Ұлттық қауіпсіздік комитеті өзге де мемлекеттік органдармен және шетелдік серіктестерімен бірлесіп, «Жусан» операциясы шеңберінде Сириядан төрт мәрте, яғни осы жылдың қаңтар, мамыр және маусым айларында барлығы 595 Қазақстан азаматы қайтарылғанын, және олардың арасында 400-ден астамы бала болғанынан хабардар етті.
Қайтарылғандар ісі
Жалпы, осы қайтарылған азаматтардың 49-ы, яғни 33 ер адам мен 16 әйел бірден қамауға алынды. Олардың ішінде 9 ер адам мен 4 әйел сот үкімімен түрлі мерзімге бас бостандықтарынан айырылды. Ал өзге ұсталғандарға да қатысты қылмыстық тергеу ісі әлі жалғасып жатыр. Бұлардан басқа қалған адамдар мұның алдында Ақтау қаласындағы бейімдеу орталығына орналастырылған болатын. Бір айдан кейін 140 әйел мен 406 бала бұрынғы мекенжайларына шығарылды. Осылайша қазіргі уақытта бейімдеу орталығының жұмысы аяқталды. Дегенмен оңалту барысы жергілікті жерлерде жалғасын тауып жатыр. Онда теологтар мен психологтар сабақ өткізуде. Қазіргі кезде қайтарылғандардың кейбіреулері дәрігерлік тексеріс пен ем алуда. Ал кейбіреулері түрлі кәсіптік дайындықтарға барып жүр.
Аталған тергеу барысына сәйкес, Сирия жағдайында ДАИШ-тің (Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым), бір жасағында болған тағы да 14 азаматқа қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталған. Оларға террористік әрекетке қатысты немесе сондай әрекетке біреулерді тартты және терроризмді насихаттады, сондай-ақ өзге де ауыр қылмыстар жасады деген айып тағылған көрінеді. Бұл қылмыстық іс материалдары Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер бойынша сотына жіберілген болатын. Соның нәтижесінде жоғарыда айтқанымыздай, айыптары дәлелденген жандар соты басталды.
Олар Сирияға неге кетті?
Сириядан қайтарылғандардың «жаңылдым, жаздым» деген сөзіне қарағанда, бәрі бірдей «о жақта өмір керемет» дегенге алданып қалғанын айтады. Көбіне жалған дерекке құрылған үгітке сеніп қалатындар исламға енді қосылып жатқан жастар көрінеді. Экстремистердің оларды қармаққа түсіру үшін «шынайы мұсылман мемлекетіндегі» ғажап өмір туралы әңгімелері әсер еткен. Онда діннің барлық талаптары сақталатындықтан-мыс өмір сүру тек әділдік пен адалдыққа негізделген дейді. Сондықтан адамның жаны қалайтын тәтті өмір сол жерде ғана деген желеу олардың сенімін нығайта түскен. Әсіресе бұл туралы көбі әлеуметтік желі арқылы біліп, құлағдар болған. Бірақ олардың көбі Сирияға барған кезде ғана алданғандарын нақты білген. Ол жерде ешқандай да керемет өмір жоқ еді. Онда соғыс жүріп жатқан. Ал соғыстың не екенін кез келген адам біледі.
Сарапшылар ол жерде соғыстың жүріп жатқанын біле-тұра кеткендер де бар екенін айтады. Ал соғыста ешқандай адалдық та, әділдік те болмайтыны белгілі. Онда мұсылмандар, топтар басқа бір мүдделер үшін бір-бірімен қырқысып, есеп айырысып жатыр. Соғыста адамдар бірін-бірі өлтіреді. Демек, ондай жерге бір түскен соң, қайтып шығу жоқ. Осындай жерге барып алып, бармақ тістеп, опынғандар туралы мысалдар және көп. Қайтарылғандардың дені о жаққа барғанда жағдай соншалықты қиын да, қайғылы болатынын ойламаған. Алайда қайтайын десе, мүмкін емес. Ал онда қалу – өлім. Қайтарылғандардың айтуы бойынша, еліме оралам дегендердің бәрін атып тастаған. Содан қолдарына қару ұстап, екі оттың ортасында қалды. Ал ондағы жантүршігерлік іс-әрекеттер басындағы фото, бейнесуреттері әлеуметтік желі арқылы әлемге тарап кетті. Енді мұндай содырлық істер айыптаусыз қалмайды.
