• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Президент 09 Қыркүйек, 2019

Сындарлы пікір алаңы

832 рет
көрсетілді

Көпшіліктің көкейінде жүрген, көңілін күпті еткен күрделі мәселелер көтерілетін, халықтың озық идеялары мен ұсыныстарын бір арнаға тоғыстыратын алаң – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі. Әуелден билік пен қоғам арасындағы диалогты дамытуға ден қойған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бастамасы азаматтық қоғам қалыптастырудың нақты бір қадамы. Елордадағы Тәуелсіздік сарайында 6 қыркүйек күні Президенттің төрағалығымен қалың бұқараның назарын аударған Ұлттық кеңестің алғашқы отырысы өтті.

 

 

Ел тарихындағы жаңа кезең беле­сі аза­маттық қоғамның іргесін берік ор­­на­тумен тығыз байланысты. Осы­ған баса мән беріп отырған Мем­лекет бас­­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев жа­қын­да жариялаған халыққа Жол­дауын «Сындарлы қоғамдық диа­лог – Қа­зақ­станның тұрақтылығы мен өр­кендеуінің негізі» деп атады. Прези­дент алқалы жиын­ның басында өз Жол­дауында халық­тың талап-тілегі еске­рілгенін, ел­дің алдағы даму бағдарын айқындаған бас­ты құжатта көрсетілген бастамалар­ды осы Ұлттық кеңес шең­берінде пысықтауға және дамытуға болатынын айтты.

– Еліміз үшін осындай сындарлы пікір алмасу алаңы өте қажет. Бүкіл қоғам біздің жұмысымызды жіті ба­қылап отыр. Бәріміз өзекті мәселелерді кеңінен талқылап, нақты ұсыныстарды әзір­леуіміз керек. Президент ретінде тиіс­ті шешімдер қабылдар кезде сол ұсыныстарды қаперде ұстаймын. Ұлттық кеңестегі жұмыс бағытымыз бірқатар оң факторға негізделген. Біріншіден, пікір алуандығы. Бұл кеңесте әртүрлі әлеуметтік және кәсіби топтар, сонымен қатар экономикалық, саяси көзқарастар мен ұстанымдардың кең ауқымды спек­торы шоғырланған. Екіншіден, қоғам­дық диалогты институттау. Біздің жұ­мыла жұмыс істеуіміз үшін барлық жағ­дай жасалған. Үшіншіден, Тұңғыш Пре­зидент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған жаңғыру үдерісін «бір ел, бір халық» болып жалғастыру, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы отан­дас­тарымыздың ел болашағына бейжай қарамайтынын, ашық түрде өз пікірлерін айта бастағанын оң өзгеріске балап, мұның азаматтық қоғам үшін қалыпты жағдай екенін айтты. Осы тұста өзінің ұлықтау рәсімінде «Әр алуан пікір – бір­тұтас ұлт. Шын мәнінде, баламасыз, бастамасыз және белсенділіксіз даму болмайды. Осы үш кит ілгерілеуді қамтамасыз етеді» деп айтқан сөзін негізге алуымыз қажеттігін еске салды.

– Азаматтық белсенділік, ел тағ­дырына деген жауапкершілік, тұрмыс сапасын жақсартуға деген ұмтылыс халқы­мызды алға жетелейді. Осы ұста­ным­дарды басшылыққа алып, еліміз­дің дамуына тың серпін беру – маңызды мін­дет. Кез келген мемлекеттің өз түйт­кілі болады. Алға ілгерілеу үшін қорда­ланған мәселелерді уақтылы шешу керек. Қазіргі саяси, әлеуметтік, экономи­калық және қоғамдық дамудың сипаты айтарлықтай өзгерді. Биылғы сайлау науқаны соны анық көрсетті. Ел өңірінде болып жатқан маңызды өзгерістерге құбылмалы әлемнің де ықпалы зор екенін түсінуіміз қажет. Ұлттық кеңестің басында алдағы жұмыстың өте маңызды тұстарына тоқталып кетейін. Біздің күш-жігеріміз дамуға бағытталуы тиіс, деген Президент өзінің қашанда шектеулі болуға қарсы екенін айтты.

