• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Қыркүйек, 2019

Мұнай өндірумен бірге өрілген ғұмыр

519 рет
көрсетілді

Маңғыстауда «Кезби» десең, «ол не еді?» деп кері сұрақ қоятын адам табыла қоймас. Компания бұл деңгейге қиын кезде тығырықтан шығар жол тауып, талай жанның нәпақасын айыруға мұрындық бола алған іскерлік пен ұйымдастырушылық, сондай-ақ қызмет көрсетудегі сапа мен кәсіби шеберлік арқылы қол жеткізді.

Өмірде ғана емес, өндірісте де қиын­­дық – шыңдалуға жақсы. Біз сөз еткелі отырған «Кезби» жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігі тоқса­нын­шы жылдардағы тоқырау тезін­дегі қиындықтар кезінде құрылды, қиын­дықтармен бетпе-бет келіп шыңдалды, қиындықтарды еңсере қызмет етіп ке­леді. 90-жылдары орын алатын өзгерістерді алдын ала аңғарып, соған бейімделе өзгеру қажеттігін ұғын­ған мұнай саласының білгірі, қарапа­йым бұрғышының көмекшілігінен бас­тап өзінің біліктілігі арқасында бас дирек­торлыққа дейін көтеріліп, атал­­ған саланың айтулы азаматтары қата­­рынан өз орнын қалыптастырған Бітім Тәжіғұлұлы Кезбаев алдымен «Табиғат» шағын кәсіпорнын басқарып, нарық талабына сай жетіле түсті. Басқара жүріп, заманның ыңғайын танып уақыттың талабына бейімделу керектігін ұғынды. Ойын оңынан оралтып, сөзден іске көшкен ол 1992 жылы республикада алғашқы болып мұнай ұңғымаларын күрделі жөндеу және бұрғылау жұмыстарымен айналысатын «Кезби» серіктестігін құрды. Көп ұзамай «Екі қолға бір күрек» дегендей, жалғыз А-50 станогымен жабдықталған екі-ақ бригада Атырау өңірінде алғашқы жұмыстарын қолға алды. Басқа тартса аяққа жетпейтін, жасайын десе жұмыс жоқ, жұмыс тапса, құрал-құрылғы жоқ, оны тапса жұмысшылардың жалақысын тауып беру деген мәселе алдынан кезек-кезек шыға келетін ауыр кездерде мойымай-мұқалмай компания жұмысын алға бастырудың қаншалықты қиын екендігін айтып жатудың өзі артық. Бала-шағасын асырау мұң болып, әйелі ерге, ері жерге қараған кезеңде жұмыс іздеген көп азаматтың ат басын тіреп келген орны да осы «Кезби» болатын. Бітім Тәжіғұлұлы үшін алдына келген азаматтың салын суға жі­бергендей кері қайтарып жіберу қиын болғандықтан, мүмкіндігінше жұмыс тауып беруге тырысып бақты. Алайда жекенің аты жеке, бүгін бар жұмыс көлемі ертеңгі күні дүдәмал күйде тұ­ратындықтан, көрсететін қызмет кө­лемін ұлғайтып, жұмысшы санын арт­тырмайтын кездер болды. Қыл­шыл­даған жігіт кезінен бастап мұнай са­ласында жинаған тәжірибесі өзінің бі­лім-білігімен ұштасқан Б.Кезбаев жер бедерінің асты-үстінің сырына қанық сыралғы маман ретінде істі ұршықша иіріп әкетті.

Серіктестік құрылған 30 жылға тарта уақыт ішінде компания көлемі ұлғайып, мамандар біліктілігі мен тәжірибесі толығып, материалдық тұрғыда заманауи жетістіктермен барынша жабдық­талған, қызмет көрсетудің жоғары сапасын ұсына алатын мақтаулы мекемеге айналды.

Бүгінде тәуелсіз еліміздің экономика­лық дамуына зор үлесін қосып, негізгі тірекке айналған мұнай саласында «Кезби» серіктестігінің де еңбегі ерен. Ұңғыларды жөндеп, ұңғыма қазып қара алтынның қомақты өндірілуіне мұнайшылармен білек біріктіре қызмет етіп жүрген «кезбиліктердің» іздері Маңғыстау және Атырау даласында сайрап жатыр. «ҚазМұнайГаз» БӨ», «Қарақұдықмұнай», «Қазақтүрікмұнай», «Теңге», «МаңғыстауМұнайГаз», «Кең-Сары», «Ақтау-Транзит», «Мұнай­ФилдСервис», «КаспианОйлГаз», «ТасболатОйлКорпорейшн», «Өзен­МұнайГаз», «ЕмирОйл», «ХазарМұнай», «Шынжыр» сынды ірі мұнай компа­нияларының таңдауына ілігіп, тапсырысы негізінде өндіріс даласында күн-түн демей өз қызметтерін жүзеге асырды. Қай өңірде, қай компаниямен болсын, жасаған жұмысының сапасына сын айтып, мін таққандар болған емес, керісінше тараптар берген жақсы баға – толайым жұмыстарға жол ашып, жақсы істердің жалғасуына сеп болып келеді.

