• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Қараша, 2019

Сары самаурындарды самсатқан

391 рет
көрсетілді

Қостанай қаласының тұрғыны Алтынай Аманованың үйіндегі самаурындардың саны екі жүзді қарайлап қалды. Оларды 43 жылдан бері ерінбей жинап келеді.

 

Жақында Қостанайда Қазақ­стан халқы Ассамблеясы Аналар кеңе­сінің республикалық кеңейтілген отырысы аясында ашылған көрмеге Алтынай да самаурындарымен қа­тысты.Үлкенді-кішілі, ескілі-жа­ңалы самаурындарының бір бөлігі ғана ұзыннан ұзақ аумақты алып тұрды.

– 1976 жылы тұрмыс құрдым. Сонда анам жасауыма жап-жаңа са­маурын қосып берді. Одан кейін әжемнің пайдаланған самаурыны да, анамның самаурыны да маған бұйырды. Олар өте ескі еді, ана­ла­рымның көзіндей етіп көр­нек­ті жерге қойдым. Содан бас­тап менде дүкенге барсам самаурын қа­райтын әдет пайда болды. Әдемі бұйымның бірі ғой, қызығу­шылығыма сол әсер еткен болар, бүгінге дейін жи­нап келемін, – дейді Алтынай Төле­байқызы.

Көрмедегі самаурындар бірін-бірі қайталамайды. Ең «кәрісі» 1870-жылдары ағайынды Баташев­тардың фабрикасынан шыққан. Тейле фабрикасының самаурыны да 1900-жылға дейін жасалған көрінеді. Ең үлкен самаурынға 40 литр су кетеді, ең кішісі бір жарым литрлік, тоқпен қайнайды. Оның сыртында сыйкәде ретінде жасалған самаурындар да бар. Жи­нақтаумен айналысатындардың «жұмысы» да оңай емес. Алтынай да екі адаммен басы қосылса, самау­рынды әңгіме етеді екен. Ол туралы бір қызық дерек естісе, ерінбей барып, соны алмай тынбайды. 2000-жылдардың басында осы ыдыстың көңіліне ұнаған біреуін 60 мың теңгеге сатып алыпты.

– Ол кезде 60 мың менің 2-3 айлық жалақым болды ғой. Қо­лымдағы самаурындарды екі жүзге жуық деп айтатыным, көбі ескі, бірінің құлағы жоқ, бірінің шүмегі сынған, жөндеуді қажет етеді. Сондықтан олардың біразын сақтағанмен, санаққа қоспай отырмын, – дейді Алтынай.

Бір қызығы, Алтынай тек жинамайды, самаурынның тарихын айтса да, айналасындағыларды ұйытып тастайды екен. Оның жинағы бірін-бірі қайталамайды. Оларды бір туысының жертөлесіне құлыптап сақтайды. Музей қызметкерлерінің қолқалауымен сирек те болса көр­мелерге қатысып отырады екен. Өмір бойы құрылысшы болып істеген Алтынайдың өнерге, хал­қымыз тарихына, этнографиясына деген қызығушылығы жұртты да қызықтырғандай.

 

ҚОСТАНАЙ