– Біз­ге нә­тижелі жұмыс қашанда керек. Сон­дықтан өзімнің Жолдауымда Қазақ­станның сая­си реформаларының бірден қарыштап алға кетпейтінін, ақылға салып, біртіндеп жү­зеге асырылатынын, дамуға және же­місті жұмысқа бағытталатынын атап өт­тім. Кейде кейбір ұрандар мен үн­деу­лер өте тартымды көрінеді, бірақ олар­дың авторларының ел алдында ешқан­дай жауапкершілігі жоқ. Реформа үшін ре­фор­ма – бұл дағдарысқа бастай­тын жол әрі мемлекетті басқаруды жоғал­туға әкеле­ді. Ешқайсымыздың мұны қала­май­тын­ды­ғымызға сенімдімін. Даму дәйекті әрі үде­мелі болуы тиіс. Сонда ғана біз өзі­міз­дің мемлекеттілікті сақтауға және нығай­туға бағытталған азаматтық әрі саяси бо­ры­шымызды орындаймыз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы жастар мәселесіне де мән беріп, жастардың дүниетанымы қарқынды өзгеріп жатқанын, олардың үлкен технологиялық және саяси өзгерістер дәуірінде өз орындарын табуы маңызды екенін атап өтті. Президент белсенді және алдына мақсат қоя алатын жастардың осындай күрделі заманда аяқтарынан нық тұрып кетуіне мүмкіндік беруге ерекше ықылас танытып отыр. Сондықтан оларға бір кәсіптің көзін табуы үшін жағдай жасалуда. Аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар үшін жоғары оқу орындарында оқуға гранттар бөлініп келеді. Бұған қоса мемлекеттік басқару ісінде жастардың білігін көтеру үшін кадрлық резерв тізімі әзірленіп жатыр.

 

Жер шетелдіктерге сатылмайды

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетіміз үшін маңызды әрі көкейкесті мәселелер жөнінде бірыңғай түсініктің маңызды екенін айтты, сондай-ақ өндірістерді көшіруге қатысты қауесеттерге түсініктеме бере отырып, жердің шетелдік азаматтарға сатылмайтынын тағы да атап өтті.

– Тәуелсіздік пен мемлекеттілік – бұл қастерлі құндылықтарымыз. Билік пен қоғам ең алдымен тәуелсіздікті қорғап, мемлекеттілікті нығайтуға қызмет етеді. Соңғы уақытта жер шетелдіктерге сатылады екен немесе көрші елдің 55 ескі зауыты көшіріледі, мыңдаған шетелдік жұ­мыс­кер тартылады екен деген сияқты түрлі қауесет әңгімелер тарап жүр. Халқымыз мұндай даңғаза әңгімелерге ермеуі қажет. Өздерінің көздеген мақсаттарына жету үшін жұрттың патриоттық сезімдерін өз мүдделері үшін пайдалана білетін адамдар осындай алып-қашпа әңгімелерді шығарып жүр. Биліктің міндеті – қоғаммен диалог жүргізу арқылы мемлекеттік саясаттың мақсатын түсіндіру. Мен жерді ешкімге бермейтінімізді тағы да шегелеп айтқым келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент шетелдік инвестициялар тек қажетті салаларға ғана тартылатынын, онсыз дамушы мемлекеттер өмір сүре алмайтынын айтып, мысал ретінде Жапония, Малайзия, Сингапур, Оңтүстік Корея және тағы басқа елдер ин­вестициялардың арқасында жетістікке қол жеткізгенін келтірді.

– Көптеген саясаткер мен дипломат, сарапшылардың теріс болжамына қара­мастан, Қазақстан мемлекет ретінде ор­нықты. Оған Тұңғыш Президентіміз және бүкіл халқымыз зор еңбек сіңірді. Қазір біз ел тәуелсіздігінің 30 жылдық межесіне жақындап келеміз. Осы маңызды белесте тәуелсіздігіміздің бас­ты құндылықтарын нақты реформалар арқылы бекемдеуіміз керек. Ұлттық келісімнің тағы бір маңызды шарты – озық даму үдерістеріне ашық болу. Теріс жаһандық үрдістерге қарамастан, біз ашық мемлекет болып қаламыз. Қазақстан үздік стандарттар мен озық технологияларды игеру үшін бүкіл әлемге, халықаралық ынтымақтастыққа әрдайым ашық болады. Қазақстан қақтығысқа түсуді емес – бітімгершілікті, кемсітушілікті емес – өзара құрмет пен сыйластықты берік ұс­та­нады. Біздің генетикалық кодымыз­да түйіні тарқатылмайтын түйткіл деген ұғым жоқ. Жауласу мен дауласу хал­қы­мыздың өмір салтына тән емес. Біз әрдайым күрделі мәселені мәмілеге келу ар­қылы шешіп келеміз. Қазіргі сыртқы идео­логияда «халық жауы», «бесінші ко­лон­на», «ықпал ету агенттері» сияқты тү­сін­ік жоқ. Бұл біз үшін жат нәрсе. Біз өз аза­маттарымыздың адалдығы мен пат­риот­тығына нық сенеміз. Ұлттық тұ­тас­тық­тың тағы бір негізі – дамудың де­мо­кра­тиялық үлгісіне бейілділік. Біз, ең ал­ды­мен, мемлекеттілігімізді нығайту мис­сия­сын басшылыққа алып, өзімізге ұтым­ды ұстанымда қалуға тиіспіз, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, алдағы ре­фор­малар, ең алдымен саяси жүйе азамат­тардың мүддесін қорғай алатындай сипатта жүргізілуі тиіс. Басты мақсат өзгеріссіз қалады, ол – мемлекеттің тұрақтылығы. Мем­­лекеттің барлық саласы мен қоғамды мо­дер­низациялау – стратегиялық даму не­гіз­деріне сай, азаматтық қоғамның пікірін талдау арқылы жүзеге асырылады. Ке­лелі кеңесте айқындалған нақты ұсыныс­тар маңызды реформаларға негіз болады.

