• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 31 Қазан, 2019

Абай мен әл-Фарабидің мерейтойлары кең көлемде аталып өтеді

1348 рет
көрсетілді

Ақордада Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық және Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссиялардың кезекті отырысы өтті.

 

Жиынға министрлер, орталық және жергілікті атқарушы орган­дар­дың басшылары, қоғам қайраткерлері  мен ғалымдар қатысты. Өңірлердің әкімдері отырыс жұмысына селек­торлық байланыс арқылы қатысты.

Мемлекеттік хатшы алғысө­зінде аталған шараларды жоғары маз­мұндық деңгейде өткізу елдігімізді, егемендігімізді айшықтайтынын атап өтті. «Біз осы ұлы тұлғалар ар­қы­лы қазақ даласында өркениеттің, ғылым мен білімнің, әдебиеттің ежелден өркен жайғанын бүкіл әлемге жан-жақты паш ететін боламыз. Сондықтан бұл мерейтойлар – бәріміз үшін үлкен сын, тарихи жауапкершілік», деді Қырымбек Көшербаев.

Абай Құнанбайұлының мерей­тойын мерекелеу жоспары 80 тар­мақты қамтиды, солардың ішінде ірі халықаралық және республикалық қоғамдық маңызы бар, мәдени-ағартушылық іс-шаралар, медиалық жобалар және т.б. шаралар қамтылған.

Ұлы Абай мерейтойының ресми ашылу рәсімі 2020 жылдың қаңтар айында Нұр-Сұлтан қаласында салтанатты жағдайда өтеді.

Мерейтойлық жыл күнтізбесіне әлемде кең тараған Абай еңбектерінің тұсаукесері, белгілі абайтанушы-ғалымдардың, шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде халықаралық ғылы­ми-практикалық конференция, Кем­бридж университеті музейіндегі іс-шаралар секілді ауқымды жобалар енді. Халықаралық іс-шаралар қа­тарында Мәскеуде өткізілетін сал­танатты жиын мен Үлкен театр­да қойылатын «Абай» операсы жос­пар­ланған.

Мерейтой аясында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тари­хи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығын музеефикациялау және ақын есімімен байланысты тарихи-мәдени мұра объектілеріне ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізу қарастырылған.

Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай республика бойынша 500-ге жуық шара ұйымдастырылатынын хабарлады. Оның айтуынша, Шығыс Қазақстан облысына сапары барысында мемлекеттік комиссия тарапынан аймақтағы музейлер мен қорықты, мавзолейді қалпына келтіру тапсырылған.

 «Келесі жылы біздің алдымызда үлкен тарихи, мәдени маңызы бар шаралар тұр. Біздің міндетіміз – оны өз деңгейінде өткізіп, еліміздің, ұлтымыздың абыройын, беделін дүние жүзіне таныту. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Үкімет барлық мемлекеттік органдармен бірігіп, жалпыреспубликалық жоспардың жобасын әзірледі. Бүгінде аталған жоспар барлық мемлекеттік органдармен келісілді. Осы жоспарға сәйкес, барлық елді мекендерде, аудан, облыс орталықтарында, елордада, республикалық, халықаралық деңгейде кемінде 500 іс-шара өтуі керек. Оған қосымша мерейтойларды халықаралық деңгейде өткізу үшін қазір ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымдарымен келіс­сөздер жүргізіп жатырмыз», деді ол.

Сонымен қатар Бердібек Сапар­баев ұлы Абайдың еңбегін басқа тіл­дерге аудару мәселесін де еске салды. «Абай Құнанбайұлы шығармаларын кітап қылып шығару, деректі фильм­дер түсіру сынды жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Біз ұлы ақынның еңбектерін кем дегенде 10 тілге аударуымыз керек. ЮНЕСКО төңірегіндегі шара Париж қаласында қараша айына жоспарланған. Бізбен қарым-қатынасы жақсы мемлекеттерде Абайтану орталығын ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр», деді Вице-премьер. Оған қоса Абайдың 175 жылдығын тойлауға республикалық бюджеттен 3,2 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлінгенін мәлімдеді. 

