Игі істердің ұйытқысы болып келген Ұлттық академиялық кітапханада Алия Изетбегович музейі мұрындық болуымен қос бірдей келелі жиын өтті. Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің төртінші кеңесі аясында ұйымдастырылған алқалы басқосуда «Президент в крупном плане» фотокөрмесі мен «Фотомонография Алии Изетбеговича» кітабы таныстырылды.
Көрмеге Парламент Мәжілісінің депутаты Асылбек Смағұлов, Босния және Герцеговина Парламенті Халық Палатасының төрағасы Бакир Изетбегович, Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык, Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Мұңалбаева, Қазақстанның Босния және Герцеговинадағы құрметті консулы Амел Диздаревич, Босния Ұлттық музейінің директоры Аднан Жишко және өзге де шығармашылық қауым өкілдері қатысты. Парламент Мәжілісінің депутаты Асылбек Смағұлов қос елдің арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 23 жылдан астам уақыт болғанын, мәртебелі меймандардың бұл жолғы сапары өзара ынтымақтастықты нығайтуда маңызды екенін алға тартты.
– Босния және Герцеговина мемлекеті Қазақстанға халықаралық деңгейде қолдау көрсетіп келеді. Еліміздің 2013 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету кезінде, сондай-ақ 2017-2018 жылдар БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің уақытша мүшесі болуына қолдау көрсетуімен өзге де халықаралық шараларда екі ел ұстанымы әрдайым жарқын үйлесім тауып келеді. Өткен кезеңдерде барлық салада тығыз сауда-экономикалық қарым-қатынас іске асырылуда. Мәдени-гуманитарлық салада да бірқатар маңызды іс-шаралар атқарылып үлгерді. Соның бірі 2018 жылы Сараево қаласында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабының тұсаукесері өткен болатын. Биыл ақпанда түркі мәдениеті және өнерін дамыту жөніндегі халықаралық Түрксой ұйымының бастамасымен Сараево қаласында қызылордалық камералық оркестрдің гала-концерті өтті. Екі ел арасында мемлекетаралық және парламентаралық байланыс өз жалғасын тауып келеді. Бүгін біз Бакир Изетбеговичтің өз әкесі және мемлекеттің негізін қалаған Югос-лавиядағы азамат соғысына тоқтау салған, өзінің ғана емес басқа да жас мемлекеттердің бейбіт өмірге қайта оралуына, қайта түлеуіне ересен еңбек еткен Алия Изетбеговичке арнаған кітаптың тұсаукесерінде кездесіп отырмыз. Екі ел арасындағы байланыс жалғасын таба берсін. Бакир Изетбеговичке саяси қызметімен қоса шығармашылық жұмысында да табыс тілеймін, – деген Асылбек Смағұлов келешекте кітаптың қазақ тіліне аударылып, оқырман жүрегіне жол таба берсін деген сенімін білдірді.
Көрмеге Босния мен Герцеговинаның тұңғыш Президенті Алия Изетбеговичтің адами қасиеттері, оның тағылымы мол тұлға ретіндегі қоғамдағы орнын айшықтайтын дәйексөздермен қоса 40-қа тарта мұрағаттық фотосуреттер көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ ел тағдырының шешуші кезеңдері мен сын сағаттарындағы ұстанымы мен өмір жолы жайында қысқаша дәріс оқылды. Ел тәуелсіздігі жолындағы күресте үлкен рөл атқарған көшбасшының өмір жолындағы ең маңызды тұстары қамтылған. «Өркениетті мемлекет құру жолындағы бостандық пен құқық қағидаларын берік ұстанған Алия Изетбеговичтің өмір жолы қым-қиғаш болды. Коммунистік режім оны 17 жылға бас бостандығынан айырып, өмірінің тоғыз жылын қапаста өткізді. Бір қарағанда, оның ешқандай мүмкіндігі болмағандай көрінер еді. Даналық пен мейірімді, бейбітшілікті ұстын еткен қайраткер жан 2003 жылы дүниеден қайтты. Ол артына төзімді, әділдікті мұра етіп қалдырды. Босния бұл – Балқан түбегіндегі жай ғана мемлекет емес, түрлі дін мен мәдениет өкілдері бейбіт өмір сүретін ел екенін көрсетіп кетті», деген Босния және Герцеговина Парламенті Халық Палатасының төрағасы Бакир Изетбегович көрме қонақтары мен ұйымдастырушы тарапқа айрықша алғыс білдірді.
Көрнекті қайраткер Изетбегович моральдық және этикалық құндылықтарды халықаралық қоғамдастық факторы ретінде саяси биліктің қайнар көзі етті. Архив құжаттары, фотосуреттер мен бейнематериалдар, бірегей қолжазбалар, бәрі де – Босния мен Герцеговина мемлекетінің ертеңін анықтаған оқиғаларды бейнелейді.