Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Біріккен ұлттар ұйымы мен Қазақстан Үкіметінің тұрақты даму саласындағы мақсаттарға қол жеткізу аясындағы ынтымақтастығы нәтижелеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті.
Жиынға БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Норимаса Шимомура, БҰҰ-ның халықты қоныстандыру саласындағы қорының Қазақстандағы өкілі (ЮНФПА), Қырғызстан мен Түрікменстан үшін елдік директоры Джулия Валезе, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілі Якуп Бериш, «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының өкілі Илейн Конкиевич және БҰҰ-ның Қазақстандағы Балалар қорының (ЮНИСЕФ) өкілі Артур ван Дизен қатысты.
Алдымен сөз алған Норимаса Шимомура экология мәселесін жаһандық деңгейде көтерген Нью-Йорктегі БҰҰ Бас ассамблеясының 74-сессиясының мән-маңызына қысқаша тоқталып, оған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысқанын ерекше атап өтті.
– Қазақстан 2015 жылдан бастап Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) орындауға ынталы екендерін көрсетіп келеді. Бүгінде ТДМ-ның 80% межесі Қазақстанның дамуының стратегиялық мемлекеттік құжаттарымен үндестік тапқан. Бұл елде ТДМ-ды үйлестіру жөнінде ұлттық механизм құрылған. Қазақстандағы БҰҰ жүйесі елдің әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуға ұмтылысын қолдайды. Біз бұрынғыдай Тұрақты даму саласындағы жаһандық күн тәртібі Қазақстанға өркендеу жолындағы реформаларын, 2050 жылға дейінгі стратегиясын жүзеге асыруға септігін тигізеді, – деді Н.Шимомура.
ЮНФПА өкілі Джулия Валезе Қазақстанда Жастар жылы белгіленіп, жастардың жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөлініп, жағдай жасалып жатқанын, сондай-ақ келесі жылдың Волонтерлер жылы болып жариялануын осы бағыттағы іс-шаралардың мақсатты жалғасы екенін айтты.
Ал Якуп Бериш БҰҰ Даму бағдарламасы Қазақстанға институционалдық дамыту мен биоалуандықты дамытуға айтарлықтай үлес қосып жатқанын жеткізді. Бұған қоса ол біздің елдің жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасын іске асырып жатқанын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды белсенді жүргізетінін, әкімшілік, мемлекеттік қызмет, құқықтық реформаларды қолға алғанын және Президенттің жастар кадрлық резерві жасақталатынын мәлімдеді.
Сонымен қатар бұл жиында адам құқықтарының қорғалуы, қандай да бір кемсітушілікке жол бермеу, инклюзивті қоғам құру, ана мен бала өлімі туралы кеңінен сөз қозғалды. Мәселен, ЮНИСЕФ өкілі Артур ван Дизен өз сөзінде Қазақстанның басты жетістігінің бірі ретінде бала өлімінің 5 есеге азайғанын атады.