• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Руханият 23 Қыркүйек, 2019

Ақын тойына дайындық қалай?

679 рет
көрсетілді

2020 жылы еліміз халқы­мыздың біртуар перзенті, ұлы ақын, ойшыл Абай Құнан­бай­ұлының 175 жылдық ме­рей­­тойын кең көлемде атап өтуді жоспарлап отырғаны белгілі. Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаевтың мерейтойды жоғары деңгейде мере­келеу туралы Жарлығы шыққаннан кейін Абай Құнан­бай­ұлының 175 жылдығын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып, өз жұмы­сын бастап кетті.

Ақынның 175 жыл­дық ме­рейтойын өткізуге да­йын­дық барысы жөніндегі жұ­мыс комиссиясы облыста да құрылған болатын. Облыс әкі­мі Даниал Ахметовтің өзі жетекшілік ететін, құрамына өңірдің зиялы қауым өкілдері енген комиссияның кезекті оты­рысы жақында дара тұл­­ға туып-өскен топырақ Абай ауданының орталығы – Қа­р­ауыл ауылында өтіп, ме­рей­­­­тойға қатысты атқары­ла­­­­тын шаралар жан-жақты пысық­талды.

Ақшоқыда музей салынады

Комиссия отырысында қыс­қаша баяндама жасаған аймақ басшысы сөзін осындай жағымды жаңалықпен бастады. «Осында келе жатқа­нымда Сырт Қасқабұлақ пен Ақшоқыға арнайы бұрылдым. Көрдім. Ұлы ақын дүниеге келген Сырт Қасқабұлақ пен ойшылдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлы, оның әулеті, ұрпақтары жерленген Ақшо­қыға абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, сырты қоршалады. Абай ауданы әкімдігі әзір­леген жобаларға тағы да қо­сымша қаржы бөлеміз. Ал Құ­нанбай әулеті жерленген Ақ­шоқыға көңіл бөлмесе бол­майды. Біз мұнда көлемі ор­таша музей саламыз. Жан-жағын жақсылап абаттанды­рамыз. Өйткені, халық ұлы Абайдың түп-тамы­рын, қай­дан шыққанын білуі керек» деді Д.Ахметов.

Орайы келгенде айта кете­йік, осы Сырт Қасқабұлақ пен Ақшоқының мемлекет қамқорлығына алынбай еске­ру­сіз, қараусыз қалып келе жатқанын «Egemen Qazaqstan» бірнеше мәрте көтерген бола­тын. Ел Президенті Қа­сым-Жомарт Тоқаев биыл көк­тем­де, нақтырақ айтсақ, 26 сәуір­де Шығыс Қазақстанға жасаған жұмыс сапарында Семейде зиялы қауым өкіл­дерімен кездескенде: «Ұлы Абайды ұлықтағанда оның әкесі Құнанбайдың ел та­рихындағы еңбегін ұмыт­па­уымыз қажет. Ол – Семейде ғана емес, тұтас қазақ та­ри­­хында өз орны бар тұлға. Оны халқымыз жақсы біледі, қа­дір тұтады. Жас ұрпаққа жақсы үлгі-өнеге болатын іс­ті мен әрқашан қолдаймын. Елбасының «Рухани жаң­ғы­ру» бағдарламасын жү­зе­ге асы­ру үшін біз, шын мә­нін­де, осындай сабақтастық дәстүріне жол ашатын бірегей бастамаларды қолға алуымыз керек» деп облыс әкімдігіне Құнанбай есімін ұлықтауға байланысты тиісті шараларды жүзеге асыруды тапсырған-ды.

Комиссия отырысында об­лыстық Мәдениет бас­қар­масының бұрынғы басшысы Аза­мат Мұхамедчинов мерей­той аясында облыстық, респуб­ли­­калық, халықаралық дең­гейде 330-дан аса іс-ша­ра өт­кізу жоспарланып отыр­ға­нын, қа­зіргі уақытта жалпы сома­сы 880 миллион теңгені құрайтын іс-шаралар жоспары әзірленгенін, бірақ бұл сома алдағы уақытта ұлғаюы мүмкін екендігін жеткізді. Се­­мей қаласы мен Абай ауда­нындағы тарихи-мәдени нысандарды абаттандыруға және жолдарды жөндеуге ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Оның айтуынша, ақын мерейтойы шеңберінде абайтанушы, түркітанушы ғалымдардың қатысуымен халықаралық ғы­­­лыми-тәжірибелік конференция, Жидебайдағы музей кешенінде «Абай – ұлы ойшыл» атты халықаралық суретшілер плэнері, облыс­тың шығармашылық ұжым­дарының Түркия, Ресей, Қы­­­­тай мемлекеттеріне гас­троль­­дік сапарлары ұйым­дас­­­тырылады. Сонымен қа­тар ақын мұраларын насихаттау мақсатында қазақ жә­не орыс тілдерінде қо­йы­лым­­­­дар әзірленіп, еліміздің оқу­­­шыларының қатысуымен «Абай оқулары» байқауы, жас­тар арасында республикалық ақындар айтысы өткізіледі. Ал қазақ күресінен республика­лық турнир, аударыспақ, көк­пар, бәйге секілді ұлттық спорт ойындарын жұртшылық Қа­­­­рауылдағы киіз үйлер қала­шы­­ғында тамашалайтын болады.