Мерейтой шеңберіндегі шара­лардың көбі өткізілуі жоспарланған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов облыстың да­йындығы туралы баяндама жасады. Облыс әкімінің айтуынша, аймақтағы жолдарды жөндеуге 12,1 млрд теңге жұмсалған. Сонымен бірге Шығыс Қазақстан облысы бойынша 300 мек­тептің салынатынын да хабарлады. Ал қоғам қайраткері Мұрат Әуе­зов ұлы тұлғалардың мерейтойын тойлауға Қазақстан халқы Ассам­блеясын да жұмылдыру керегін айтты.

Жиын барысында Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев «Самұрық-Қазына» және басқа да компаниялардың есебінен Нұр-Сұлтан қаласында «Абай әлемі» деген үлкен орталық салу жоспарымен және қала әкімшілігі есебінен Абай көшесінің бойында ұлы ақынға қосымша үлкен ескерткіш орнатылатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, мерейтойдың республикалық жос­парының жобасы әзірленген. Олар­дың қатарында халықтың барлық буы­нын қамтитын арнайы жобалар, ғы­лыми талдау, қоғамдық маңызды жә­не мәдени-бұқаралық іс-шаралар бар.

Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жыл­дық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспуб­ли­калық жоспарда ұлы философтың мұрасын зерделеп, мәнін түсінуге бағытталған 50-ден астам іс-шара қамтылған. Мемлекеттік хатшы Қ.Кө­шербаев іс-шаралардың Аристо­тельден кейінгі екінші ұстаз атанған әл-Фараби идеяларын жастар арасында насихаттауға, сондай-ақ ғылыми зерттеулерді жандандыруға бағытталуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Осы орайда Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі ұлы тұлғаларға арналған шаралардың академияға мүше мемлекеттер астаналарында өткізілетінін жеткізді.

2020 жылдың қаңтар айында мерейтойды мерекелеудің ресми рәсімі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «әл-Фара­би ор­талығының» халықаралық тұсау­кесерімен басталмақ.

Елордада ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ және ИСЕСКО аясында «Әл-Фараби және әлемдік өркениет» атты халықаралық ғылыми симпозиум өткізіледі. Оған отандық және шетелдік жетекші ғалымдар, жоғары оқу орындарының басшылары және т.б. шақырылады.

Түркістан облысында арт-фести- валь ұйымдастырылып, оның аясында қолөнершілердің жәр­мең­келері, ұлттық ойындар бойынша жарыстар мен мерекелік концерттер өткізілмек.

Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі баяндамасында ЮНЕСКО-ның қатысуымен атап өтілетін атаулы шаралар тізіміне әл-Фарабидің мерейтойын енгізу жөнінде жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. «Нақты шешім биыл 12-27 қараша аралығында өтетін ЮНЕСКО бас конференциясында қабылданады», деді министр.

«Содан кейін 2020 жылғы 21 қаңтарда Мәдениет және спорт министрі бастаған делегация мен экспе­диция мүшелері Дамаскіде Елба­сымыздың тапсырмасымен салын­ған әл-Фараби орталығын салта­натты түрде ашады. Қазір бұл орта­лықты ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде. Президенттің тапсырмасы бо­йынша 4-7 қарашада Сыртқы істер, Мәдениет және спорт, Білім және ғылым министрліктерінің жауап­ты қызметкерлері мен «Қазқайта­жаңарту» мекемесінің мамандары Сирияға іссапармен шығады. Сапар барысында Дамаск қаласындағы әл-Фараби орталығын салтанатты ашу жөнінде тиісті келіссөздер жүргізеді. 2020 жылдың сәуірінде «Екінші ұстаз» аталған Әбу Насыр әл-Фарабидің әлем өркениетіне қосқан үлесі» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция Афины қаласындағы «Пантеон» Саяси және әлеуметтік ғы­лымдар университетінде болады», деді Мұхтар Тілеуберді. Сон­дай-ақ министрдің дерегінше, Ис­лам Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдердің Сыртқы істер министр­лерінің 47-сессиясы аясында әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған фотокөрме ашылады.

Отырыста Комиссия орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшыларына Абай мен әл-Фарабидің мерейтойларын атап өту аясында жоспарланған іс-шараларды сапалы әрі уақтылы орындауға қатысты бірқатар тапсырмалар берді.

Жиынды қорытындылаған Мемлекеттік хатшы Қ.Көшербаев «ұлтымыздың ұлы тұлғаларының мұраларын ұлықтау жұмыстарын мемлекет пен ұлттың құндылықтарына деген шынайы қатынас ретінде бағалау керек» деп атап өтті.