• RUB:
    4.74
  • USD:
    442.05
  • EUR:
    474.14
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Қыркүйек, 2019

Қандастарымыз елге келуге құлықты

535 рет
көрсетілді

Ақпарат ағынын тыңғылықты қадағалап отыратын көзіқарақты оқырманның қаперінде болса керек, интернет желілерінде Моңғолиядан 13 отбасы, яғни 83 қандасымыздың Павлодар облысына көшіп келгені туралы жағымды хабар тарады. Бұл – бірнеше жылдық үзілістен кейін қайта жалғасын тапқан ұйымдасқан көш, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, «Отандастар қоры» секілді құрылымдардың мемлекет есебінен атқарған шарасы еді.

Осы көшті ұйымдастыру қа­мы­мен Моңғолияның Баян-Өл­гий, Қобда аймақтарына сапар кезінде сол жақтағы қан­дастарымызбен әңгіме дүкен құрылып, көш жайына қатысты сыр-сұхбаттар жүргізілді. Соның нә­ти­жесінде алыстағы ағайынның көңілін алаңдатқан көш жайына қатысты бірқатар түйткілдің басы ашылды.

Асылында, бірден басын аша кетерлік жайт, аталған елдің бір­неше ауданын ала қоныстанған қан­дастарымыздың барлығы дер­лік қамшының байлауы келсе өре көшіп, атажұртпен қауышуға аса құлықты. Мұның кеше ғана орын алған бір дәлелі – биылғы шетелдегі қазақ балалары үшін қазақстандық жоғары оқу орындарының дайындық курс­тарына Үкімет тарапынан бө­лінген мың орынға ең көп құжат тапсырған осы Моңғолиядағы жастарымыз екен.

Алайда ел мен жер асу, көш жү­гін алып жүру төңірегінде мемлекеттер тарапынан белгіленген заң, тәртіптер мен тіршіліктің сан алуан қамы ниетке кедергі, қа­дамға тұсау. Көшу, әсіресе өсіп-өнген жерден басқа мекенге қоныс аудару – жаңа өмір жолын бас­таумен тең. Ал Моңғолияда негізінен мал шаруашылығымен айналысатын қандастарымыз ата­жұртқа келген соң жаңа өмір бас­тап қана қой­май, жаңа кәсіпке бет бұрып, бұ­рын саусағының ұшы тиіп көрмеген істермен айна­­­­лысуға мәжбүр. Себебі өткен ғасыр басында моңғол жеріне малымен бір­­ге өре көш түзеген ағайынның бү­­гінгі ұрпағы Қазақстанға кері қа­рай көшерде дүниесін ғана емес, қо­лындағы малын да жаппай сатып кетуі тиіс. Бірінші ке­зекте Ресей ар­­қылы мал айдау­ға не тасымалдауға рұқсат болма­ғандықтан, басқалай амал жоқ. Өкі­ніштісі сол, Моңғолияда жап­­пай сатып кетер малының құ­ны да Қазақстандағы бағамен са­лыс­тырғанда айтуға татымайды. Мәселен, ол жақты бір басы 12-15 мың теңгеге сатылатын уақ малын атажұртқа алып келер шама болса, оның біреуінің құны құрығанда 30 мың теңгеге бір-ақ шығар еді.

Сондықтан да ол жақтағы ағайын ел басшылары мен аға­­­­ларынан көр­шілес Ресей жері арқылы төрт түлік малын атажұртқа қарай тран­зиттік тасымалдауға рұқсат алып берсе деген тілек айтады. Бұл мәселенің ше­шімі моңғолиялық қандастарымыз үшін тіпті өмірлік маңызы бар деу­ге болады. Мекен ғана емес, кә­сіп те ауыстыруға мәжбүр аға­йын аталған жайт оң шешілер бол­­са, арғы жақта айналысқан кә­сі­бін атажұрт топырағында да жал­ғас­тыра берер еді. Алдына жүздеп, мыңдап мал салып үйренген ағайынның бабалар мекеніне төрт тү­лігін қоса алып келіп, оң жамбасына келер кәсібін жалғастыруы – Қазақ­станның мал шаруашылығы мен азық-түлікпен қамтамасыз ету ісіне қомақты үлес болары да сөз­сіз.

