• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әдебиет 25 Қыркүйек, 2019

Қалам ұшындағы қасірет

644 рет
көрсетілді

Таяуда елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжанның «Қасірет пен тағдыр» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Жаңа романның желісі социалистік режім құрбандарына айналған Семей өңірі халқының қасіретіне құрылған. Онда шығарманың бас кейіпкері Аяулымның басынан өткен қиын тағдыры баяндалады. Ол атом бомбасы сынағынан жары мен перзентінен, ата-анасынан айырылып, қайғылы да қасіретті күндерді бас­тан кешеді.

Тұсаукесер барысында Алтыншаш Жағанова, Шәрбану Бейсенова, Оразкүл Асанғазы, Шерубай Құрманбайұлы, Көпен Әмірбек сынды зиялы қауым өкіл­дері сөз алып, автордың шығармашы­лы­ғына тоқталды.

«Сәуле бала күнінен ауылдың қызығы мен қиындығын көріп өсті. Мектеп қа­бырғасынан газетке мақала жазып, қаламын ұштады. Көп қаламгер алдымен журналистикаға келіп, кейін жазу­шылыққа бет бұрды. Сәуле қарындасым да осы жолдан өтті. Өлеңге ғашық болып, бірқатар жыр жинағы жарық көрді. Одан кейін ақырын прозаға ойысты. «Үлкен үйдегі үрей», «Жатқа туған бала», «Өгей жүрек» деген кітаптары оқырманның көңілінен шықты. Және осы прозалық жинақтары қазақтың кең даласынан қанат қағып, Еуропаға жол тартты. Швеция мен Германияда тәржімаланды. Қазақ жазушылары арасынан әдеби агентін қалыптастырған бірден-бір қаламгер. Бүгінгі жаңа романы да оқыған жанды терең ойға жетелейді», деді кештің сөз тізгінін ұстаған филология ғылымдарының докторы Уәлихан Қалижан.

Кеш соңында қаламгер Сәуле Досжан романның жазылу оқиғасын баяндап, оған екі жыл уақыт жұмсағанын айтты.