жұртты теледидардан көргендер сол көріністі әлі ұмыта қоймаған болар.
Супермаркеттердің кіреберісіндегі белгілі-белгісіз фирмалардың жарнамалап тұрған тәттісінен өзі біреуін алып, екіншісін баласының қолына ұстатып, үшіншісін қиылып тұрып сұрап алып мұртынан күліп бара жатқандардың жолай «кіру тегін» деген афиша көріп қалса, мәз болып оған да бас сұға кететініне еш күмәндануға болмайды.
Адамның өмірі, оның өмір сүру деңгейі санасының тікелей көрсеткіші екенін осы мысалдардың өзі-ақ айқындайды. Бір қарағанда, сынап та, сөгіп те қарауға болмайтын кедейліктің көрінісі сияқты, бірақ қарапайым әдеп, мәдениет пен этикаңызға пысқырып та қарамайтын бұл адамдардың қауашағындағы «тегін» туралы түсінігі өзгермей, батпақ өмірінен де, батпан қиындықтарынан да құтыла алмайтыны анық.
Тегін ас ішіп, тегін дүние тауып, біреудің еңбегін тегін пайдаланып, танысының, туысының есебінен тегін жүріп-тұрғысы келу – бұл да белгілі бір адамдар тобының дүниетанымы, өмір сүру салты болып кеткен. «Егер сен шын құдайға қараған жүрегі жылы, ізгі ниетті адам болсаң, жағдайы төмен маған көмектесуге міндеттісің!». Міне, тегінге үйренген адамның танымы. Оларға бүкіл әлем міндетті.
«Тегін» деген сөзде, рас, тартымдылық бар, бірақ бұл қанша тәтті болғанымен, жеке адамның өмірін жаңа сапаға көтеруді, өркендеуді тежейтін мида өскен қатерлі арам шөп. Мейлі бұл материалдық болсын, мейлі бұл интеллектуалды болсын, әрбір құндылық орасан зор еңбек арқылы жасалады. Бұл құндылықтардың бәрін күн сайын біз онсыз да тегін пайдаланып жүрміз. Оған жұмсалған уақыт пен еңбектің ақша тұратынын есепке алғымыз келмейді.
Төңірегінен артық-ауыс дүние табылса, жерден жеті қоян тапқандай қуанып, тезірек қарпып қалғысы келетіндердің оның қайтарымы да болатынын ұмытпауы керек еді. Төлейтін қаражаты, қалтасында артық ақшасы болмаса, білгенімен бөлісіп, көмектесіп жіберіп, бір мұқтажын өтеп беру секілді қолынан келген өз қызметін ұсынса, қарым-қатынас та, түсінік те өзгеріп, екі аяғынан тартып, иірімінен шығармаған баяғы батпақ-күй басқаша өрістеп кетер ме еді?
Тегін тұтыну психологиясының тереңдегені сонша, бүгінде оның ауқымының кеңейіп, бұрынғы мәнінен де басқаша сипат ала бастағанын байқап отырмыз. Біреудің еңбегін лайықты бағалап үйренген адам ешкімнің де оған ешнәрсе үшін міндетті емес екенін өзі-ақ жете түсінер еді. Өзі жұмыс істеп, өзі үй салып, өзі бақша егіп, тіпті үйіндегі бұзылған электр тоғын да өз қолымен жөндеп алатын адам басқаның да еңбегіне құрметпен қарауды біледі. Адам өзімен де, өзгемен, қоғаммен де тепе-теңдікке осылай келеді. Жаратылыстың жалғыз заңдылығы әзірге өзгере қойған жоқ – «не ексең, соны орасың». Құдайдан үміт еткен дұрыс та, адамнан күткен бекер, біз жоғарыдан күтетін тарту– таралғы «тегінге» емес, еңбекпен сорғалаған терге беріледі.