Алыстағы ағайынның ойында одан кейінгі қылаң беріп жүрген ке­лесі мәселе – Моңғолияда 9-сынып бітірген, яғни негізгі орта білімі бар, 10-11-сыныптарды оқымаған ұл-қыздарын олар­дың кәмелеттік жасқа толуын күтпей-ақ, Қазақстандағы кә­сіптік техникумдар мен коллед­ждерге қабылдай берсе дейді. Ата-анасына қолғабыс болуы үшін 9-сыныптан кейін мектептен шығарылып алынған бірқатар жас­ толық білім болмаған соң, қай елде болсын, универси­тетке түсу мүмкіндігіне ие емес. Сон­дықтан да аталған категорияға кіретін жастар тым болмаса, атамекенде кәсіпке баулынсын деген ой. Осы мәселе құқықтық жақ­тан шешімін табар болса, көп­­теген отбасы бірінші кезекте ұл­дарын білім емес, кәсіп қуу жолымен Қазақстанға жіберуге да­йын. Алдымен баласы келіп, кәсіп үйренген соң орнығып кетсе, ата-ана­сының да атамекенге ат басын бұрары сөзсіз.

Оның үстіне, Тұңғыш Прези­дент – Елбасы Н.Назарбаевтың өзі де жаппай жоғары оқу орындарына бара берместен, кәсіп үйрену керектігін жиі айтып жүрген жоқ па?! Кәсіптік училищелерге мемлекет есебінен маман дайындауға бө­лінген орындардың игерілмей жатқаны қаншама.

Қандастар көшіне тың серпін беруі мүмкін осы бір мәселені шешуге қатысты ағайынның сапар барысында қолға ұстатқан ашық хаты еліміздегі тиісті орын­­дарға жөнелтілді де. Құқықтық, ұйымдастырушылық жағынан күрделі­лігіне қарамастан, тиіс­­­ті амалдар жасалып, ел ісі­не жа­нашырлық болады деп үмітте­­­­неміз.

Атажұртқа қарай көш бастал­ғалы бері отыз жылға жуықтады. Осы ке­зеңге талдай қарасақ, елді мекендер қатары сиреп, адамы азайған солтүстік облыстарды жа­ңа жұрт ете алатын, осыған құл­қы бар бірден-бір шетелдік қандастарымыз да дәл сол Моңғолиядан екен. Бүгінгі таңда Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қа­зақ­стан облыстарының аудандарына қоныстанып жатқан оралмандардың басым бөлігін моңғолиялық бауыр­ларымыз­ құрайды. Демек, осы елден Қа­зақстанға қарай бет алған көш­тің еліміздегі ішкі миграциясына, халық­тың аумақтарға тарала орналасуына және демографиясына оң әсері бар.

Қарап отырсаңыз, Моңғолияда тұтас отырғанына қарамастан, ол жақ­тағы ағайынның ұлттық болмысын сақтап қалу жағы соңғы бір-екі жылда күрделеніп бара жатқаны байқалады. Ел билігіне батыста білім алған ұлтшыл көз­қарастағы жаңа буын келе бас­тағалы жергілікті сая­сат ауаны өзгеріп, барлық жерде моңғолдану үрдісі қылаң беруде. Тұрғындардың тоқсан пайы­зы қазақ екеніне қарамастан, Баян-Өлгий ауданының өзінде бү­кіл мекеме басшылығына ұлты моң­ғол өкілдер тағайындалып, жұмыс­тағы қатынас тілі моңғолшаға жап­пай ауыстырылуда. Тіпті бір мекемедегі екі қандас қазақ жұ­мыс орнында моңғол тілінде сөй­лесуі тиіс деген тәртіп қалып­тастырылуы да мүмкін дейді.

Бұған қоса, соңғы кезге дейін моң­ғолшаның не екенін білмеген Баян-Өлгийдегі қазақ мектебінің оқу­шылары 2016 жылдан бері белсенді түрде сол тілді бекітілген бағдарлама бойынша жаппай үйрене бастаған. Осы жайдың алда неге алып келеріне алаңдаған сол жақтағы ұлтжанды азаматтар тіпті 2020 жылдан бастап қа­зақ мектептері 6-сыныптан бас­тап түгелдей моңғол тілінде оқы­­тылатынын хабарлауда. Моң­ғолия­ның білім мекемесі бекіткен осы бағ­дар­ламаны іске асыру мақ­сатында қазақ мектептерінің мұғалімдері жап­пай моңғол тілі курстарынан өткі­­зілуде.

Әрине өз тілі мен руханияты­ның қамымен қандай қадам жасаса да, әр мемлекеттің ішкі ісі. Де­ген­мен, Моңғол еліндегі аталған үрдіс белең алып, уақыт өте келе жер­гілікті қандастарымыздың қазақылық болмысынан ажырап қалу қаупі бізді алаңдатуы тиіс.

Қорыта айтқанда, Моң­ғо­лия­дағы ағайын көшуге құлықты, тілі басқаша сайрайтын буын пай­да болмай тұрған кезде барды салып, олардың көштерін көлікті ету қа­жет сияқты. Осы орайда ол жақ­тағы қандастарымыздың ата­жұрт­қа өз күшімен келе алмай, бұл жол­да біз жаққа үмітпен қарайлап отыр­ғандары да баршылық екенін айта кетейік.

Алтай АЛМАТ,Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілі