Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында «Бастау» кәсіпкерлікке баулу сыныптарында арнайы оқыту орталықтары ашылып, оған мүмкіндігі шектелген жандарды барынша тарту шаралары қолға алынған. Сондай орталықтың бірі Алматы қаласындағы «Үміт» мүгедектерді қолдау орталығында жұмыс істейді. Мұнда өз кәсібін ашқысы келетін 40-тан азамат дәріс алып, кәсіпкерлік негіздерін үйренуде.
«Үміт» мүгедектерді қолдау орталығының жұмысымен танысуға келген Парламент Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Ирина Смирнова және Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов «Бастау» жобасы аясында жеке кәсіп ашуға машықтанып жатқан жандармен танысып, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Депутат И.Смирнова олардың қоғамнан оқшау қалмай, көзі көрмей, құлағы естімегенімен, жеке кәсібін бастауға құлшыныс білдіріп, оқу бағдарламасын игеруге барынша күш-жігерлерін салып отырғандығына ризашылығын білдірді. Олардың қоғамнан тыс қалмай, еріктілер қозғалыстары қатарында белсенді болып жүруі дені сау азаматтарға үлгі болатын игі іс.
Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов өз кезегінде «Бастау» жобасы бойынша білім алуға ынта білдіріп, қоғамға ауыртпашылығын артпай, өздігінен жеке кәсібін ашып, табыс табуға белесене кіріскен жандарға сәт-сапар тілей отырып, қаладағы оқыту бағдарламаларының барысына тоқталып өтті.
Ағымдағы жылдың желтоқсан айына дейін 3 кезең бойынша 4250 адамды оқыту жоспарланып отырса, «Жас кәсіпкерлік» бағытында 2650 талапкер білім алатын болады. Қазіргі кезде қалада 34 класстың жұмысы жолға қойылған. Оның бірі «Үміт» мүгедектерді қолдау орталығында болса, 7-уі «Бақытты отбасы» көп балалы аналар орталығы жанынан ашылған. Бағдарлама басталған уақыттан бері қалада 7000-нан астам адам кәсіпкерлік негіздерін игерген. Оларға 505 теңге мөлшерінде грант бөлінетін болса, өз бизнесін дамыту үшін 6 пайыздық несие алуға мүмкіндігі де қарастырылып отыр. Мұндай орталықтарда мүгедектер үшін судоаударма жүйесі, қажетті техникалық жабдықтар да жасақталған.
«Үміт» мүгедектер орталығының директоры Аманбике Ерғалиева есту және көру қабілеті нашар адамдарға арналған мамандандырылған сыныпқа бару, онда кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жұмыстары ымдау тілінің түсіндірмесін қолдана отырып жүзеге асатындығы мен мұнда психологтар, бизнес дәріскерлер сияқты кәсіпқой мамандар жұмыс істейтіндігіне тоқталды.
Ал алғашқы кезде мүгедек жандармен жұмыс істеудің аса қиын болғандығын жеткізген бизнес дәріскер Айгүл Жайлыбаева әрбір азаматқа жеке-жеке көңіл бөліп, олардың ой-пікіріне назар аудару маңыздылығы турасында айтып өтсе, «Бақытты отбасы» әлеуметтік орталығы Алатау ауданы бойынша үйлестірушісі көпбалалы ана Ақмарал Басирова мүмкіндігі шектеулі бола тұра жеке кәсібін ашқысы келетін азаматтарға рухани және материалдық қолдау көрсету, әрі бұл іске жергілікті әкімдіктердің де белсене қатысуы аса маңызды. Өйткені мүдегек жандарға, көп балалы жағдайы нашар аналарға жан-жақты қолдау көрсету олардың қоғамда әлеуметтенуіне барынша ықпал етеді.
«Үміт» орталығынан кейін жұмыс тобы «Бастау» орталықтарын аралап, жеке кәсіп бастаған кәсіпкерлердің жұмыстарымен танысты.
АЛМАТЫ