 

 «Кезби»: шеберлік пен сапа мектебі

Қазіргі таңда «Кезби» компания­сы «ӨзенМұнайГаз» АҚ-на өз қыз­мет­терін көрсетіп келеді. Он жылдан бері мұнайлы қаладағы ірі компа­ния­ның талғамына тату оңай емес, ол – тар­тым­дылықты, тиянақтылықты, шеберлік пен біліктілікті қажет етеді. Ал бұл та­лап­тар, алдымен компания басшысы ретінде Бітім Кезбаевтың алдына үлкен міндеттер қоятыны анық.

– Қарапайым мұнайшыдан бастап барлық маманның өз ісіне жетік болуы – басты шарт. Қазір заманның талабы өзгерді, еңбек қол күшіне емес, білім мен білік күшіне негізделді. «Елу жылда ел жаңа» дегендей, біздің көзі­міз көріп, қазанында қайнаған жұ­мыс тәсіліміз, тұтынған құрал-жаб­дықтарымыз толықтай жаңғырып-жа­ңа­рып, автоматты сипатқа ие болды. Бұл – қарапайым жұмысшының өзінен білім­ділікті қажет етеді. Сонымен қатар жұмысты тиімді ұйымдастыру үшін жұ­­мыс­шыларға жағдай жасалу керек, оларға жұмыс істеуге қажетті құрал-сай­мандар жеткілікті болуы тиіс, – дейді Бітім Тәжіғұлұлы.

Кәсіпкерліктің қозғаушы күші – бә­се­келестік, бәсекелестіктің бар болуы жұмыста жақсы нәтижеге қол жет­кізу­ге мүмкіндік береді. Құрылғалы бері бәсекелестік ортада шашасына шаң жуыт­­паған компания талай әріп­тес­те­рі­нің қолы бармай, жүрегі дауала­май тұрған нүктелердегі күрделі жұмыс­тарды сәтті аяқтап шыққан сәттері – се­рік­тестіктің тәжірибе тарихын то­­­лық­тыра түсті. Тәулік бойы «ат үс­тін­де жүретін» жігіттердің жұмыста олақ­тық танытып, олқы түскен жерлері жоқ. Бүгінде Ресейде, Украина мен Ру­мынияда, сондай-ақ Қытайда жасалған бұрғылау қондырғылары мен өзге де қа­жетті асай-мүсейлерді жетік мең­ге­­ріп, бесаспап болып үлгерді. Оның үс­тіне әрбір маманнан алынатын сынақ – жеке жұмысшының өз-өзіне деген жауапкершілігін арттырып, өзіне қояр талабын күшейтуге негіз болды. Ком­паниядағы жүргізушілер мен жұ­мыс­шылар телефонмен қамтамасыз еті­ліп, арнайы JPS құралдарымен жаб­дықталды. Бұл ұтқырлыққа, жұмысты шұғыл ұйымдастыруға, уақыттан ұтыл­мауға тиімді тәсіл десек, заманауи қон­дырғылар және жабдықтармен қару­ланған «кезбиліктер» мұнай өндіруді молайту бағытындағы жаңа жобаларға белсене кірісіп, бел шеше еңбек етуде. Қа­зіргі таңда 35 бригадаға топтасқан 1 100 жұ­­мысшы «Кезби» компаниясы­ның керегесін кең, уығын нық ұстап, тапсырыс берушіні сапалы жұмыспен қуан­тып, бәсекелестен оқ бойы ат озды­рып келеді, ал өз кезегінде «Кезби» компа­ниясы осынша шаңырақтың, яғни 1 100 шаңырақтағы бірнеше мыңдаған адам­ның дастарқанына ас, үстіне киім тауып беріп отырған нәпақа ордасы.

 «Кезби» ЖШС 4 200 метр терең­діктен қазып берген Жетібай аумағын­дағы алты ұңғыма бүгінде Жетібай мұнайының, Маңғыстау мұнайының, Қазақ мұнайының алып қазанына тоқ­таусыз қара алтын құйып тұрған құт­ты нысандарға айналды. Ал әрбір «кез­билік» болса, өз соңдарында қалып жат­қан жұмыстың бедерлі нәтижесіне қуана көз тастап, марқая, жігерлене алға ұм­тылады.

