• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Экономика 25 Қазан, 2019

Қазақстан – Беларусь бизнес форумы – жаңа келіссөздердің ортақ алаңы

360 рет
көрсетілді

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше Қазақстан мен Беларусь мемлекеттері экономикалық әріптестікті нығайту мақсатында құны 75 млн АҚШ долларын құрайтын 15 келісімге қол қойды. Кеше елордада өткен Қазақстан – Беларусь экономикалық форумы Беларусь президенті Александр Лукашенконың елімізге ресми сапары аясында ұйымдастырылды.

Беларусь елшілігі жаңа ғимаратқа көшті

Екі ел арасындағы бизнес форум бас­тал­мас бұрын Нұр-Сұлтанда Беларусь Рес­пуб­ликасы елшілігі жаңа ғимаратының ресми ашылуы өтті. Ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орын­басары Роман Скляр, Беларусь Рес­пуб­ликасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Александр Турчин, сондай-ақ екі елдің іскерлік және дипломатиялық орталарының өкілдері қатысты. Жаңа елшілік көпқырлы қазақстан-беларусь диалогының даму тарихындағы маңызды сәттердің бірі. Себебі бұл екі елдің ынты­мақ­тастығы мен әріптестігін одан әрі дамытуға мүмкіндік бермек.

Екі мемлекеттің байланысын нығай­туға арналған бизнес форумға 200-ге жуық адам қатысты. Олардың ішінде Үкімет пен ұлттық компаниялардың өкілдері, кәсіпкерлер бар.

 

Қарым-қатынас оң сипатқа ие

Жиында сөз алған Премьер-Министр­дің орынбасары Роман Скляр екі ел ара­сын­дағы қарым-қатынас соңғы жылдары барлық бағыттар бойынша тұрақты дамығанын, кейбір салалар оң динамикаға ие екенін атап өтті.

− Беларусь экономикасы Шығыс Еуро­падағы қарқынмен дамып келе жат­қан мемлекеттердің бірі. Екіжақты сау­да-инвестициялық байланыс жоғары деңгейде. Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Павлодар қалаларынан Минск қаласына әуе рейстері тұрақты қатынайды. Екі ел арасындағы экономиканың негізгі тіре­гі машина жасау саласы болып отыр. Қа­зірдің өзінде бұл салада ілкімді жобалар іске асуда. Бұл тұрғыда Қазақстан үшін Беларусьтің өңдеу өнеркәсібін да­мыту тәжірибесі үлгі екенін айта кету керек. Былтырғы тікелей шетелдік инвес­ти­циялардың жалпы ағыны 15,8%-ға өсіп, 24,3 млрд АҚШ долларын құрады, − деді Р.Скляр. Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда өңдеу өнеркәсібін құруға бағытталған жаңа индустриялық сая­сат кезең бойынша жүзеге асуда. Премьер-Министрдің орынбасары сөз соңында Беларусь пен Қазақстан арасында 2026 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімнің ор­нағанын, мемлекеттік органдар мен институттар арасында әріптестіктің артқанын, саяси және экономикалық ынтымақтастық дамып келетінін жеткізді.

 

Берік байланыс – сындарлы саясат жемісі

Форумда сөз алған Беларусь Респуб­ли­касы Премьер-министрінің бірінші орын­басары Александр Турчин екі ел ара­сындағы ежелден қалыптасқан берік қарым-қатынас Мемлекет басшылары тарапынан жүргізілген сындарлы саясаттың жемісі екенін атап өтті.

− Беларусь елінің сауда-экономикалық және өндірістік-кооперациялық салалары бойынша сенімді 10 шақты серіктесінің ішінде Қазақстанды ерекше атап өтуге болады. Соңғы 2 жылда екі ел арасындағы өза­ра тауар айналымы екі есеге артып, был­тыр бұл көрсеткіш 900 млн АҚШ долларын құрады, − деді Беларусь Премьер-министрінің бірінші орынбасары. Десе де, А.Турчин бір кездері өзара тауар айналымын 1 млрд долларға жеткізу туралы мақ­сатты меже орындалмай отырғанын тілге тиек етті.

− Барлық салалардағы көрсеткіштің тұрақты болғанына қарамастан өндірістік, ғылыми-техникалық, инновациялық бағыттардағы әлеуетті толық пайдалана алмай отырмыз. Бүгінде Қазақстанда 7-ге жуық беларусь техникасы мен жабдықтарының бірлескен өндірісі жұмыс істейді. Оның ішінде нарыққа комбайндар, тракторлар, ауыл шаруашылығы техникасы, жүк автомобильдері шығарылуда. Сонымен қатар «Могилевлифтмаш» ААҚ-тың лифтілер мен лифт жабдықтарын құрастыру бойынша бірлескен кәсіпорын құру жөнінде келіссөздері жүргізілуде. Беларусь тарапы Қазақстандағы инфра­құ­рылымдық жобаларға және коммуналдық техника паркін жаңарту бағдарламасын іске асыруға қатысуға мүдделі. Өнеркәсіп кешені саласында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу өндірісінің озық технологияларын енгізу бойынша бірлескен жобалар іске асады деп жоспарлануда, − деді А.Турчин. Оның айтуынша, әлемдегі экономикалық өзгерістердің ұрымтал тұсын пайдаланып, жаңа салаларды, тың бастамаларды қолға алу арқылы әлемдік нарыққа шығу үшін күш салу керек.

Беларусь президенті Александр Лукашенконың Қазақстанға ресми сапары аясында қандай бастамалардың жүзеге асатынын «Каzakh Invest» ұлттық компаниясының менеджері Бақытбек Қабжанов былай түсіндіреді:

− Беларусь Республикасының ірі кәсіпорындарымен келіссөздер жүргізілу нәтижесінде машина жасау, жеңіл өнер­кәсіп, тамақ өнеркәсібі және фармацев­тика салалары бойынша келісімдер жасалды. Бұл жолы машина жасау және жеңіл өнеркәсіп саласына негізгі басым­дық берілген. Себебі Беларусь Республи­касының біздің елге инвестиция құюға қызығушылығы жоғары. Біз бұған дейін де кездесулер өткізіп, бірнеше келі­сімге қол жеткізген едік, − деді Б.Қаб­жанов. Келісілген 15 құжаттың мазмұны­нан Беларусь елі Қазақстандағы агро­өнеркәсіптік кешенге ерекше ықылас танытып отырғанын аңғаруға болады.

− Биылғы жоспар бойынша екі елдің бірлескен БелАз, самосвал және тракторды бірігіп жасау сынды жобалары іске аспақ. Қазірдің өзінде Қазақстан – Беларусь капиталының қатысуымен 350-ден астам кәсіпорын жұмыс істеуде, − деді «Каzakh Invest» ұлттық компаниясының менеджері.

 

Форум аясында 15 құжатқа қол қойылды

Бизнес-форумда жалпы сомасы 75 миллион доллар болатын 11 коммерциялық құжатқа және төрт коммерциялық емес құжатқа қол қойылды. Оның ішінде Беларусь сауда-өнеркәсіп палатасы мен «Kazakh Invest» ҰК АҚ арасындағы ынты­мақ­тастық туралы коммерциялық емес құжатқа, сонымен қатар лизинг шартымен Қазақстанға Беларусь тауарларын жеткізу туралы және екі ел ауыл шаруашылығы министрліктерінің ынтымақтастықты нығайту туралы келісіміне қол қойылды.