Курчатов қаласында көрнекті қазақстандық ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Ұлттық ядролық орталығының тұңғыш бас директоры Ғаділет Әндиянұлы Батырбековке арналған мемориалдық тақтаның салтанатты ашылуы өтті. Ашылу Қазақстан Республикасының атом саласы қызметкерлерінің күні қарсаңында ұйымдастырылды.
- Ғаділет Әндиянұлы Батырбеков біздің мемлекетіміздің тарихында ұмытылмас із қалдырды. Өз ісінің нағыз шебері бүкіл өмірін отандық ғылымды дамытуға, ядролық реакторлар физикасы мен атом энергетикасының өзекті мәселелерін шешуге арнады. Ғаділет Әндиянұлының өміріндегі ерекше кезең оның Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі болды,- деді ҚР ҰЯО қоғаммен байланыс бөлімінің бастығы Айнұр Ахметова.
Бүгінде әкесінің жолын қуып, Елбасының бастамасымен қолға алынған Ұлттық Ядролық Орталықты басқарып отырған Бас директор Эрлан Батырбековтың айтуынша, әкесі Ғаділет Батырбекова еліміз тәуелсіздік алар тұстағы 1990-жылдардың басындағы ауыр саяси және экономикалық жағдайларға қарамастан Семей сынақ полигонында бұрынғы КСРО-ның әскери-өнеркәсіптік кешенінің ғылыми-техникалық әлеуетін сақтап, ҚР ҰЯО-ның жұмысқа қабілетті құрылымын құра алған.
Осылайша, Қазақстанның салалық ғылыми кәсіпорындарының ғылыми-техникалық әлеуетін біріктіру нәтижесінде атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында бірыңғай ғылыми-техникалық саясатты жүргізу үшін қажетті жағдайлар жасалды. Қазақстан атомды соғыс құралы емес, бейбіт мақсатта пайдаланатындығын дәлелдеген.
Айта кету керек, ҚР ҰЯО атом энергетикасы, радиациялық экология және әлемнің қолданыстағы полигондарындағы ядролық қару сынақтарын бақылау саласында көптеген елдермен ынтымақтастық орталығына айналды. Ғаділет Әндиянұлының басшылығымен алғашқы «Қазақстанда атом энергетикасын дамыту» республикалық нысаналы ғылыми-техникалық бағдарламасы құрылды, Семей және басқа да ядролық полигондардың радиоэкологиялық жағдайын зерделеу, энергетикалық ядролық реакторлардың қауіпсіздігін зерттеу, әлем полигондарындағы ядролық қару сынақтарын бақылау бойынша сейсмикалық станциялар желісін қайта жабдықтау және дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп, құнды нәтижелер қол жеткізілді және басқа да көптеген жұмыстар атқарылды.
Мемориалдық тақта бұрын ҚР Ұлттық ядролық орталығының алғашқы кеңсесі орналасқан Тәуелсіздік көшесіндегі ғимараттың қасбетіне орнатылды. Жиынға ҚР Ұлттық Ядролық Орталығының барлық мамандары, ғалымдары қатысты.
Курчатов
ШҚО