Мамандары мықты «Кезби» бұл ба­ғыттағы жұмысты ұдайы назарда ұстап келеді. Ірі мұнай өндіруші компаниялармен серіктесе қызмет ету «Кезби» жұмысына берілген баға, жүктелген сенім десек, компания басшылығы бұл мерейге шебер әрі қырағы мамандар арқылы қол жеткізе алғандығын жасырмай айтады.

 

Саптан озған саңлақ

Ірі компания құрып, оны зор та­быс­тарға жеткізе басқару, тапсырыс берушінің көңілінен шығатын жұмыс сапасына қол жеткізу, ел арасында мақтаулы мекемеге айналдыру аз жыл­­­дардың жемісі емес және айтуға ғана оңай тірлік. Оның мехнаты мен ма­шақатын компания құрылтайшысы әрі басшысы, кәсіпкерліктің ыстық-суы­ғын бірдей сезініп, қиындығын қа­йыспай көтеріп келе жатқан Бітім Тәжі­ғұл­ұлындай ұғынатын ешкім бол­мас... Жұмысшыларға жалақы аз­дық етіп өкпе-реніш айтып, жұмысқа шық­пай қалған кездер, сондай-ақ тапсырыс беруші мекемелер санының сиреп қалуы сынды кәсіпке тікелей әсер ететін жағдайлардың барлығын Бітім Тәжіғұлұлы өзінің көпті көрген парасат-пайымы, ақыл-сабыры арқасында оң шешіп, жұмысты алға бастырып ке­леді.

– Компанияны әрдайым қол­дап, өзара түсіністікте жұмыс атқа­рып келе жатқан «ҚазМұнайГаз», «МаңғыстауМұнайГаз» және «Өзен­МұнайГаз» компаниясы басшыларына алғысым шексіз. Қазақтың аза­маттары тәуелсіз еліміздің дамуына еңбек етуге міндеттіміз, осы ауыр мін­дет, зор жауап­кершілік жолында бір-бірімізді қолдай білгеніміз – береке, ырыс-ынтымақтың басы, – дейді «Кез­би» компаниясының басшысы Б.Кезбаев.

Бітім Кезбаев кәсіп қуып, күнелтіс айдап, салаға кездейсоқ киліге кеткен жан емес. Қаршадайынан мұнай майданында ысылып, саланың кәнігі маманына айналған оның кәсіпкерлік әлемінде де жетістікке жетуінің бір себебі осында жатыр. Сондай-ақ ол өз әріптестерін әрдайым мақтан тұтып, алдыңғы буын ағаларын құрметпен еске алып отырады.

1946 жылы киелі Маңғыстау топы­рағында туған азамат 17 жасында «Маң­­ғышлақмұнайгазбарлау» тресінде бұр­ғышы көмекшісі болып еңбек жолын бас­тады. Жетібай мен Өзенде кен орындары ашылып, Маңғыстау даласы дүбірге толған 1961 жылдары зор күш өндірісті игеруге қатысты өзгерістер мен қыруар жұмыстарды атқаруға жұмылдырылды. Маңғыстау мұнайын игеру үшін одақ елдерінен – Ресейден, Әзербайжан мен Түрікменстаннан тәжірибелі инженер-техник мамандар шақыртылды. Бұл бір жағынан қазақ жастарының білгір мамандардан саланың қыр-сырына қанығуына жаман болған жоқ, алайда қазақ жас­тарынан маман дайындау қажеттілігін күн тәртібіне шығарды. Екі жыл ішін­де өзінің қабілетімен бұрғышының кө­­мекшісінен 4-дәрежелі бұрғышы кө­мекшісі, 5-дәрежелі бұрғышы болып үлгерген Бітім де арман қуған қазақ жас­тары қатарында В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын үздік оқып, тау-кен инженері мамандығын алып шыққан соң, КазНИИМС зертханасында аға инженер болып еңбек етті. Көп ұзамай Маңғыстауға оралып, «Маңғышлақмұнайгазбарлау» экспедициясы тресінде мұнай және газ барлау ұңғымаларының жоғары дәрежелі бұрғышысы, учаске бастығы, бұрғылау жөніндегі аға инженер, бұрғылау бас­тығы, жылжымалы механикалық колоннада өндірістік-техникалық бөлім бастығы болып еңбек жолынан өтті. «Маңғышлақмұнайгазбарлау» экспедициясында техникалық бөлім инженері болып жүрген жылдары Маңғыстаудың мәртебесін тағы бір асырып, одақ дең­гейінде ел мерейін биіктеткен Қара­жанбас, Қаламқас, Жалғызтөбе мен Сол­түстік Бозашы кен орындарынан мұнай бұрқағының атқылауына куә болып, Маңғыстау мұнайының мақта­ныш­тары Әділ Нұрманов, Санақ Таянов, Сағынбай Қызылұлы, Ғиззат Балмұ­хан­бетовтермен бірге аласапыран жұмыстың нақ ортасында жүрді. Мұнайшы Бітім Тәжіғұлұлының өзге әріптестерінен ерекшелігі – 1977-1980 жылдары «Зарубежгеология» бір­лес­тігінде аға инженер қызметін атқарып жүріп Ауғанстанда қызмет атқаруы еді. Оқ пен от ортасында автоматты асына жүріп еңбек еткен ол жұбайын, шиеттей бала­ларын аман алып шығып, елге оралды.