Семейдегі Абайдың та­ри­хи-мәдени және әдеби-ме­мориалдық қорық-музе­йі­нің директоры Жандос Әубә­кір Мәдениет және спорт ми­нис­трлігіне бюджеттік өті­нім берілгенін, мерейтой аясында қорық-музейдің бірне­ше нысандары жөнделіп, қай­­­та жаңғыртылатынын, Абай шығармаларының 4 тіл­­­дегі жинағы жарық кө­ре­­ті­нін, еліміздің өзге қа­ла­­ла­рында көрмелер ұйым­дас­ты­рылатынын, Абай-Шәкә­рім кесенесіне «Қазқайтажаң­ғыр­­ту» мекемесі ғылыми рес­таврациялық жұмыстар жүр­гізетінін, сол жерде «Ұлылар мекені» музейі ашылатынын, кесене төңірегі абаттандырылатынын баяндады.

Қарауыл қызу дайындық үстінде

Ұлы Абайдың 150 жылды­ғында негізгі мерейтойлық шаралар аудан орталығы Қа­­­рауылда дүбірлеп өткені бел­гілі. Келесі жылы да солай бо­лары анық. Осы орайда қа­зір Шыңғыстау жұрты үл­кен тойға қызу дайындық үстінде. Қарауылда қарбалас. Жиында сөз алған Абай ауда­нының әкімі Жарқынбек Бай­сабыров аудан жұрты 175 жылдық мерейтойға барынша әзірленіп жатқанын, аудан орталығына ұлы ақынның ең­селі ескерткіші орнатылып, сол жердегі алаң толығымен абаттандырылғанын, Жеңіс саябағы жөндеуден өтіп, 4 ба­тырға бюст қойылғанын, Жи­дебайдағы Абай-Шәкәрім кесенесі Семейдегі Шәкәрім уни­верситетінің көмегімен жа­­­рықтандырылғандығын баян­­­дап, Қарауыл тұрғын­да­ры­ның бір тілегін жеткізді. «Қа­рауылдағы Абай атындағы мек­теп-лицей 476 балаға ар­нал­ған болса да, онда 869 ба­ла оқып жатыр. Ал Қарауыл гимназиясында (137 балаға арналған) 326 бала білім алуда. Қарауыл ауылына тағы бір мектеп керек. Осыған кө­мектессеңіз жақсы болар еді» деді аудан әкімі облыс бас­­шысына. Д.Ахметов ел ті­легі ескерусіз қалмайтынын, бұл мәселе шешімін табатынын жет­кізді.

Жиында Семейден Қар­а­уыл­ға дейінгі жолдың жайы да сөз болды. «Семей-Қарауыл» бағытындағы жол 2017-2019 жылдары 4 миллиард тең­геден астам қаражатқа жөн­делген болатын. Отырыста об­лыстық Жолаушылар көлі­гі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов енді «Семей-Қарауыл» жолынан Се­мейдегі Абай музейіне де­йін­гі 12, Бөріліге дейінгі 4 жә­не Ақшоқыға дейінгі 21 ша­қы­рым жолдарды жөндеу жос­пар­ланып отырғанын тілге тиек етті.

Зиялы қауым өкілдері не деді?

Отырыста комиссия құ­­ра­мына енген зиялы қауым өкіл­дері тарапынан бірнеше ұсы­ныс айтылды. Белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың ие­­­ге­рі Тыныштықбек Әбді­­­­­кә­кім­ұлы той-томалақ, кон­­­ференция, концерттермен шек­телмей абайтануды жо­­ғары деңгейге көтеретін та­­­ғы­лымды-танымдық шара ұйым­­дастыру қажеттігін ал­ға тартты. «Абайтану деген жай ғана тойдың шаруасы емес, бұл – ауқымды ғы­лы­­­ми жұмыс. Абайтануға бір ғасырдан асты десек те, біз Абайды әлі тани алған жоқ­­пыз. «Жалын мен оттан жа­ралған сөз ұғатын қайсың бар» дейді ұлы Абайдың өзі. Осы жалғыз ауыз сөзге әлі жа­уап табылған жоқ. Абайды ақын дейміз. Философ дейміз. Дұрыс. Хакім дейміз. Хакім деген сөздің де байыбына бара алмай жүрміз. Меніңше, Абай хакімнен де биік. Мысалы, қазақта маңдайдың соры бес елі деген сөз бар. Немесе маң­дайдың бағы бес елі дейді. Бес бересі, алты аласы дейді. Бес күндік жалған дейміз. Неге ол бес күндік? Пешене, бес шеше дейміз. Абай осылардың бар­лығын айтты ма? Біз осы мә­­селелерге үңілуіміз керек. Осы мерейтойда абайта­ну­ды бір мысқал болсын жо­­­ғары көтерейікші. Сол үшін Абайды тануға арналған үл­кен байқау ұйымдастырсақ деген тілегім бар» деді ақын. Се­мейлік ғалым, абайтану­шы Асан Омаров ұлы ақынның өлеңдерін оқу челленджімен шектелмей, хакімнің сөзіне үңілсек, соны көпшілікке жет­кізсек, дәрістер оқысақ деді. Сонымен қатар Ақшоқыдағы Құнанбай қорымынан 300 метр жердегі ұлы Абай отыз жыл тұрып, 150 өлеңін шы­­ғарған дөң назардан тыс қал­май, қоршалса деген өті­нішін білдірді. Ал өс­ке­­мен­дік ақын, жазушы, Қа­зақ­стан Жазушылар ода­ғы­ның Шығыс Қазақстан об­лыстық филиалының дирек­торы Әлі­бек Қаңтарбаев «ме­рейтой қарсаңында Шы­ғыс Қазақстан облысы мен Өс­кемен қала­сын Абай деп ата­сақ» деген ұсы­нысын жеткізді.

Шығыс Қазақстан облысы,Абай ауданы, Қарауыл ауылы