– Қазақстан дамудың аса маңызды ке­зеңіне қадам басты. Ел болашағы осы кезеңнен абыроймен өтуімізге байланысты. Сайлауалды бағдарламамда мемлекетті дамыту стратегиялық ұстанымдарымды айқындадым. Алдағы бес жылға арналған негізгі бағыттарын атап көрсеттім. Ал­дымызда тұрған міндеттер күрделі, бірақ бәрін де шешуге болады. Менің бар­лық тапсырмаларымды іске асыру жос­пары бекітілді. Ескі проблемаларға жаңаша шешім керек. Қоғамнан келетін озық ұсыныстар мен идеялар сөзсіз қолданылады. Алғашқы ұсыныстар Ұлттық кеңестің ұйымдастырушылық отырыстарында айтылғанын кеңес­шілерімнен біліп отырмын. Мен оларды жіті зерттедім. Ұлттық кеңестің жұ­мысы қоғамдық ке­ңес­терді жаңа белес­ке шығаруы тиіс деген ұсыныспен келі­семін. Азаматтық қо­ғам өкілдерін ұлттық компаниялардың, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың, орталық мемлекеттік органдардың бақылау кеңестеріне енгізу жөніндегі ұсынысты қолдаймын. Бұл ашық болуға, соның ішін­де, қоғамдық назардан тыс қалған квази­мемлекеттік сектордың ашық болуына мүмкіндік береді. Ұлттық кеңестің мүше­лері «Ашық әкімдік» тәжірибесін жап­пай таратуды ұсынып отыр. Шын мәнін­де, бізге басқару мәдениетінің жаңа стан­дартына көшу керек. «Ашық әкімдік» жер­гілікті биліктің қоғам үшін қолжетімді бо­луы­на мүмкіндік береді, халық пен мем­ле­кеттік қызметшілер арасындағы кедергіні жояды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент саяси жүйені жаңғыртуды және кірістердің әділ бөлінуін қамтамасыз етуі тиіс әлеуметтік саясатты қайта қа­рау ісін жалғастыру қажеттігін айтты. Со­нымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлт­тық кеңестің жұмыс тобының аясында Қа­зақстан халқына арналған Жолдауда айтылған бастамаларды егжей-тегжейлі пысықтауды ұсынды.

Зейнетақы қорындағы қаражатты тиімді пайдалану ұсынылды

Ұлттық кеңестің алғашқы отырысында қаралған мәселелер негізінен үш бағыт бойынша баяндалып, әр топтан екі кеңес мүшесі айтар ұсыныстар мен пікірлердің түйінін жеткізді. Оның ішінде саяси-әлеуметтік, әлеуметтік-гуманитарлық және экономикалық топтар әр салаға қатысты тың мәселелерге жіті тоқталып, шешу жолдарын жіпке тізді. Алдымен елдегі экономикалық мәселелердің өзекті тұстарына тоқталған «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры, экономист Рақым Ошақбаев Президент Жолдауында айтылған зейнетақы қорына қосымша 5 пайыз жарна енгізу мәселесін 2023 жылға шегеру турасындағы шешімі аса өзекті екенін жеткізіп, аталған қордың бүгінгі жұмысы нәтиже бермей отырғанын сынға алды. Қолданыстағы үш деңгейлі зейнетақы жүйесінің тиімсіздігін айта келіп, халық қорға сенім артудан қалғанын, оған негіз де жоқ емес екенін айтты.

− Біз үш деңгей бойынша есеп жария­лаймыз, шындығында ондағы ақшаның 92 пайызы бюджеттен келеді. Міндетті жинақтаушы бөлікті алайық, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығындағы оның нақты табысы небәрі 0,09% құ­рай­ды. Бұл цифр басқасын білмеймін, мені қатты таңғалдырды. Төмен рентабель­ділік, қауіптің үдеуі, өз кезегінде салым­шы­­лардың осы зейнетақы жүйесіне деген сенімінің төмендеуіне алып келеді, – деді Р.Ошақбаев. Оның айтуынша, жылына жұ­мыс істейтін 8 млн азаматтың 2,5 миллионы 12 айда 12 рет тұрақты түрде зейнетақы жарнасын аударады, онда да олардың 63 пайызының көрсеткен жалақысы ең төменгі жалақы мөлшерінен де кем.

