• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 08 Қазан, 2019

Құм көшкінін сексеуіл тоқтатады

2044 рет
көрсетілді

«Тілсіз жауға жаланған, төтеп беріп кеште бұл. Жолды сақтап бораннан, қалды қалың сексеуіл» деген Сырбай Мәуленовтің ғажап жырына арқау болған сексеуіл әзелден құм суырған даладағы жолдың сорабын сақтауға қызмет етіп келе жатқан қайсар өсімдік. Кейінгі кезде пайдалануға берілген «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жолының да құм түтіп жейтін шөлейтті учаскелеріне Аралды құтқару қорымен бірге осы бір өсімтал ағашты егу жоспарланып отыр екен. Бұл асфальт жабындысын күннің ыстығы мен тұзды шаң-тозаңның қонуынан, құм көшінен сақтайтын көрінеді.

Жылына 2,5 мың гектарға егіледі

Иә, сексеуіл ең әуелі көшпенді бабаларымыздың шаңырағына жылу берген, қоламтасы таңға қоздап жататын қызуы өте жоғары ағаш ретінде белгілі. Содан да болар, қазақ қасиет тұтқан сексеуіл ағашы томарын үйінің төбесіне қойып қоятын бір тылсым құрметке де ие. Халқымыз үшін ертеден бағасы бөлек сексеуілдің бүгінгі миссиясы тіптен алабөтен, оны ғаламдық деңгейде қарастыруға болады. Яғни сексеуілдің жаңа ғасырдағы жаңа міндеті – Арал апатының зардабын жеңілдету. Оның үстіне еліміздегі орманды алқаптың жартысы сексеуілдің үлесіне тиесілі болғандықтан аталған өсімдікті сақтап қалудың маңызы зор. Себебі Кеңес өкіметі тарағаннан кейін кәуап әзірлеу, отын ретінде пайдалану үшін сексеуіл орманы Қазақстанда 6 облыста, әсіресе Қызылорда, Алматы, Жамбыл облыстарында көптеп оталды. Ел ішінде «тросовая ломка» аталып кеткен, яғни темір арқанмен жалғанған қос трактормен жүріп өту арқылы отаудың технология­сы сексеуілді түбегейлі құртып жібере жаздаған болатын. Міне, осы оспадар әрекеттердің залалын жою бойынша бүгінде жан-жақты жұмыстар жүргізілуде.

БҰҰ Даму бағдарламасының биоалуантүрлілік бойынша жо­баларының менеджері Тал­­ғат Кертешевтің айтуынша, соңғы 5 жыл көлемінде Ғалам­дық экологиялық қор­дың қолдауымен Арал өңі­ріндегі осы бағыттағы жұмыс­тар негізінен үш бағытта атқа­рылуда. Біріншіден, биоло­гиялық алуантүрлілікті сақтау, екіншіден, жердің тозаңдануына қарсы күрес, үшіншіден, кли­маттың шұғыл өзгерісіне жер­гілікті халық пен экономиканы бейімдеу. Атап айтқанда, Арал теңізінің табаны құрғап қалған аумағында құмның кө­шуін тоқтату үшін 4 гектар жер­ге тұқымбақ салынды. Бұл тұқымбақта өсірілген көшеттер арқылы жылына 2,5 мың гектар Аралдың тұзды табанына сексеуіл егілуде.

«Соңғы ширек ғасырда ке­сілген сексеуіл алқаптарын бір­тіндеп қалпына келтіру қа­жет. Өйткені еліміздің терри­ториясының жартысы шөл және шөлейтті аймақтарға жатады. Ал бұл өңірде тіршілікке пана, қалқа болып тұрған бірден-бір өсімдік – сексеуіл. Сондықтан сексеуіл тұқымбақтарын құру мен сексеуіл орманын қалпына келтіру өте өзекті. Осы орайда біз су арналарының табанын тазартуға да атсалыстық. Ата-ба­баларымыздың мал ша­руа­шы­лығында ауыспалы жайылымды дұрыс пайдалана біл­генінен алатын тағылым мол. Яғни мал ағзасына тұз жетпей тұрғандықтан сек­се­уілдің жапырағымен қорек­тенеді. Қазір барлық мал ауыл маңында бағылады. Себебі алыс­тағы құдықтар істен шық­қан немесе тұруға қажетті ин­фрақұрылым жоқ. Осы орайда малды ауыл маңынан ұзату мақсатында шалғай елді мекендерде күн, жел энергиясы стансаларын орнатып бердік. Шаруа қожалықтарындағы жас буын дәстүрлі ілімнен бейха­бар болғандықтан оларды ауыс­палы жайылым туралы хабардар еттік. Осы арқылы мал тұя­ғының сексеуіл ормандарын шек­тен тыс таптауына жол бер­­­меу қарастырылды», дейді Т.Кертешев.

