Әдебиеттің салқар көшіне ілесіп, таланты мен қабілетін қаламына қатар түсірген жазушы бағзыдан бері қанша уақыт сарқылса да есті оқырманның ойында һәм жүрегінде қалады. Бұл хат танитын бәріміздің іштей ғана біліп, мойындайтын шындығымыз. Бір-бірінің көңілін тапқан оқырман мен автор да табиғаттары тым бөлек жандар емес. Оған дәлел: қазақтың бұрынғы баба, би тілінің құнарын сақтап қалған жазушының бірегейі, қара сөзден құйын тұрғызған Рахымжан Отарбаевты оқушылардың дені рухты һәм мінезді келеді. Әлқисса, «шағын әңгімелерінде үлкен ой айта алатын кесек жазушы» Рахымжан Отарбаев творчествосынан игі бір істің cүйінші хабарын құлағымыз шалды.
Мәскеу қаласында жазушы, драматург Рахымжан Отарбаевтың екі томдығы таяуда ғана «Художественная литература» баспасының бас редакторы Георгий Пряхиннің аудармасымен орыс тілінде жарық көрді. Журналистер үйінде өткен «Шыңғыс ханның көз жасы» және «Бас» шығармаларының тұсаукесеріне мәскеулік жазушылар мен әдебиетшілер, Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің өкілдері және жазушының ұлы Ермерей Отарбаев қатысты. «Восточный экспресс» баспасынан шыққан қос томдық Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің қолдауымен шығарылып отыр.
Әдеби кештің алғашқы сөзін алған «Художественная литература» баспасының бас редакторы Георгий Пряхин Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетовке кітаптың жарыққа шығуына ұйытқы болғаны үшін алғысын білдірді.
«Рахымжан Отарбаев бізге Қазақстанды жаңа қырынан танытты. Мен оның шығармаларын оқи бастағанда тарихы тереңге бойлаған, миф пен мистикадан тамыр тартатын мүлдем басқа Қазақстанды көрдім», деді Г.Пряхин. «Кітаптарында ұтқыр мақал-мәтелдер жиі ұшырасады. Оның болмысы ғана асау емес, жазу стилі де асау», – деп ойын тарқатты.
Г.Пряхин Р.Отарбаевтың шығармашылығымен мәскеулік оқырмандар жақсы таныс екенін атап өтті. Бұдан бұрын «Шыңғыс ханның көз жасы» хикаяты «Роман-газета», «Юность», «Литературная газета» басылымдарында жарияланған. Отарбаевтың туған жеріне барған сапарын ерекше сағынышпен еске алған аударма авторы Батыс Қазақстанның тылсым табиғаты мен Орал өзенінің жағасындағы пейзажды тебірене отырып жеткізді. «Рахымжан – өз елін ерекше сүйетін дана адам. Меніңше, ол әрқайсымыздың көзкөрген танысымыз емес, орыс халқының досы», деп сөзін түйіндеді Г.Пряхин.
«Роман-газета» журналының бас редакторы Юрий Козлов Рахымжан Отарбаевтың жинағында ұлт мінезін байқағанын тілге тиек етті. «Рахымжан өте ашық мінезді еді. Онымен әңгімелескен кез келген адамның оған қызығушылығы ауып отырады. Ол әрқашан басқаларды түсінуге тырысты, – деді Ю.Козлов. – Отарбаевтың шығармашылық еңбегі бір әдебиеттің көлеміне сыймады, оның кеңістігі анағұрлым үлкен. Шығармаларының ғұмыры мәңгілік боларына сенімім кәміл. Міне, бұл Рахымжанның болмысы мен өмірінің ақтауы іспетті».
Қазақстанның Ресейдегі елшілігіндегі кеңесші уәкіл Жанар Колбачаева халықтар арасындағы мәдени һәм әдеби өмірдің байланысын сөз ете келе: «Кітап дүкендерінде ұлттық әдебиетке деген қызығушылық бар. Халық басқа елдің мәдениетін білгісі келеді. Осы тұрғыда бүгінгі алғаш рет жарыққа шыққан қос томдық мәдени құбылыстың жарқын бір үлгісін көрсеткендей», деп атап өтті.
Қазақ жазушысының Мәскеуде жарық көрген қос томдығы хақында ойда қалған азды-көпті сұрақтарымызды қаламгердің ұлы Ермерей Отарбаевқа жолдаған едік.
– Екі томдықты орыс тіліне аударуға ұсыныс кімнен болды?
– Екі томдығын әкем өзі дайындап кетті. Аудартып, баспаға дайын етіп, Мәскеудегі агенті, досы Г.В.Пряхинге табыстаған еді. Қос томдығы шығар алдында өмірден өтті.
–Аударма жұмыстары қашан басталды? Қанша уақыт кетті?
– Аударма жұмысын өзі қадағалады. Атырауда жолма-жол аударма жасатып, Алматыдан Халиолла деген аудармашыны көшіртіп алдырып, жағдайын жасап, көркем аудармасын жасатты. Әкем соңғы жылдары қатты асығыс режімде жұмыс істеді. Айналасын да солай дөңгелентті. Білуімше, жылдың үстінде уақыт кетті.
– Қанша данамен шықты?
– Ресми 500 дана. Олар әлемдік нарыққа көшіп кеткен ғой. Кітап өтсе, қайта басып шығара береді.
– Бұл жазушының орыс тіліндегі нешінші кітабы?
– Әкемнің бұған дейін «Художественная литература» баспасынан 2 кітабы шыққан. Елімізде де орыс тіліндегі кітаптары басылып, тез таралды.
– Аударма қай деңгейде жасалды деп ойлайсыз?
– Аударма өте жақсы деңгейде деп ойлаймын. Тұсаукесерде сөйлеген орыс әдебиетшілері де осылай бағалап жатты.
– Екі томдық басқа тілдерге аударыла ма?
– Екі томдық әкемнің екі романы ғой. Және әңгімелері. Олардың бәрін өзі таңдап, өзі жасақтап кеткен. «Бас» Қазақстанда басылмаса да шетелде басылды. Әзербайжан, Түркия әкем бар кезде басып шығарса, өмірден кеткен соң Германия мен Моңғолия, міне Ресей жариялап отыр. Ал «Шыңғыс ханның көз жасы» тарихын жақсы білесіз деп ойлаймын.
– Орыс оқырмандары қалай қабылдап жатыр?
– Ресей сыншылары өте жоғары деңгейдегі дүниелер деп қабылдап жатыр. Әкем Рахымжан Отарбаев Ресейде өз оқырманын тапқан жазушы.
– Кітаптың Қазақстандағы тұсаукесері қашан өтпек?
– Елордамыздағы Ұлттық академиялық кітапханада 18 қазан күні өтеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Маржан ӘБІШ,
«Egemen Qazaqstan»