Тектілердің талбесігі, құрсағы құтты Маңғыстау даласы даңқы дәуірлеп, есімі елдің есінде сақталған қайраткер ұлының 80 жылдығын атап өтті. Асылын ардақтай білер ағайын арысының арада жоғын өкініш еткенмен, оның еңбегі мен шығармаларын дәріптеуді, өзі жоқ болса да шығар жасын атап өтуді парыз санапты. Жалпы, Маңғыстауда Әбіш тойы басталғалы көп болды және оның қамтылу ауқымы да орасан. Мектеп-колледждердегі түрлі байқаулар, ауыл өнерпаздарының сахналық қойылымдар байқаулары, спорттық жарыстар әрбір аудан, қалаларда, әртүрлі ұйымдарда өткізілді.
«Алаш жұртының абызы» және «Әлем әдебиетінің Әбіші» атанған көрнекті тұлғаның туған жеріндегі негізгі шарасы – Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қатысып, ескерткішті өз қолымен ашқан Ә.Кекілбай атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі жаңа ғимаратының іске қосылуымен басталды.
Музейдің ашылуынан кейінгі салтанат Ақтау қаласындағы Абай атындағы мәдениет үйінде жалғасын тапты. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары Б.Сапарбаев, Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмов, еліміздің әр түкпірінен келген ел ағалары, Әбіш ағаның замандастары, әріптестері, қабырғалы қаламгерлер мен өнер тарландары, ғалымдар, жұртшылық өкілдері қатысты.
Айтыскер ақын М.Қосымбайдың Ә.Кекілбаевқа арналған «Арнаумен» басталған кеште Премьер-Министрдің орынбасары Б.Сапарбаев Елбасы Н.Назарбаевтың құттықтау хатын оқып, табыстады.
Аймақ басшысы С.Трұмов заңғар жазушының азаматтық болмысы мен ақыл-ой тұнған шығармалары халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа ұласар рухани байлығы екендігін, Маңғыстауда басталған жазушы тойының тұтас ел үшін маңызды екендігін атап өтті.
– Әбіш Кекілбайұлы көрнекті мемлекет қайраткері ретінде егемен еліміздің өсіп-өркендеуіне бар күш-қажырын сарп етті. Қазақстан Парламентінің Төрағасы, Мемлекеттік хатшы, Президент кеңесшісі, Сенатор қызметін лайықты атқарды. Тәуелсіздікті баянды ету жолындағы табанды күресіне тарих куә.Тұңғыш Президент жанында ұзақ жылдар бойы қызмет етті. Сындарлы саяси қызметте сенімді серігі, күрмеулі кезеңде данагөй кеңесшісі бола білді. Елбасының сарабдал саясатын жүзеге асыруда аянып қалмады. Тәуелсіздікті алған тұста кесек ой, астарлы пікір білдіріп, тың түйін жасауға ұмтылды. Қоғам мен қауымды толғандырған келелі мәселелер жөнінде кең толғап, адал сөйледі. Заманның ең бір қиын тұстарында халық мүддесі үшін күресуден жасқанбайтын мінезін танытты. Өмірдің бар кезеңінде адамгершілік туын биік ұстап, ар-ожданға қылау түсірмей адал қызмет етті. Әбіш ағаның елдікті нығайту жолындағы еңселі еңбегі Елбасы тарапынан жоғары бағаланып, тәуелсіз Қазақстанның Еңбек Ері атанды. Біздің көздегеніміз – Әбіш Кекілбайұлының бай әдеби мұрасын ізгі ұрпақ өкілдеріне насихаттау, ой-санасына сіңіру. Өскелең буын өрелі ой мен өсиет сөзге ден қойып, өнеге-тағылым тұнығынан сусындап өссе дейміз. Қазақ көркем әдебиетінің аса ірі қайраткері Әбіш Кекілбайұлының рухани мол мұрасы қанша заман алмасса да өз құндылығын жоғалтпайды. Ал ұлт мәртебесіне айналған ұлы суреткердің бір дәуірге тұрарлық мазмұны терең туындыларын атадан-балаға, ұрпақтан-ұрпаққа аманат ету – азаматтық парызымыз, деді Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмов.
Жиында жазушы Т.Әбдікұлы және ақын Е.Раушанов құттықтау сөз алып, Әбіш туралы естеліктерін ортаға салды.