Бұрын теңіз жағасында тұр­ған Көне Қаратерең, Арал­құм, Ақеспе сынды елді ме­кен­дерді қазір құм басып жатыр. Оны КамАЗ жүк көлігі­мен тазалауға тура келеді. Қы­зылорда об­лы­сының Бөген, Аралқұм, Ал­маты облысының Бақпақты ауыл­дарында мал тұяғы ірге­дегі сексеуіл алқаптарын тоздырып жібергендіктен құм кө­шіп, аталған ауылдардың шет­кі жағындағы үйлерді басып қалатын болған. «Төрт жыл бұ­рын Бақпақты ауылына бар­ғанымызда, ауыл тұрғыны жел соққанда құм шаш пен ауыз тұрмақ, үйдің ішіне де кіріп кететінін айтып шағымданды. Тіпті қоршауының жартысын құм басып қалған екен. Біз оларға құмнан арылудың биологиялық және механикалық түрін үй­реттік. Яғни Түрікменстанда қолданылатын технология бо­йын­ша құмға тұрғызылған қал­қаға ылғал жиналады. Сол араға сексеуіл егіп, өсіруге болады. Қазір Бақпақты мен Нарынқұм ауылдарында бұталар жайқалып өсіп, құм көшін тоқтатты. Яғни мал жайылымының да сексеуіл орманына әсері бар», дейді ол.

2003 жылы барлық орман шаруашылық мекемелері облыс әкімдіктерінің қарамағына берілген болатын. Соңғы 15 жылда әкімдіктердің оларды қалай басқарғаны беймәлім. Осы ретте Т.Кертешев қазір голландиялық компаниямен бірге халықаралық талапқа сәйкес аталған әкім­шілік құрылымның қандай артықшылығы мен кемшілігі барын зерделеуге арналған бір жылдық жобаны қолға ал­ғандарын жеткізді. Осы арқылы Үкіметке ұсыныс енгізілмек.

 Бір түп сексеуіл 4 тонна құмды тоқтатады

Жалпы, Қазақстанда сексеуіл ағашын кесуге 2023 жылға дейін тыйым салынған. Десе де заң талаптарының орындалуымен бірге сексеуіл орманын қалпына келтіру жұмыстары экологиялық акциямен одан әрі бекітіле түс­пек. Мәселен, осы айда Алма­ты қаласында «4 тонналық құм» атты арт-инсталляция қою көз­делген. Себебі бір үйді 4 тонна құм басып қалатын болса, бір түп сексеуіл 4 тонна құмды тоқтата алатын күшке ие. Осы мағынаны білдіретін акцияның Алматыда бастау алуы бекер емес. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері қатысуы күтілген шарада «Жасыл мейрамхана» акциясы жарияланбақ. Бір жылға жоспарланған акция аясында қаладағы мейрамханалар мен дәмханалардың сексеуіл отынын пайдаланбауы, яғни жасыл мекеме ретінде қызмет көр­сетуі қадағаланады. Сондай-ақ аталған акция аясында биыл қараша айында Қызылорда қаласында Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Түрікменстан ел­дері өкілдерінің қатысуымен өтетін конференция­да 21 нау­рыз – Халықаралық орман кү­нін еліміздің бастамасымен Халықаралық сексеуіл күні ретінде жариялау туралы ұсы­ныс енгізу көзделіп отыр. Өйт­кені наурыз айы шөлейтті өңір­лерде сексеуіл отырғызуға ең қолайлы уақыт.

Қайбір жылдары Алматы қаласының өзінде сексеуіл ағашы 600-ден астам сауда нүктесінде сатылатыны анық­талды. Пай­даның көзіне айнал­ған сексеуіл отыны алып ша­һарға жақын орналасқан Бақанас, Мойынқұм далаларынан отап әкелінетін. Бұл бір кездері жұмыссыздық белең алған тұста көптеген отбасылар үшін нәпақаның көзіне айналғаны да рас. Сексеуілге жо­ғары сұраныс табиғи алқап­тар­дың құрып кету қаупін тудырды.