Маңғыстау мұнайының ашылуы, иге­рілуі – үлкен тақырып. Тақырып аясында сол жылдары еңбек еткен әрбір азаматтың қызметі мен қайратын айрықша ықыласпен айтуға болады. 25 жыл, яғни ширек ғасыр уақыт Маңғыстау бойында Қаражанбас, Қаламқас, Жетібай, Комсомольская, Қолтық, Елемес, Сазтөбе, Нысановская сынды ірі кен орындарының ашылып, іске қосылуына үлесін қосқан Бітім Тәжіғұлұлы Кезбаев – бүгінде Маңғыстаудың ғана емес, елдің айтулы, абыройлы азаматтары санатында. Еңбегінің жемісін, бейнетінің зейнетін көріп, құрмет пен даңққа бөленген мұнай саласының және Ауған соғысының ар­дагері. Қала, облыс, респуб­лика дең­­гейіндегі әртүрлі марапаттарға қол жеткізген Б.Кезбаев халықаралық «Алтын Феникс» сыйлығының иегері, сон­­дай-ақ кәсіпкер ретінде 2009 жылы Еуразия экономика кеңістігіндегі «Үз­дік компания» дипломының иегері, бүкіләлемдік «Миротворец» қайы­рымдылық альянсы «Алтын Жұлдыз» белгісімен, «KazStimOil» симпозиумында «Сала ардагері» және Хрусталь сыйлығымен марапатталып, 2011 жы­лы Францияда Жоғары сапалы қыз­мет көрсету номинациясы бойынша өткен халықаралық байқауда Жан Антуан Шапталь атындағы «Алтын Ме­дальмен», «Алтын Ягуар» халық­аралық сыйлығының лауреаты атағына ие болды.

Мұның бәрі – Б.Кезбаевтың елу жылдан астам ел үшін еткен еңбегінің бағасы. Бірақ Бітім Тәжіғұлұлы үшін кеудесіндегі жарқ-жұрқ еткен орден-ме­дальдар мен самсаған алғыс хат, мақ­тау қағаздардан гөрі ел-жұртының аман­дығы, өсіп-өркендеуі, сондай-ақ хал­қының ықылас-құрметі мен айтар алғы­сы маңызды.

– «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деп Абай ақын айт­қандай, өмірден өз орнымызды тауып, ел ертеңіне еңбек еткен болсақ, одан асқан бақыт бар ма?! Ендігі жерде қазақ жастарының өз орнын табуына, күш-қайратын, білім-білігін тәуелсіз еліміздің ертеңіне жұмсауына мүмкіндігімше көмек бере алсам, сондай-ақ мұнай саласында әлі де білген-жиған тәжірибемді жастарға үйретіп, ел қажетіне жаратсам деймін, – дейді ол.

Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан азаматтарының әлеуметтік мәселелерін шешу, әл-ауқатын арттыру, жұмыспен қамту сынды тапсырмаларын орындауға сөзбен емес, іспен қолдау көрсеткен «Кезби» ЖШС басшысы Б.Кезбаевқа көпшіліктің алғысы аз емес. «Қыран жемін шашып жейді» дегендей, өңірдегі қайырымдылық шараларға, әлеуметтік-мәдени, спорттық шараларға демеушілік қолдау көрсетіп, тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларға көмек қолын соз­ған азамат жасаған жақсылығын санап-тізіп айтып беруді қалаған жоқ. Иә, «жақсылар жақсымын деп айта алмайды» деген халық тәмсіліне тоқтаған біз де «жақсының жақсылығын айту» өзгелердің міндеті екенін біліп, шағын мақалада елдің атпал азаматы Бітім Тәжіғұлұлы болмысына азды-көпті тоқталып өтуге тырыстық.

Биыл 120 жылдық мерейтой биігіне көтерілген Маңғыстау мұнайымен бірге жасап, заман талабына сай кәсіпкер­ліктің тасын өрге домалатқан ардагер ағаның сырбаз мінезі, сыпайы болмысы, іскерлігі мен білігі – қазақ жастарына үлгі, лайым қазақ жастары алдыңғы буын ағалардай болып жетілуін тіледік.

 

Маңғыстау облысы