«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» – түркі халықтары арасында кең тараған және сюжеттік фабуласы ерте замандарда пайда болған көне эпостық мұралардың бірі. Жырдың бірнеше версиясы мен жиырмадан аса нұсқасы қазақ арасында көп ғасырдан бері айтылып келгені, оны қалың көпшіліктің ерекше сүйіп тыңдағаны да белгілі. Оғыз-қыпшақ кезеңінің кемел туындысын Жанақ, Шөже, Орынбай, Сыбанбай, Бекбау, Мәшһүр-Жүсіп, Бейсенбай, Уәйіс, т.б. дарынды қазақ ақындары мен жыршы-жыраулар дамыта орындап, кейінге жеткізген. Десе де зерттеушілер осылардың арасындағы елге кең танылған әрі ең көркем үлгілері Алаштың айтулы ақындары Шөже мен Жанақтан тараған деп санайды.
Эпостың көне нұсқаларын алғашқыда Г.Саблуков (1830), Ғ.Дербісәлин (1834), А.Фролов (1841), Ш.Уәлиханов (1856), П.Путинцев (1856), В.Радлов (1869) халық арасынан жинап, хатқа түсіргендігі мәлім.
Сонымен бірге Н.Костылецкий, Г.Тверитин, Н.Потанин, Н.Пантусов, Е.Баранов, Р.Әбдрахманов, т.б. оқыған азаматтар жыр мәтінін орыс тіліне аударып жариялаған. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының жекелеген нұсқалары Қазан төңкерісіне дейін сан мәрте жеке кітапша түрінде жарық көрді.
Атақты Жанақтың нұсқасының ізімен семейлік Бейсенбай ақын жырлаған делінетін тағы бір нұсқа 1936 жылы М.Әуезовтің құрастыруымен Алматыда жарыққа шығарылды. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» эпосы 150 жыл уақыт бойы әртүрлі фольклорлық жинақтар мен оқу құралдарында үзілмей жарияланып келеді.
Ғашықтық жырдың бірқатар көркем үлгісі мен эпос жайындағы зерттеулер топтамасы 2002 жылы Астана қаласында көлемді кітап түрінде басылып шықты. Ал 2003 жылы Мәскеуде «Қозы Көрпеш – Баян сұлу. Қыз Жібек: Казахский романический эпос» деген атаумен қазақ және орыс тілдерінде жарық көрсе, 2005 жылы Алматыда «Қозы Көрпеш – Баян сұлу жырының нұсқалары» атты бағалы басылым оқырман қолына тиді.
Кеңестік дәуірде «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры жайында көптеген зерттеу еңбегі жазылды. М.Әуезов, М.Ғабдуллин, Қ.Жұмалиев, Ы.Дүйсенбаев, Ә.Қоңыратбаев, Р.Бердібаев, С.Қасқабасов, Н.Смирнова сынды ғалымдар жыр сюжетін әр қырынан қарастырып, түрліше ой-пікір білдірді. Дегенмен, біз сөз еткелі отырған «Қозы Көрпеш – Баян қыз» атты жыр нұсқасы әлі күнге жеткілікті зерттеле қойған жоқ.
Қазақ фольклоры ғылымында «Потанин нұсқасы» немесе «Жанақ – Бейсенбай нұсқасы» деп аталып жүрген бұл екі жыр қолжазбасының мәтіндік жағынан елеулі айырмасы жоқ. Потанин нұсқасының қолжазбасы Ресей Федерациясына қарасты Томск Мемлекеттік университеті ұлттық кітапханасының қолжазбалар қорында сақталған (№151-іс, 7369-7388 б.б.). Қолжазбаны 1966 жылы ӘӨИ-дің аға ғылыми қызметкері Едіге Тұрсынов тапқан. Академик Ә.Х.Марғұланның айтуына қарағанда, осы қолжазбаның дубликаты Омск қалалық мұрағатындағы Н.Я.Коншин материалының арасында сақталған көрінеді.
Бұл нұсқа жайында Ы. Дүйсенбаевтың «Қазақтың лиро-эпосы» атты зерттеу еңбегінде, М. Әуезов атындағы ӘӨИ қызметкерлері шығарған Г.Н.Потанин жинағында жан-жақты сөз болған.