 Экспорттық брендке айналдыруға болады

Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының директоры Зәуреш Әлімбетованың айтуынша, қорық заңдылығы бойынша сексеуіл өсіруге қо­рықта рұқсат берілмейді. Яғни мұнда табиғаттың барлық те­пе-теңдігі сақталады. Десе де, қазір қорық аумағына енген Қасқақұлан учаскесінде Қа­зақ орман шаруашылығы институтының басшылығымен ең әуелгі сексеуіл орманын егу жұмыстары сонау жетпісінші жыл­дары басталған екен. Өйт­кені Арал теңізі табанының кебуі, тұзды шаң болып қалуы те­ңіз табанындағы тұз бен шаңды тоқ­тату амалдарын қарастыруға мәжбүрледі. Яғни Қазақ орман шаруашылығы институтының басшысы Владимир Семенович Кавериннің бастамасымен сек­сеуіл, сарсазан, жыңғыл ағаш­тарын егу басталды. Соның ішінде энергетикалық қуаты, төзімділігі жағынан сексеуілді ерекше атап өтуге болады. Жетпісінші жылдары басталған эксперименталды тәжірибе қазір кеңінен қолданысқа енді. Математикалық есептеулерге сәйкес, Аралдың тұзы түу Арктикаға дейін жетуі ықтимал деген соң, 2003-2004 жылда­ры Дүниежүзілік банктің ауқым­­ды жобасы басталды. Бұл шаң мен тұзды тоқтату үшін сексеуіл ормандарын кө­­бей­ту жобасы болатын. Жо­ба аясында елімізде Семей мен Ертіс ормандарын және Арал­дағы сексеуіл орманын өсіру жұмыстары қолға алынды. Осы жұ­мыс­тардың нәтижесінде сек­сеуіл орманының алқабы едәуір үлкейді.

Қазір бұл іс-қимыл Оң­түстік Ко­реямен бірлескен жо­ба аясында да жалғасын табуда. Корея елі бұған дейін Моңғолия, Қытай елдеріндегі шөлді далаларды жасылдандыру тәжірибелік жұмыстарын жүргізген болатын. Екі ел бас­шыларының мем­лекетаралық ортақ келісімі нәтижесінде бүгінге дейін теңіз табанына 30 мың гектарға жуық алқапқа сексеуіл егілген екен. Биылғы көктемде еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Корея Республикасының Орман шаруашылығы қызметі бірігіп, Қызылорда облысындағы Арал теңізінің кепкен табанына фи­тоорман мелиорациясы жо­ба­сының гранты аясында 5 мың гектар аумаққа сексеуіл отыр­ғызды.

«Бүгінде сексеуіл план­та­ция­ларын өсірушілерге мемлекет тарапынан субсидия беру қарас­тырылған. Кеңес өкіметі кезінде Францияға сек­сеуіл отыны экспорт­талған екен. Қазір де оның таны­малдылығын арттырып, насихатталуын жолға қояр болса, Еуропа, Араб елдеріне тиім­ді түрде экспорттауға болады. Өйткені кез келген адам баласы тамақтанады. Ал сексеуіл шоғына әзірленген кәуәп, стейк сияқты тағамдардың дәмі тіл үйі­ретіні сөзсіз. Сондықтан оны экспорттық бренд ретінде пай­даланудың мүмкіндігі зор» дейді Зәуреш Жансұлтанқызы.

Қорық басшысының айтуын­ша, әзірге Арал өңірінің халқы бұл мәселеге ден қойып отыр­ған жоқ. Барлығы балық аула­у сияқты дайын кәсіппен ай­налысқанды жөн санайды. Ал сексеуілді еккеннен гөрі дайын, өсіп тұрған сексеуіл бұталарын отап, жинап алуға әзір тұрады. Осы психологиядан арылып, өздігінен өсетін, суаруды қажет ете бермейтін, көп шығын талап етпейтін сексеуіл алқаптарын өсіруді халықтық деңгейде жол­ға қоя білсек, оның пайдасы шаш-етектен болар еді, жұмыссыздықтың да алдын алар еді. Бұл Қазақстанның брендіне айналдыруға болатын бастама. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрлігінің алқа отырысында ведомство басшысы да айтты. Қазір қорыққа келген шетелдік қонақтарға да осы мақсаттарымызды жеткізгенде, олар бірден қолдау білдіріп, мақұлдайды. Сонымен бірге сексеуіл өсіп тұрған кезінде де көкпеңбек болып қоршаған ортаға сән береді», деді ол.