– Жинақ көлемі де төмен деп ойлай­мын. Мысалы, біздегі 6,6 миллион адам­ның жинағы 1 млн теңгеге дейінгі аралықты қамтиды. Ал 282 мыңнан астам адамның жинағы – 5 миллион теңгеге жетеғабыл. Яғни, 21 жыл ішінде міндетті қаржыландыру элементі сол күйі шындап жұмысқа кіріспеген секілді. Сондықтан біз осы сандарға назар аудартқымыз келеді, – деді сарапшы. Оның сөзінше, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және Ұлттық экономика министрлігімен бі­рігіп, жұмыс тобын құрып, қай жүйе жақ­сы жұмыс істей алатынын сынап-көру ар­қылы жаңа мүмкіндіктерге ұмтылуға тиіс.

− Осы арада мына нәрсеге: «БЖЗҚ» АҚ-тың ашылып кеткен аранына баса назар аударта кеткім келеді. «Тәбеті» жақсы-ақ. Олар жұмыс істеген бір жылдың ішінде зейнетақы активтерін басқармаса да, оны басқардық деп 45 миллиард теңге комиссия сыпырып алған. Бұл комиссиясының жалпы жиынтығы 60 млрд теңгені құрайды. Ал әкімшілік шығындарға деп жыл бо­йына 20 млрд теңге жұмсаған. Бұл жерде қандай әкімшілік шығындар турасында әңгіме болып тұрғаны түсініксіз, − деген Р.Ошақбаев зейнетақы қорындағы ақшаны бір әлеуметтік сақтандыру қорына біріктіру туралы ұсыныс білдірді. Сонымен қатар республикадағы жалпы салықтық және басқа да ауыртпалықты 34%-дан 20-25%-ға дейін азайту керектігін тілге тиек етті. Сөйтіп, бюджет кірісін арттыруға арналған ұсыныстарын білдірді. Экономист бүгінгі теңгенің ахуалына қатысты ойын білдіріп, «инфляциялық таргеттеу» және «еркін өзгермелі айырбас бағамы» деп аталатын елге күмәнді монетарлық эксперимент басталғанына 4 жыл болғанын, бұл уақыт аралығында теңге бағамы 2 есе құнсызданып, долларға шаққандағы 400-ге жақындап қалғанын айтты. Халықтың 70 пайызы девальвация болады деген пікірде екенін назарға алды. Мұның соңы теңгеге деген сенімнің уақыт өткен сайын сейілуіне әкелмес. Ұлттық банк пен Үкімет теңге бағамының қолайлы режімін ен­гі­зуге кіріспес бұрын қазақстандық эконо­мис­тердің де ұсынысы мен ой-пікірін назар­ға алу қажеттігін айтты.

Елдегі экономикалық мәселелерге қатысты тақырыпты тарқатқан экономист Мұхтар Тайжан экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Қазақстан қарыз алған елдердің тізімін жасауды ұсынды. Оның айтуынша, экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бұл бастама бола­шақта маңызды болмақ. Сонымен қатар ел­дің экономикалық тұрғыда тежелуі мем­лекеттің тікелей араласуы салдарынан күр­деленіп отыр. Алдымен елде квази­мемлекеттік немесе мемлекеттік секторды жаппай азайту қажет.

− Әлбетте, бұл өте күрделі үрдіс. Квази­мемлекеттік компаниялар өз-өзін қыс­қартуға қауқарсыз. Сондықтан бұл процесті қоғамдық белсенділер, Ұлттық кеңес мүшелері бақылауға алуы тиіс деп санаймын. Экономикамызда жасанды монополияның салмағы басым. Қай саланы алсақ та, қажет емес монополиялар бар. Олардың бағаны ұстап тұруы салдарынан инфляция жоғары болады. Шағын бизнеске және фирмаларға орын болмайды. Жұмыссыздық көбейеді, − деді кеңес мүшесі. Сонымен қатар пайдаға аспай бос жатқан жерлерді тиімді пайдалану шараларын ұсынды.

 

Ұсыныстардың басты бағыты – елдегі саяси үдерістерді демократияландыру

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұ­мысын жүйелі үйлестіру, қордаланған мә­селелерді жан-жақты қарастыру мақ­сатында кеңес ішінен құрылған екінші жұмыс тобы саяси жаңғыру деп аталды. Сая­си реформаларды кеңінен талқылайтын бұл топқа белгілі саясаттанушылар, заң­гер­лер, сарапшылар – жалпы саны 16 азамат кірді.

Аталған жұмыс тобының атынан сөз сөй­леген екі кісінің бірі – қоғам қайрат­кері, саясаттанушы Айдос Сарым. Ол топ мүшелері алғашқы күннен кеңес жұ­мысына қызу кіріскенін, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы қоғам белсенділерімен кездесу өткізіп, солардың ой-пікірлерін ескере отырып және осы кезге дейін баспасөзде айтылған, түрлі алаңдарда қозғалған көптеген мәселені құжат етіп жинап, түптеп, хатшылыққа тапсырғанын мәлімдеді.

– Еліміздегі саяси реформа деген тақы­рып айтуға оңай болғанымен, іс жүзінде күрделі екені анық. Қазақтың қызыл тіліне салсақ, екі күнде саяси реформа, үш аптада саяси жұмақ орнатуға болатын сияқты. Бірақ ақиқатына келсек, топ ішінде талқы болып, кейбір мәселелерді дауыс беру арқылы шешуге де тура келді. Яғни, қазір ортаға салатын дүниелер – тобымыздың ортақ мәмілесі, компромистік ұсыныстар. Үміт пен күдіктің арасын жалғап, көпшіліктің көңілінен шығу, алаңдаған жұрттың ойлағанын дөп басып, өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай, қиыннан қиыстырып, ұлт пен мемлекеттің даңғыл жолын іздеп, алтын ортаны табу ел мұраты мен болашағын түсінген, ойлаған әрбір азаматтың борышы деп санаймыз. Жалпы осы кезге дейін саяси реформа, саяси модернизация деген тіркестердің сан мәрте сорақы, ұсқынсыз, ұстынсыз бағытқа құрылып, бұрмаланғанын да көрдік. Қоғам қалай әркелкі болса, билік іші де солай біркелкі емес екенін де жақсы түсінеміз. Қоғамның дүйім көпшілігі өзгеріс болса екен деп отырса, билік ішінде осы күніміз – алтын ғасыр, ештеңе өзгермесе екен дей­тін­дер де жоқ емес. Біздің жұмыс – осы екі көзқарастың текетіреске түспей, елді шай­қалтпай, тығырықтан шығудың жолын табу, осыны қоғамға ұсыну, – деді Ай­дос Сарым.

Саяси жаңғыру атты жұмыс тобының өкілі саясатқа қатысты деген барлық заң­ды қарап, олардың саны 22 екеніне көз жеткізгендерін айтты. Алайда ол осы кезге дейінгі барша дау-дамай, саяси үдерістер солардың негізгі ережесін анықтайтын бес-алты заңның төңірегінде топшыланғанын да жоққа шығармады. Ұсыныстардың басты бағыты – елдегі саяси үдерістерді демократияландыру, заңнаманы ұлт мүддесіне сай ырықтандырып, либерализациялау, билік тармақтары арасындағы қарым-қатынастардың теңсіздігін жою, қоғам тынысын ашып, халық пен биліктің арасын жамау.

Аталған топтың тоқталған басты бес заңы мыналар: «Қазақстан Респуб­ли­касында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» 1995 жылдың 17 наурызындағы заңы; 2002 жылдың жазында қабылданып, сан мәрте жамалған «Саяси партиялар туралы» заң; 1999 жылы қабылданып, қырық жамалған «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң; Бағынан соры көп, талай-талай даудың өзегі болған, 1995 жылы қабылданып, соңынан мың құбылған «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заң; «Қазақстан Республикасы Парламенті мен оның депутаттары туралы» заң. Сонымен қатар бұл топ қоғамдық орта мен санада «Жергілікті өзін өзі басқару туралы», «Сот реформасы және пенитенциарлық жүйелерді реформалар туралы» арнайы тұжырымдамалар бірінші кезекте қабылдануы тиіс деп санайды.

– Жоғарыда аталған заңдар қай бағытта өзгеруі тиіс деген сұрақ туындайды. Біздің пікірімізше, бұл заңдар түбегейлі түрде қайта қаралып, заман талабына, жұрт сұранысына сай қайта жазылып, ашық талқыланып, жаңадан қабылдануы керек. Митингілер туралы заң, ең алдымен азаматтардың өз ойын айту-таныту құқықтарын сөзсіз қамтамасыз ету, бейбіт шерулердің түрі, сын-сипатын заң аясында анықтау, қатысушы әрбір тараптың құқықтары мен тыныс-тіршілігін айқындайтын, жиындардың негізінен хабарландыру тәртібімен өткізілуін қамтамасыз ететін, еліміздің халықаралық міндеттемелеріне сай болуы тиіс деп отырмыз. Саяси партиялар туралы заңнама ел азаматтарының саяси мүддесіне сай партияларға бірігіп, өз жұмысын еркін жүргізу құқына сай, оларды құру мен мемлекеттік тіркеуге қатысты шектеулер мен ценздерді жүйелі түрде азайту бағытында қабылдануы тиіс. Еліміздегі «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңнама «бұқаралық ақпарат құралы» дейтін ұғымды дұрыс анықтау, жалған ақпарат ұғымын декриминилизациялау, дау-дамайларды сотқа жеткізбей шешу тұрғысында қабылдануы тиіс деп санаймыз. Қазақстанның сайлау кодексі де сайлау сайын сынға алынып келеді. Біздің ойымызша, алдағы уақытта бұл заңнама Парламент пен мәслихаттарды сайлаудың аралас жүйесіне көшуді, партиялардың Мәжіліске өту табалдырығын төмендету, аудан деңгейіне дейінгі әкімдерді халықтың тікелей сайлауы жүйесіне кө­шуді қамтамасыз ететін өзгерістермен толы­ғуы тиіс. Мұның барлығы да, әрине бір күнде бола қоймас, бірақ осының саты­лық, мерзімдік сатысы, жүйесі мен желі­сін жасақтау, жазып шығуға әбден бола­ды. Парламент депутаттары туралы заң­нама парламенттің атқарушы билік­тен тәуелсіздігін қамтамасыз етуі, парла­менттік оппозицияның қызметіне мүм­кіндік беруі, парламент қызметінің ашық­тығы мен жауапкершілігін арттыру турасында қайта қаралуы тұрғысында өзгеруі керек деп санаймыз, – деді саясаттанушы.

Сонымен қатар Айдос Сарым қоғамдық пікірді зерттей келе, Кеңес мүшелерінің арасында зерттеу жүргізе отыра, мынадай ұсыныстарды қоса ұсынғанды жөн санапты: Қазақстан Республикасы Халықаралық азаматтық және саяси құқықтар туралы пактінің Екінші факультативтік хаттамасын құптап, «өлім жазасы» деген ұғымнан бас тартуы керек. Заңнамаға «Өлім жазасы» деген ұғым орнына «ғұмырлық бас бостандығынан айыру» ұғымы енуі тиіс. Тағы бір мәселе, еліміздің заңнамасындағы 174 бап қайта қаралып, «әлеуметтік, таптық жік салу» деген сияқты ұғымдарға жаңа көзқарас қажет.

Саяси жаңғыру тобынан сөз алған тағы Кеңес мүшесі – қоғам қайраткері, «Қазақ­станның Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Асылбек Қожахметов. Ол Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру бүгінгі күннің талабы екенін, бұл бастама еліміздің дамуына өзіндік үлесін қосатынын атап өтті.

– Азаматтық қоғам партияларға қара­ғанда билікке ұмтылмайды. Азаматтық қоғам биліктің жұмысына бақылау жасай алатын болса, халықтың белсенділігі, өзін өзі басқаруға деген ұмтылысы артар еді. Қоғамдық кеңестің жұмысындағы негізгі мәселелердің бірі – азаматтық қо­ғамды дамытуға жәрдемдесу. Шын мәнінде, бұл бағыт біздің ұлттық кеңестің атауында белгіленіп тұр. Азаматтық қоғам мен қо­ғамдық кеңестер – бірін-бірі то­лық­тырып тұруға негізделген құры­лымдар. Сол уа­қытта қазақстандық қоғам әлде­қайда бел­сенді бола түседі. Мәселен, қа­зір­гі уақытта министрліктер мен облыс­тық, аудандық әкімдіктер жанында 226 қо­ғамдық кеңес жұмыс істейді. Оның 75%-ы – азаматтық қоғам өкілдері. Өкініштісі, ми­нистрліктер мен әкімдіктерде құрылған қоғамдық кеңестер қызметінің мазмұны оларға жүктелген міндеттерге сай келе бермейді. Қоғамдық кеңестер өз әлеуетін барынша іске асыра алмай жатыр, – деді ол.

Асылбек Қожахметов өз сөзінде Ұлттық кеңес қоғамдық кеңестерді шоғырлан­дырушы әрі ынталандырушы құрылым болғандықтан, оның құрылымын әлі де дамыта түсу керек деген пікір білдірді. Осы ретте қоғам қайраткері өңірдің әлеуметтік хал-ахуалын біліп отыру үшін Ұлттық кеңеске қоғамдық сараптамалар қажет екенін айтып, аймақтың және салалық қоғамдық кеңестердің өкілдерін Ұлттық кеңестің жұмысына және жұмысшы топтарына тарту керектігін айтты.

 

Алдағы 25 жылда білім алуға ниеттілер саны азаймақ

Еліміздегі білім беру және еңбек нары­ғына қатысты өткір ұсыныстарын ортаға салған саясаттанушы, «BTS Digital» білім беру орталығының басшысы Сая­сат Нұр­бек білім және жұмыспен қамты­луға қа­тысты мәселелер созылмалы инс­титут­тық проблемаға айналғанын айтады. Оның сө­зінше, Білім және ғылым министрлігі мен Еңбек министрлігі адам капиталын да­мы­туда бірлесіп жұмыс істей алмай отыр.