Айыпталушылар айыбын сот айтады
Соған сәйкес жоғарыда Сирия жағдайында ДАИШ-тің бір жасағында болған 14 азаматқа қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталып, іс сотқа берілді деп айтқанбыз. Бұлардың ісін қараған ашық сот отырысы басталды. Тергеудің мәліметі бойынша, бұл айыпталушылар бұрын ДАИШ содырлары болған көрінеді. Оларға террорлық әрекетке қатысты, терроризмге тартты және насихаттады, сондай-ақ басқа да ауыр қылмыстар жасады деген айыптар тағылды. Атап айтқанда, Сириядағы қарулы қақтығыстан кейін ДАИШ террористік ұйым мүшелері төрт адамның басын кесіп, жұртқа үрей туғызу үшін көшеге тастаған. Кесіп алынған адам бастары көшеде жеті күн бойына жатқан. Сол адам бастарының бірін аяғымен басып тұрып суретке түскен адам аталған сот іс қарап жатқан 14 айыптының бірі, яғни террористік топ мүшесі деп танылған, 1986 жылы туған А.Жансеңгіров екен. Ол сурет интернет арқылы тарап кеткен. Прокурор Е.Мұраттың айтуынша, осы А.Жансеңгіров пен айыпталушының тағы бірі Г.Бақытжанов екеуі террористік сипаттағы бейне ролик түсірген. Ал сараптама аталған роликте діни алауыздықты қоздыру және терроризмді насихаттау белгілерін анықтаған.
Дегенмен А.Жансеңгіров те өздерінің қылмыстық әрекетін амалсыз жасағанын айтты. Егер осылай істеп, суретке түспегенде ату жазасына кесіледі екен. Сондықтан олар сондағы әскери адамдардың әмірімен аталған көріністі жасаған. Ал олар бұл бейнені өз телефондарына түсіріп, интернетке салған. Енді мұның ақ, қарасын сот қана анықтай алмақ.
Сирияға кеткендердің қаупі неде?
Қайтарылғандардың бәрі ондағы жантүршігерлік жағдайды көзбен көргендер. Бірқатары соғыс отының ортасында опат болды. Ал көбінің балалары осы жағдайда өсіп келеді. Сарапшылардың айтуы бойынша, Сирияға адасып барғандар секілді осы балалардың да таным-түсінігі өзгеше қалыптаса бастайды. Бірнеше жылдан кейін әлгі жасөспірімдер есейеді. Үлкен ортаға араласады. Сонда оларды беделді бір күштер өздеріне тартып, басын қосып, түрлі әрекетке итермелеуі мүмкін. Тіпті өздері келген мемлекетке қарсы айдап салуы да кәдік. Сонда жағдай тіптен қатерлі бола түседі. Ал бұл қатердің алдын алу өз еліміздің қауіпсіздігін әріден ойлау. Сондықтан азаматтарымыздың, олардың балаларының елге қайтарылуы қауіпсіздік тұрғысынан алғанда дұрыс қадам болды. Оның үстіне олар Сириядағы қатерден құтылады. Осыған орай кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан азаматтарын Сириядан эвакуациялауға байланысты мәлімдеме жасаған болатын. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Менің тапсырмам бойынша 7 және 9 мамырда Сириядан 231 қазақстандық азамат, оның ішінде 156 бала, негізінен мектеп жасына дейінгі балалар, оның ішінде 18-і жетімдер көшірілді. Бұл ауқымды гуманитарлық акция ағымдағы жылдың қаңтар айында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың нұсқауы бойынша сәтті өткен «Жусан» операциясының жалғасы болды», деді.
Қылмыстың алдын алу тиімді
Қазақстан үшін бейбітшілік басты ұстаным болып табылады. Сондықтан бейбіт өмірге қатер туғызатын кез келген келеңсіздіктің алды алынады. Мәселен, елде бүлік шығарып, сосын Сириядағы содырлар қатарына қосылуды жоспарлаған азамат қолға түсті. Соған орай Алматы қаласы Алмалы аудандық қылмыстық сотының А.Бітімбаевты терроризм актісіне дайындалу, терроризмді насихаттау, діни алауыздықты қоздыру және атыс қаруын заңсыз сақтау фактілері бойынша 10 жылға соттау туралы үкімі заңды күшіне енді.
Ол ҰҚК назарына бүлдіргі діни идеологияны ұстанушы және Қазақстан Республикасында тыйым салынған ДАИШ халықаралық террористік ұйымының жақтасы ретінде ілікті.Тексеру барысында оның интернетте ДАИШ үгіт-насихатының ықпалымен халық көп шоғырланған орындарда жарылғышты пайдаланумен терактілер дайындауы туралы ақпарат алынды.
Қарулы шабуыл жасағаннан кейін ол шетел содырларының қатарына өту және террористік әрекетін жалғастыру үшін Сирияға кетуді жоспарлаған. Бірақ оның мақсатын болдырмау үшін осы жылдың сәуірінде Алматыда ішкі істер органдарын тарта отырып, ҰҚК күшімен А.Бітімбаев ұсталды.Тінту кезінде одан атыс қаруы мен травматикалық қару, жарылғыш құралдар жасауға арналған құрамдас бөлшектер, үш сауда-ойын-сауық орталығының сызбалары, бетперде мен қолғап алынды. Сөйтіп Бітімбаевтың кінәсі куәгерлік түсініктермен, заттай және өзге де дәлелдермен толықтай дәлелденген.