Біздің қолымызда Ә.Марғұлан ескерткен, кейін арнайы мақала жазған екінші қолжазбаның фотокөшірмесі де бар. Екі қолжазбаның бір адамның қолынан шыққаны және бір мезгілде көшірме жасалғаны білініп тұр. Біздіңше, Омбыдағы қолжазба түпнұсқа болуы да мүмкін. Өйткені Г.Н.Потаниннің Томск университетінің кітапханасында сақталған №151 істің сыртына «Д» белгісі соғылған, яғни бұл оның дубликат екенін білдіреді. Сондай-ақ біздің қолымызға тиген Омбы қолжазбасының 1-бетінде «1884 года, марта 2-го дня» деген мерзім көрсетілсе, Томск көшірмесінде «21-III, 1884» деп көрсеткен. Осыған қарап, академик Ә.Марғұлан тапқан эпос қолжазбасын түпнұсқа ретінде тануға негіз бар. Қолжазбаның соңғы бетіндегі дөңгелек жүзік мөр де осы сөзімізді қуаттай түседі. Өкініштісі, фотокөшірмеден мөрдегі жазуды оқу мүмкін болмағандықтан жүзіктің иесін де анықтау қиын.
«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» эпосының бұл нұсқасы алғаш рет 1972 жылғы Потанин жинағында үзінді түрінде жарияланса, кейін толығырақ мәтіні 2002 жылы эпостың 1500 жылдық мерейтойына орай шығарылған ғылыми басылымға енгені мәлім.
Потанин нұсқасын 1936 жылы М.Әуезов жариялаған нұсқамен салыстырғанда бұл екеуінің түпкі негізі – бір ақынның өңдеуінен, дәлірек айтқанда қаламынан қайта туған нәзиралық эпос екендігі айқын байқалады. Әйтсе де, классик-жазушының Г.Потанин архивінде, не болмаса, А.Коншин материалдарының арасында сақталған осы нұсқаның толық мәтінімен таныс болмауы оның шынайы қорытындылар жасауына бөгесін болғандығын аңғару қиын емес. Расында, эпостың Потанин – Коншин көшірмелері (Абай нұсқасы) 1884 жылы қағазға түскен болса, арада 40 жыл өткенде М.Әуезов өзі «Жанақ – Бейсенбай» варианты атаған дәл осы жыр нұсқасын 1924-1925 жылдары Семей облысының тұрғыны Уәйіс Шондыбайұлы деген әнші-ақынның орындауынан жазып алған. Бір айта кетерлігі, М.Әуезов жариялаған «Бейсенбай нұсқасының» көлемі мұрағаттан табылған «Абай нұсқасынан» едәуір аз. Атап айтқанда, Қарабай мен Сарыбайдың кездесуі, олардың өз жерінен кету себептері, Сарыбайдың асы, оған күмбез қойылуы, ең ақырында Қозының Қарабай еліне басшылыққа сайлануы, халыққа деген қайырымдылығы, Қозының Қожан деген дана саудагермен кездесуі, баласы Күлепті сол арқылы Балталыдағы шешесіне жіберуі, Күлептің үйленуі, оның Балталы еліне хан сайлануы секілді оқиғалар Бейсенбай-Уәйіс нұсқасында жоқ. Сондай-ақ Қожан мен Айбастың Аягөзге келіп, Ай мен Таңсыққа үйленуі, сол елге Айбастың би, Қожанның молда болуы, Қозының 35 жасында өз ажалынан қайтуы, Қозы Көрпештің мазары салынуы, Баянның жоқтауы, сосын зиратқа кіріп, тас болып қалуы сияқты эпизодтар да Әуезов жариялаған нұсқада ұшыраспайды.
Жыр мәтіндерінде ақын Абайдың қолтаңбасы барынша айқын сезіледі. Бір ғажабы, Абайдың эпостағы ақындық іздерін зерттеушілердің өздері де байқаған, бірақ неге екені белгісіз, «Жанақ нұсқасын өңдеген Бекбау, Сыбанбай, Бейсенбайлар, кейінірек Абайдың балалары Ақылбай мен Мағауия» деген болжамға ден қояды. Профессор Ы.Дүйсенбаев жырдағы Баянның сұлулығын:
... Аппақ керік маңдайлы, қылығы наз,
Малың түгіл, басыңды берсең де аз.
Сыртынан күлімсіреп сөйлесе де,
Көңілі қош болмайды баймен араз,
– деп сипаттайтын бірнеше шумақты келтіре отырып, былайша түйіндейді: «Осы жолдардың өзінен-ақ жазба әдебиет үлгілеріне өте жақындығы бірден-ақ көзге түспей ме? Абайдың «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», яки «Айттым сәлем, қаламқас» іспеттес белгілі лирикалық өлеңдерімен салыстырып байқасаң, көркемдік теңеулер мен тәсілдерінің төркіні бір екендігі де айқын сезілмей ме? Өлең құрылысындағы орындаушы ақынның асқан шеберлігімен қатар ол психологиялық тың бейнелер жасап, кейіпкерлердің ішкі дүниесін терең ашып отырған жоқ па? Қысқасы, бұл нұсқа көп жағдайда жазба әдебиет үлгісіне жақындап, үнемі дерлік онымен барабар түсіп отырады». Шынында да, жоғарыдағы шумақтың мазмұны мен стиліне қарап, оны сол тұста жиырмадан жаңа асқан Ақылбай, Бейсенбайлар емес, қырықтың қырқасына қадам басқан «Абай шығарған-ау» деген ойға еріксіз ден қояр едіңіз. Ал Мағауия ол кезде кәмелет жасына да жетпеген ойын баласы еді. Осы тектес сұлу жар образын Абайдың атақты «Көзімнің қарасы...» өлеңінен де жолықтырамыз:
Кісімсіп дүрдараз,
Бұраңдап қылма наз.
Мал түгіл, басымды
Жолыңа берсем де аз.
Абайдың «Көзімнің қарасы» өлеңі арада сегіз жыл уақыт өткенде – 1891 жылы жазылыпты. Егер Бейсенбай, Бекбау, Ақылбай, Мағауия, Уәйіс ақындар Абайдан бұрын, яғни 1884 жылдары осындай ғажап поэзия үлгілерін, осындай ірі эпикалық поэма, келісті кейіпкерлер әлемін туғызса, олар қалай ғана классик болып кетпеген?!
Төмендегі жыр тармақтарынан да Абай поэзиясына тән сөз қолданыстары, көркемдік стиль, ұлы ақын сомдаған кесек образдардың өзіне хас белгілері айрықша танылады.
Қас асыл бой жетіпті, алтын кірпік,
Шақырып Қодар келсе үйтіп-бүйтіп.
Қара көзін қан басып қарағанда,
Маңына жоламайды Қодар үркіп.
... Ақ күмістей жарқылдап
оның мойны,
Бұл дүниенің бейісі һәр ойыны.
Тал шыбықтай бұралған сұлу Баян,
Іздеусіз иен қайтіп жатар қойны.
«Потанин нұсқасы» туралы алғаш пікір айтушы – Ә.Марғұлан бұл қолжазбаның Абайдікі екендігіне шүбә келтірмейді. Ғалымның деректі пікіріне сүйенсек, «Абай бұл жырды 1884 жылы жазып алып, оны өзінше «Қозы Көрпеш – Баян қыз» деп атап, қадірлі ғалым Г.Н. Потанинге тартуға жібереді. Онымен бірге ерте кезде жазған қысқа поэма «Жаңа закон» деген жырын қоса жібереді. Мекенжайын орысша жазып, «Семипалатинского уезда, Чингизской волости, А.К.» деген. Жырдың көлемі екі мың алты жүз жол, сөзі сондай ашық, көркем, халықтың жан күйін жүйрік білген Абайдың жарқын, саңлақ ойынан шыққаны айқын көрініп тұр». Ә.Марғұлан Абайға тән ақындық, суреткерлікті байқататын бірнеше мысал келтіреді. Мәселен, зерттеуші келтірген мына бір шумақ осының жарқын дәлелі:
Ойлашы, солар шыны дос емес пе?
Өзге доспын дегендер бос емес пе?
Бірі үшін жаратыпты бірін Құдай,
Ақ ашық, Алла қосқыр осы емес пе?
... Жарын көріп жан беріп
сап-сау Баян,
Үлгі болған кейінгі білгендерге.
Бұл шумақта Абайға тән лиризм, ақынға хас қайталау, оқырманмен етене, ашық сырласу мінезі көрініс тапқан. Махаббат лирикасына терең мән беру, достық қасиеттерін талдай сипаттау, ойлаудың маңызына тоқталу сияқты стильдік ерекшеліктер Абайға дейінгі һәм оның заманындағы ақындарда болған емес.
Ы.Дүйсенбаев бұған қарсы уәж айтады: «Біздіңше бұлайша кесіп айтуға әзірге ертерек сияқты. Күні бүгінге дейін Абайдың өз қолымен жазылған бірде-бір қағазды (қолжазбаны) білмейміз. «Ана бір нұсқаны, не мына бір тексті Абай жазған» деп жорамалдап жүргеніміз, шынында дәл емес, тек көңілмен жору, оймен долбарлау. Ал мұндай жағдайда Абайдың өз қолымен жазылған тексті сөз ету мүмкін емес, бос әурешілік. Алайда, бұл туралы ақырғы тұжырымды шығарманың өзімен тікелей танысқаннан кейін ұсынармыз». Зерттеуші эпостың бұл қолжазба нұсқасын «Н.Я.Коншин варианты» деп атауды ұсынады.
«Қозы Көрпештің...» жаңаша жаңғыруына Абайдың қатысы барлығын сол тұстағы беделді фольклортанушы Н.С.Смирнова да мойындайды. Оның «Бейсембай и Уаис – семипалатинские акыны из окружения Абая, от которых Г.Н. Потанин и М.О. Ауэзов получили не совпадающие по составу записи текста, – причастны к формированию этого признака романического эпоса. Найти его им помогли Абай (а через Абая Пушкин), казахская устная песенная лирика и дастаны» деген пікірлері назар аударарлық.
Омбы мұрағатынан табылған эпос қолжазбасының мазмұнымен түгел танысып, оны Абай өлеңдерімен салыстыра оқыған адам біздің пікірімізбен де санасуы бек мүмкін. Әлбетте, XIX ғасырдың екінші жартысында атақты Жанақтан кейін «Қозы Көрпешті...» Шөже, Сыбанбай, Бейсенбай, Түбек яки Майлықожаның жырлағанын ешкім жоққа шығармайды. Болжауымызша, аталған эпосты Абайдың орыс миссионерлерінің сұрауы бойынша нақ өзі өңдеп, сұлулап әрі өз қолымен қағазға түсіруі мүмкін. Бұған бірнеше дәлеліміз бар. Ең алдымен, қолжазбаның бірінші бетіндегі «Джанга закон» өлеңінің тақырыбы мен «1884 года, марта 2-го дня» деген уақыт мерзімі ерекше назар аударады. Өйткені өлеңнің тақырыбы, мерзімі және шығарманың мәтіні бір адамның қолымен көшірілгені анық. Ал өлең мәтіні араб әрпімен (қадім) жазылғанын ескерсек, қолжазбаны қағазға түсірген орыс және қазақ тілдерін еркін меңгерген қазақ азаматы болғандығын көреміз. Ендеше, XIX ғасырдың 80-жылдары осы өңірде орыс, қазақ тілдерінде сауатты әрі халық ауыз әдебиетін терең білетін, сондай-ақ қазақ қоғамына зор нәубет әкелген «Жаңа низам» заңы туралы өте ойлы өлең жазатындай Абайдан басқа ақын болды ма екен?
Екінші бір дәлелімізді Омбыдан табылған «Қозы Көрпеш – Баян қыз» жырының мазмұнымен танысқанда табамыз. Әсіресе Сарыбай өлгенде тазшаның ханымға айтқан жұбатуы мен Баянның Қозыны жоқтаған өлеңі Абайдың Әбдірахман өлгенде жазылған белгілі жоқтау жырларымен стильдік жағынан мейлінше үндесіп, көп жерде сөзбе-сөз қайталанып келуі, ақынға хас теңеу, метафоралардың жиі ұшырасуы – зерттеушілерге ой саларға керек.
Мысалы, Омбы нұсқасындағы:
Жер жүзіне жеткізген
Мырзалық, ерлік, даңқын да.
Білуші еді өзгеше
Әр ақылдың шарқын да ...
Немесе:
Бассыз қалған байғұс ел
Кір жұқты көңіл-көркіңе.
Көргеннен соң босарсың,
Намысың қоймас еркіңе.
Қайраттанып осы жерден
Ақыл тоқтап беркіне.
Сүйегіңе мін болар,
Жетпей кетсең сертіңе,
– дейтін жолдарды Абайдың Әбдірахманға арналған:
Әділ, мырза, ер болып,
Әлемге жайған өрнекті.
Тәубесін еске түсіріп,
Тентекті тиып, жерлепті ...
Немесе:
Өшірмек Алла болған соң,
Бенденің қоймас еркіне.
Өлмектен басқа дауа жоқ,
Алланың салған дертіне.
Құтылмас құл жол таппас
Иенің салған өртіне..,
– тәрізді жыр жолдарымен салыстырғанда ішкі мағыналық және сыртқы сипаты жағынан да өте үндес, сарындастығы анығырақ білінеді. Тек бұл ғана емес, Абайдың «Әбдірахман өлгенде өзіне айтқан жұбатуы» атты өлеңінде Әбішті, Оспанды, Құнанбайды сипаттайтын сөздері мен Қозы Көрпешті ұлықтайтын Баянның монологында күшті жақындық бар.
Абайдағы:
Кәркиден, пілдей қуатты,
Тағы арыстан жүректі,
Аплатон, Сократ ақылды,
Қаһарман Ғали білекті,
– деп келетін бейнелеулер Баян сұлудың аузымен:
«Арыстан жүрек, піл қуат,
Әр дұшпаннан кек алған.
Денесі – болат, миы алтын,
Талаппенен ел алған.
Көңілі – сарай, көркі артық
Нәсілі нұрдан жаралған.
Жүрекке – сүйеу, көзге – нұр,
Жұрт саяңда дем алған», –
түрінде әсерлі айтылған. Соңғы сипаттар Абай өлеңінде Әбішке ғана емес, Ескендір, Темір, Шыңғыс хандай қасиетке ие Құнанбай қажыға қаратылып жазылатыны мәлім. Ал Қозының «нәсілі нұрдан жаралған» деп сомдалуы мен Абайдың «Шыңғыстай» деген теңеуі арасында ортақ емеурін барын ескерсек, эпосты дамытушы, жаңғыртушы ақынның көне тарихтан, түркі-моңғол халықтарының мифологиясынан хабардар, көп білетін жан екендігіне көзіміз жете түседі.
Қасиетті хан – анау, ханым – анау,
Айбас, Қожа бір түрлі біткен
жан-ау!
Ақ көңіл, ер жүректі өңкей асыл,
Соларды біріктірген Алла тағала-ау!
Асса да бірі алпыстан, бірі елуден,
Кешікпей екі ұл туды екеуінен.
Қайраты да, нұры да қайтпаған жан,
Көрмейсің бе құрметтеп
қыз беруден?
Бұл сияқты жыр жолдарынан да Абайдың талғамшыл, ойлы, қайратты, нұрлы поэзиясының биік деңгейі ерекше көз тартатындай.
Абайдың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының қолжазбасын Семей, Омбы қалаларына өз қолымен жіберуіне айғақ боларлықтай деректі құжаттар да кездеседі. Мәселен, Семей статистикалық комитеті хатшысының 1882 жылы жазылған мына бір дерегі осының айқын дәлелі. Онда қазақтың аңыз, ертегілерін жинастыру үшін орысша, мұсылманша сауатты, аймақтың өткен тарихы мен халық әдебиетін тәуір білетін бірден-бір кісі ретінде Абайдың есімін атай келе былай дейді: «К крайнему моему сожалению, я не могу оказать содействие отделу в сборе местных киргизских сказок по незнанию киргизского языка, так и по недостатку времени. Полагаю, что в этом отношении для отдела мог бы полезен Ибрагим Кунанбаевич Ускенбаев (управитель Мукурской волости Семипалатинского уезда), весьма развитый киргиз, умеющий притом писать по русски достаточно связоно». Бұдан шығатын қорытынды – 1882 жылдың бедерінде аталған қоғам Абайға ауыз әдебиетін жинастыру жөнінде ұсыныс жасаған болса, онда ақынның сол бірер жыл көлемінде «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының тәуір нұсқасын тауып, мәтінді жаңғыртып, эпос сюжетін өзге ұлтқа көркемдік тұрғыдан жоғары деңгейде таныстыру мақсатына бар ынтасын салып кіріскені күмәнсіз. Яғни, 1884 жылы Семей арқылы Омбы қаласына жеткен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының нұсқасын тың теңеулермен, тосын көріністермен толықтыра түрлендіріп, эпостың стилін жазба әдебиет үлгілеріне бір табан жақындатқан Абай Құнанбайұлы десек, еш қателеспейміз.
Тағы бір орнықты дәлел, Томскіден табылған «Қозы Көрпеш – Баян қыз» нұсқасының қолжазбасы мен Абайдың өз қолымен жазылған «Қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы біраз сөз» атты жалғыз зерттеу мақаласының жазу өрнегі, каллиграфиялық сын-сипаттары, қолтаңбалардың біртектілігі жағынан толықтай сәйкес келуі.
Серікбай ҚОСАН,
филология ғылымдарының кандидаты, түркітанушы