– Біріншіден, білімге деген сұраныстың сыни салмағы жоқ. Елдегі ІЖӨ-нің құл­ды­рауына, тиімсіз жұмыс орындарының сақ­талуына қарамастан, әлеуметтік жұмыспен қамту жүйесі қалыптасты деп жүрміз. Бұл салалардағы тағы бір түйткілді мә­селе білім беру жүйесінде экономика үшін кадрлар даярланбайды. Оған дәлел, жұмыс берушілердің айтуынша, бітірген түлектердің 91 пайызының практикалық білімі мен дағдысы жоқ, ал диплом иегерлерінің жартысына жуығы мамандық бойынша жұмыс істемейді, − деді саясаттанушы. Оның айтуынша, 25 жылдан кейін бізде көптеген адамдар білім алуды тоқтатады, ал біліктілікті арттыру формалды сипатқа ие болмақ. Бізде жоғары интеллектуалды мамандардың жалақысы мен көлік жүргізушілерінің жалақысы салыстырмалы түрде бірдей деп айтуға болады. Бұл ретте адамның дамуы мен белгілі бір деңгейге жетуі үшін қажетті орта әлі күнге дейін жүйелі қалыптаспаған. Оның сөзінше, бізде еңбектенген жұрттың кедейлік қалыптан арыла алмай отырғаны әлі бәсеңдеген емес. Егер жүргізуші мен дәрігердің жалақысын алса, олардың арасындағы алшақтық 20%-дан аспайды. АҚШ-та бұл 261%, Германияда – 174%, Бразилияда – 172%. Осылайша бізде жоғары білікті мамандықтарға ынталандыру бай­қалмайтынын көруге болады. Нәти­жесінде қарасы қалың халық қауіпсіз, тұрақтылықты, бірақ тиімсіз жалақысы мардымсыз жұмысты таңдайды.

Әлеуметтік саланың ішінде медицина мәселесі аса өзекті. С.Нұрбектің сөзінше, медициналық сақтандыру бойынша тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілмей келеді.

− Жүйесіз атқарылған жұмыстарға қарамастан, келер жылдың басында ме­ди­циналық сақтандыру жүйесі енгізілмек. Бұл жерде жан-жақты ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілген жоқ. Цифрландырудың да берер пайдасы шамалы болды. Мұның соңы халық тарапынан түсінбеушілікке алып келуі мүмкін, – деді саясаттанушы. Саланың кем-кетігін жіпке тізу барысында Денсаулық сақтау министрлігінің ақпарат ашықтығы да сынға ілікті. С.Нұрбектің пікірі медицина саласындағы өзекті мәселелер министрлік төңірегінде ғана талқыланып, өзекті шешімдер қабылдауда қоғам, негізгі медициналық жәрдем алушы халық бей-жай қалады дегенге саяды. Сонымен қатар ол өз сөзінде жоғары, білікті білімі бар талантты, интеллектуалды адамға ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айыра білу үшін тиісті ақпарат, қаржылық сауаттылық жетпесе, оның жоғарыда аталған қарым-қабілеті тиісті деңгейде өмір сүріп, өзін өзі қамтамасыз етуіне мүмкіндік бермейді. Яғни, адамның қалыптасуы, өсуі оның сауаттылығына тәуелді болып отыр. Бұл әлемдік тәжірбиеде дәлелденген үдеріс екенін назарға алды.

Жиында сөз алған қоғам қайраткері, «Қазақ үні» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің президенті Қазыбек Иса қо­ғамдағы ең өзекті тақырып – Мемлекеттік тіл мәселесін көтерді.

− Мемлекет басшысының Жолдауында қазақ тілінің мәртебесі жайында қадап тұрып айтқан болатын. Онда: «Қазақ тілі мемлекет тіл дәрежесіне дейін көтеріліп келеді. Енді оның ұлтаралық қатынас тіліне айналатын уақыты келеді. Бұл үшін барлығымыз жұмыла әрекет етуіміз керек», деген болатын. Мемлекет басшысының мемлекеттік тілге баса назар аударуы елдің ерекше ықыласына ие болып, ұлт зиялылары өз үлесін қосуда, − деді Қ.Иса. Оның айтуынша, қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналуы үшін барлық жерде мемлекеттік тілді міндеттейтін мем­ле­кет­тік тіл туралы заң қабылдануы керек. Ол үшін Ата Заңда мемлекеттік тіл өз мәр­­те­бесін жеке дара иеленуге мүмкіндік бере­тін 7-ші баптың 2-ші тармағы алынуы тиіс.

 

Еліміздің басты байлығы – адам

Жиында саяси-әлеуметтік, гумани­тар­лық және экономикалық мәселелермен қатар өзге де ел назарында жүрген, оңтайлы шешім табуды қажет ететін өткір проблемалар айтылды. Келелі кеңесте сөз сұрап, ортаға ой тастағандар да табылды. Олар – адвокат, «Құқық қорғаушылар» қоғамдық қорының тең құрылтайшысы Айман Омарова, Қазақстан киноматографистер одағының төрағасы, режиссер Ермек Тұр­сынов, қоғам қайраткері Сейдахмет Құт­тықадам, «Ракурс» экономикалық талдау орталығының директоры Ораз Жандосов.

Ұлттық кеңестің мүшелері қоғамдағы қалыс қалған жайттарды атап, ел билігі ес­керусіз қалдырмауы тиіс тұстарға басым­дық берді. Оның ішінде адвокат, «Құқық қор­ғаушылар» қоғамдық қорының тең құ­рыл­тайшысы Айман Омарова сот жүйе­сіне өзгерістер қажет екенін ерекше атап өтті.

− Еліміздің басты байлығы – адам. Адам құқықтарын қорғау мемлекеттің міндеті. Сондықтан құқық қорғау жүйе­сінде бірізділік қалыптастыру үшін бірқатар заңға өзгерістер енгізу керек деп санаймын. Мысалы, «Босқындар» туралы деген заң бойынша босқын мәртебесі берілген адамға Қазақстан Республикасы аумағында тысқары жерлерде жүріп тұруға арналған. Бұл бізде халықаралық стандарттарға сәйкес емес. Тек формалды түрде бар. Сол үшін түбегейлі реформа керек, – деді А.Омарова.

Оның айтуынша, елімізде зорлық-зомбылық әрекеттер өршіп тұр. Бүгінгі күні зорланған 9 баланың ісін қарап жатқан адвокат сол істердің бір-екеуін мысалға келтірді. Сонымен қатар заңдағы 130-шы бапты (жала жабу) толықтай декриминализациялау керектігін айтты. Көп жағдайда бұл баппен істі болғандардың басым көпшілігі журналистер екенін атап, аталған бапты толық қылмыстық сипаттан арылту керектігін жеткізді.

Өз кезегінде режиссер Ермек Тұрсынов мәдениетке деген көзқарасты түбегейлі өзгерту қажет екенін, мәдениетті спорттан бөлек министрлік ету керек екенін баса айтты. Осы тұста ол Димаш Құдайберген мен Ержан Максимнің жетістіктерін ми­нис­трлік өз жұмыстарының нәтижесі сияқ­ты етіп көрсететінін айтып, сынға алды.

– Соңғы жылдары елімізде базарлар, сауда орталықтары, мейманханалар және мешіттер көптеп салынды. Бұл адамдардың тапқан табысын тойға шашады, сосын Құдай үйіне барып, Аллаға шүкіршілік етеді дегенді аңғартады. Біз ұзақ уақыт бойы «алдымен экономика, содан соң саясат» деген ұстаныммен өмір сүрдік. Қазір бәрі керісінше, бірінші – сая­сат, сосын – экономика. Бірақ мен ең алдымен мәдениет болу керек деп санаймын. Бұл қаржы, әлеуметтік, саяси мәдениет, спорт мәдениеті деген сияқты жалғаса береді. Мен мұны адамгершілік тұрғысын айтып отырмын, – деді режиссер.

Ермек Тұрсынов кітап оқып, дұрыс тәрбие көріп өскендер тендерден қаржы жымқырмайтынына, зорлық-зомбылыққа бой ұсынбайтынына, қарызға батпайтынына сенімді. Сондай-ақ ол балалардың дұрыс білім алмайтынына алаңдап, тәрбие құралына айналған телеарналардың бәрі сауық-сайран бағдарламаларына толып кеткеніне қынжылыс білдірді.

Одан кейін «Ракурс» экономикалық талдау орталығының директоры Ораз Жандосов Ұлттық банк шетелдік компа­ния­дағы қаржы активтерін қымбат баға­лауға тапсырыс беретінін айтып, банк сек­торын бағалау нәтижелерін жариялау ұсынды.

− Байқағанымыздай, банк секторында жыл сайын мемлекеттік бюджеттен үлкен шығын әкелетін кезекті проблемаларды көріп отырмыз. Мұны тезірек тоқтату керек. Ұлттық банк қазір активтердің қым­бат бағасына дұрыс тапсырыс берді, шетел­дік фирма оны алдағы бірнеше айда аяқтайды» – деді ол. Оның айтуынша, Қар­жылық қадағалау агенттігін ұлттық банк­тен бөлек ведомство түрінде қайта құру дұрыс шешім болмақ.

Кеңес мүшелері қозғаған қордаланған мәселе мен көкейге қонымды ұсыныстарды байыппен тыңдап болған соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысын қорытындылады.

– Ұлттық кеңес мүшелерінің интел­лектуалдық деңгейі өте жоғары. Сондықтан бүгін өте тиімді, қызықты ұсыныстарды тыңдадық. Жалпы, бұл ұсыныстарды мен қолдаймын. Келешекте амандық болса, бәріміз бір ұжым болып, іске асырамыз деп ойлаймын. Біз үшін ең құнды мақсат-міндет, ұғым – бұл еліміз, мемлекеттілік. Бәріміз Отанымызды сүйеміз. Бірақ жай ұрандар тастамай, нақты қадамдар жасауы­мыз керек. Осында айтылған пікірлердің көбімен келісуге болады. Оларды бір құжатқа жинап, сараптама жасап, тез арада іске асыруымыз керек. Алдағы уақытта осы ортада басқа да азаматтардың сөзіне құлақ түреміз, – деді Президент.

Сөз соңында Мемлекет басшысы әрбір сала бойынша жеке жоспар дайындалатынын, белгіленген мақсаттар өте ауқымды, күрделі екенін айтып, Кеңес мүшелеріне алғысын жеткізді.

 

Орынбек ӨТЕМҰРАТ,

Еркежан АЙТҚАЗЫ