• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Руханият 14 Қазан, 2019

«Талтүс» ағылшын тілді оқырманға жол тартты

538 рет
көрсетілді

Соңғы отыз жылда қазақ романы алғаш рет батыс баспасынан жарық көріп, қазақ әдебиетінің көкжиегін кеңейткен жақсы жаңалықтың баршамызды қуантқаны рас. АҚШ-тың Индиана университетіне қарасты Three String Books баспасынан жазушы Таласбек Әсемқұловтың «A Life At Noon» («Талтүс») романы басылып шығып, күні кеше ғана ағылшын тілді оқырманға жол тартты.

Осыған орай елордадағы Ұлт­тық академиялық кітапханада оқырмандармен кездесу ұйым­дастырылып, әдебиетсүйер қа­уым бас қосты. Жиында сөз алған филология ғылымдарының докторы, жазушы Тұрсын Жұртбай сан ғасырлық тарихымен біте қайнасқан асыл қазына – қазақ әдебиетінің әлем әдебиетінің да­му көшіне қосылып жатқанын ай­ғақтар айрықша жаңалық екенін атап өтті.

– Бір күні Талас келіп, «аға мен повесть жазғанмын» дейді. «Шымдан» деген повесть. Енді күйші ғой, деп өзімше оқып едім, айналдырған екі-үш сағаттың ішінде оқып шықтым. Қолды қойып, «Жұлдызға» жібердім. Ал «Талтүс» «Шымданнан» бұ­рын жазуға тиісті дүниесі еді. Отыз­­дың ортасына келгенде жазды. Кетбұғаның ұлы аңсары бар, мұнда Таластың өзінің аңсары бар. Біздің де бозбалалардың кө­кейінде ұлы бабалардың аң­сары өмір сүріп жатқандығын білдірер сағыныш бар, – деген ғалым қазақ халқының шынайы еркіндік  рухы мен азаттық идея­сы жолындағы күресінің тарихи шындық тұрғысынан сараланып жазылған шығарманың өзге тілге аударылуы өзара мәдени ал­ма­суға ықпал ететінін жеткізді.

Таласбек Әсемқұловтың атал­­ған еңбегі Біріккен Ұлттар Ұйы­­мының алты тіліне аударылып, былтыр желтоқсан айында баспаға тапсырылған. Кітап орыс, ағылшын, француз, испан, қытай және араб тілдеріне тәржімаланған. Жазушының жары, мәдениеттанушы, аудармашы Зира Наурызбаева кітап ауда­ру ісі жедел іске асырылғанын, әзірлік жұмыстарына этномузыкатану ғылымдарының кандидаты Раушан Жұманиязова, жазушы Лилия Калаус, музыкатану магистрі Рүстем Нүр­кенов сынды жазушының бірқа­тар шәкірттері де көп көмек көр­сеткенін айтты.

– Бұл өте қиын жоба болды. Роман тілі қарапайым бол­ғанымен, мағынасы өте терең. Мен үшін үлкен мектеп болды. Жазушының қасында 18 жыл өмір сүрсем де, көп нәрсені естіп, білсем де, аудармасы ерекше көне сөздерді Таластың шәкірттерімен ақылдаса отырып жасадым. Уақыт тар болғандықтан Еуропа тілдеріне менің орысша аудармамнан тәржімаланды. Ал араб және қытай тіліне Дина Есенжан мен Гүлжан Ахметбек тікелей аударды. Аудармашылардың мық­тылығының арқасында уа­қы­тында үлгердік. Франция, Испания мен Ұлыбритания ел­деріндегі оқырмандар тарапынан алғыс естіп жатырмыз, – дейді жазушының жары. Аталған баспа авторға мұрагерлік қаламақы, са­тылған кітаптың үстеме пайызын төлейді. Қазіргі уақытта кітап әлем бойынша электронды ком­мерцияның ірі нарығы саналатын платформа Amazon.com сайтында сатылымға шықты.

Романды ағылшын тіліне аударған аудармашы Шелли Фейервезер-Вега «Талтүсті» тәр­­жімалау өзі үшін үлкен мәр­тебе екенін айтады. «Аталған шығарманы аударып шығу туралы ұсыныс түскенде-ақ барымды салып аудару керектігін ұқтым, бұл дұрыс шешім де болды. Кітапты оқып шығып, аударма жұмыстарын бастағанымда түп­нұсқаның дәл жеткізілуі ғана емес, ерекшелігін ескере отырып, еркін жеткізілу тиіс екендігін ұқтым. Ағылшын тілді оқырман қауым үшін өте таңсық, ерекше шығарма деп білемін. Шығармада халық басындағы қиын-қыстау кезең ағылшын тіл­ді оқырманға шын мәнісінде не болғанын, қалай болғанын түсіндіріп қана қоймай, терең ойландыратын оқиғаларға толы», дейді шетелдік аудармашы.