Мерейтой мінберінде – ғалымдар мен ардагерлер алқасы
Әбіш мерейтойы аясындағы шара «Достық» үйінде әдебиет және өнер қайраткерлерінің Халықаралық конгресімен жалғасын тапты. Маңғыстау облысының әкімдігі мен Ш.Есенов атындағы КМТжИУ бірлесе өткізген шараға әлемнің әр түкпірінен келген әдебиеттану, тіл білімі, тарих, философия, педагогика, психология, әлеуметтану, саясаттану секілді гуманитарлық сала мамандары, мемлекет және қоғам қайраткерлері мен ғалым-зерттеушілер қатысты. Мәжіліс депутаты, филология ғылымдарының докторы С.Абдрахманов тізгінін қолына алған пленарлық мәжіліс Ә.Кекілбаев шығармашылығының әлемдік көркем кеңістіктегі орны мен оның адамзаттың рухани дамуына өзіндік ықпалын адамтану және жаратылыс концепциясы контексінде зерделеу, оны әлемдік ғылыми айналымға енгізудің тетіктерін талдап, талқылауды мақсат етті.
Алғашқы болып сөз алған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Б.Сапарбаев Ә.Кекілбаевтың ғарыштық ойлау жүйесінің, дариядай шексіз білімді болуының, есте сақтау қабілетінің керемет құпиясын ашу үшін бүгінгі күннің қарымды зерттеушілері жабыла кірісу керек екенін айтты.
Сондай-ақ Парламент депутаты Қ.Сұлтанов Әбіш болмысы туралы ой қозғап, Конгресс жұмысына сәттілік тіледі.
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұ.Есдәулет «Ә.Кекілбаев және қазіргі қазақ әдебиеті», жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Т.Әбдік «Кекілбаевтың тұлға ретінде қазақ руханиятындағы орны», жазушы, драматург А.Ким «Тағдыр мен әдебиеттің жолдарында Әбекеңмен кездесулеріміз» тақырыптарында, сондай-ақ Eotvos Lorand атындағы Мемлекеттік университетінің және Лакителек ұлттық институты шығыстану бөлімінің лекторы, профессор, О.Мандоки «Қазақ-мадияр әдеби байланыстары тарихындағы жазушы Кекілбаевтың орны», Түркия Республикасы Кастамону университетінің профессоры, доктор Орхан Сөйлемез «Ә.Кекілбайұлының саяси-әлуметтік қызметі: тәуелсіздікке шыққан жол», С.Абдрахманов «Әбіш – мәдениеттанушы», ақын С.Нұржан «Ә.Кекілбаевтың рухани әлемі», Ш.Есенов атындағы КМТжИУ профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Ә.Қабылов «Кекілбаевтың суреткерлік феномені: парасат пен пайым» тақырыптарында баяндамалар жасады.
Әбіш шығармалары, оның қаламгерлік қуаты мен шеберлігі, азаматтық-қайраткерлік болмысы терең зерттеуді қажет етеді. Жазушы шығармаларын зерттеп-зерделеу арқылы біз өткенді танып, ертеңді тәрбиелейміз, ұрпақ және ұлт тәрбиесіне қажетті тағылымды мағлұмат аламыз. Конгресс – әбіштану үрдісіне салынған алғашқы жол деуге болады, Әбішке қатысты терең де ауқымды жұмыстар бір шара, бір конгресс аясында тоқтап қалмай, жалғасын таба береді деген ойдамыз.
Ә.Кекілбаевтың 80 жылдығы аясында ұйымдастырылған шаралардың бірі – республикалық Ардагерлер кеңесінің көшпелі отырысы. Орталық кеңестің төрағасы Б.Ізмұхамбетов бастаған ел ардагерлері абыз жазушының шығармаларын жастарға кеңінен насихаттау туралы сөз қозғады.
Өңірлерден келген ақсақалдар алқасы мен ардагерлер кеңесінің төрағалары Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын талқылады. Ақсақалдар кеңесі жастарға рухани тәрбие беру, әлеуметтік мәселелер, кеңестің бұқара халықпен байланысы сынды мәселелерге тоқталып, сөз соңында аймақтарды бір-бірінен тәжірибе алмасуға шақырды. Семинар барысында Әбіш Кекілбаевтың қайталанбас қолтаңбасы қазақ әдебиетінің ғана емес, әлем әдебиетінің қазынасына айналып, көсемсөз шеберінің шығармашылығы бойынша терең насихаттар жүргізу – келешек буын мен ел ағалары алдындағы маңызды міндет екені, жазушының ұрпаққа қалдырған баға жетпес мұралары сараланып, насихатталуы қажеттігі сөз болды.
Сахнада жалғасқан өмір
Н.Жантөрин атындағы драма театр өнерсүйер жандарға лық толды. Алқалаған әлеумет алдында халықаралық «ABISH ALEMI» фестивалі ашылды. Қазақстанның Еңбек Ері, халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың шығармаларын насихаттауға арналған алғашқы театр фестивалі 2016 жылы желтоқсан айында республикалық деңгейде өтіп, оған республикамыздың аймақтарынан алты театр және Ресейден Ноғай театры қатысқан болатын. Биыл жазушының 80 жылдығына арналып халықаралық деңгейде шымылдығын түрген шара Маңғыстау облысы әкімдігінің құрылтайшылығымен, Мәдениет және спорт министрлігінің, ТҮРКСОЙ-дың қолдауымен өтті.
Фестивальге Армениядан, Грузиядан, Әзербайжаннан, Ираннан, Өзбекстан мен Тәжікстаннан, Түркия мен Түрікменстаннан, сондай-ақ Қазақстаннан М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театры, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық драма театры және Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық драма театры әртістері қатысты.
Сахна саңлағы Асанәлі Әшімов бастаған «Алтын қалам» сыйлығының лауреаты И.Исрафилов, Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының қоюшы режиссері С.Қажымұратов, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі Е.Жуасбек, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Н.Өтеуіл, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ә.Ахметов, Маңғыстау облысының «Жыл адамы – 2016» номинациясының иегері М.Өмірәлиев енген қазылар алқасы сахна шеберлерін анықтайды.
Аймақ басшысының айтуынша, халықаралық «ABISH ALEMI» фестивалі енді екі жылда бір рет өткізіліп тұратын дәсүрлі сипатқа ие болмақ. Ал Н.Жантөрин атындағы облыстық-музыкалық драма театрының директоры Н.Мұханов Әбіштің классикалық көркем шығармаларының сахналанғаны, оның ішінде өзге тілдерге аударылғаны тым аз болғандықтан сайыскерлерге биылғы фестивальге өз репертуарындағы ұлттық және классикалық қойылымдармен қатысуға рұқсат етілгенін айтты. «Болашақта Әбекең шығармаларын ұлттық және шетелдердің сахналарында сөйлетуге жан-жақты дайындық жүргізіледі деп ойлаймын. Бұл ретте жалғыз біздің театр ғана емес, Әбіш ағаның әдеби мұрасына жанашыр қаламгер әріптестері, басқа да ынталы зиялы қауым белсене атсалысуы тиіс, деген еді ол.
Тойдан туған жері де тыс қалмады
Есімі әлемге танылған жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойы туған жерінде де кең көлемде аталып өтті.
Жазушының туған ауылына жиналған қонақтар «Ай-Ана» ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. «Ай-Ана» мемориалды кешені ел тілегін тілеген аналардың құрметіне, Ұлы Отан соғысына аттанып оралмаған жарларын күткен әйелдердің символикалық бейнесі ретінде, Әбіштей дананы дүниеге әкелген Айсәуле анаға арнап тұрғызылған.
Меймандар Әбіш оқыған Онды орта мектебінде болып, білім ошағының тарихымен танысты. Арнайы ұйымдастырылған танымдық шараларды тамашалады. Аталған мектепте жыл сайын республикалық Әбіш оқулары байқаулары өткізіліп тұрады.
Мерекелік шаралар аудан орталығы Шетпе ауылында жалғасты. Орталық алаңға «Әбіш ауылы» киіз үй қалашығы бой түзеді. Қаз-қатар тігілген киіз үйлерде аудан тұрғындары мен қонақтар астан дәм татып, концерттік бағдарламаны тамашалады.
Шара барысында Әбіш шығармашылығына арналған облыстық байқаулардың жеңімпаздары марапатталып, бірқатарына аймақ басшысы атынан біржолғы шәкіртақы берілді, сондай-ақ Маңғыстау ауданында өткен «Сөз бен саз» бағдарламасында Қазақстанның әр аймағынан жиналған сазгерлердің Әбіш пен Фаризаға арнап шығарған әндері шырқалды.
Маңғыстау облыстық филармониясы әртістері көпшілікке әсерлі концерт сыйлады, концертте Әбіштің «Махамбет толғау», «Қаратау», «Құз басында құлжа тұр» сияқты өлеңдері мақам сазбен әдіптеліп, жыр түрінде ұсынылды, арнайы жазылған әндер орындалды.
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ демеушілігімен өткен жазба ақындар мүшайрасында ақын Ж.Демесін «Әбіштің ауылдан аттануы» өлеңімен 1-орынды иеленіп, 250 мың теңге жүлдеге қол жеткізді.
Бірнеше күнге ұласқан шара – өткенге тағзым, бүгінгіге тағылым тойы болды.
Маңғыстау облысы