Нұр-Сұлтан қаласында Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы академиясы (ХСЖҚА) Тараптар Ассамблеясының VIII отырысының алаңында Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев шетелдік делегациялармен бірқатар екіжақты кездесу өткізді.
Аустрия Ішкі істер министрлігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі директоры Визельталер Андреаспен әңгімелесу барысында жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жұмыс тәжірибесімен бөлісті. Аустрия делегациясының өкілі түрлі елдің пікірімен және озық тәжірибесімен алмасуға алаң ұсынғаны үшін Қазақстан тарапына алғыс білдірді.
В.Андреас Аустрия ішкі істер жүйесінде 2012 жылдан бастап комплаенс қызметі жұмыс істейтінін, 2015 жылдан бастап білім беру және денсаулық сақтау жүйелерінде парасаттылық институтының толық енгізілгенін атап өтті.
Сыбайлас жемқорлықтың превенциясы мәселелері қоғамда, әсіресе жастар арасында сыбайлас жемқорлық көріністеріне «төзбеу» қағидасын насихаттауға назар аударылған. Өз кезегінде, Алик Шпекбаев Қазақстанда да жемқорлықтың превенциясы басымдыққа ие екенін атап өтті. Қоғамдық бақылау, бюджеттің ашықтығы, мемлекеттік органдардың халық алдындағы есептілігі – парасатты қоғам қалыптастырудың негізгі іргетасы ретінде қолданылады.
Корея Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және азаматтық құқықтар жөніндегі комиссиясының төрайымы Ун Чен Пакпен кездесуде тараптар сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат бойынша ынтымақтастықтың жаңа бағыттары мен бірлескен жобаларды жүзеге асырудағы өзара әрекеттестік туралы мәселелерді талқылады. Алик Шпекбаев Қазақстандағы салаға қатысты қабылданып жатқан шаралар туралы хабарлады. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесінде маңызды орын алатынын атап өтті.
Ун Чен Пак ханым Кореядағы сыбайлас жемқорлықпен күрестегі тәжірибемен бөлісті. Атап айтқанда, мемлекеттік органдар арасында парасаттылық рейтингін енгізуді жүргізетін арнайы органның қызметі туралы хабардар етті.
Өз кезегінде А.Шпекбаев Корея Республикасының аталған бағыттағы тәжірибесін зерделеуге және енгізуге қызығушылық танытты.
Малайзия Премьер-министрі кеңсесінің құқықтық мәселелер жөніндегі министрі Кенг Лью Ви бастаған Малайзия делегациясымен болған кездесуде А.Шпекбаев шетелдік әріптестерін биыл Агенттіктің жаңа ережесі мен құрылымының бекітілгені, жаңа – парасаттылық, превенция және серіктестік департаменттерінің құрылғаны туралы хабардар етті. Оның айтуынша, бұл мәселеде Малайзия, Гонконг, Сингапур және Оңтүстік Корея секілді Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің тәжірибелері зерделенді. Кездесу барысында Кенг Лью Ви мырза Малайзияда шетелден активтерді қайтару саясаты жұмыс істейтінін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сот құрылғанын, бұған қоса, елде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары туралы ақпарат берушілерді толық қорғауға бағытталған заң бар екенін мәлімдеді.
Малайзияның басқару, парасаттылық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі Ұлттық орталығының өкілі Мохаммед Абу Касим Малайзияда, атап айтқанда, мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мақсатында қызметкерлерді кәсіби сатылмаушылыққа тестілеу енгізілгенін хабарлады. Сонымен қоса, малайзиялық тарап тәжірибемен барынша толығырақ бөлісу үшін қазақстандық әріптестерін Малайзияға шақырды.
Кувейт Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствосының төрағасы Әлнемаш Абдулрахманмен өткен екіжақты кездесуде А.Шпекбаев Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2015-2025 жылдарға арналған стратегия әзірленіп, оның іске асырылуын атап өтті.
Ә.Абдулрахман Кувейт үкіметі Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы академия қызметіне жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоның жұмысы үш негізгі бағыт бойынша құрылған. Біріншісі, сыбайлас жемқорлық қылмыстардың 12 санаты бойынша азаматтардан сыбайлас құқық бұзушылықтар туралы өтініштер жинау. Екіншісі, арнайы тәуелсіз комиссия құру болса, ал үшіншісі халық пен мемлекеттік қызметшілер арасында парасаттылық сабақтарын өткізу. Барлық аталған алдын алу шаралары ұзақ мерзімді ұлттық стратегияда көрсетілген. Оның қабылдануы арқылы елдегі оң өзгерістер атап өтілді, – деді Ә.Абдулрахман.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастықты дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыруда елдер арасында тәжірибе алмасу үшін үлкен әлеует бар деген ортақ пікірге келді.
Дайындаған
Жолдыбай БАЗАР,
«Egemen Qazaqstan»