• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Қараша, 2019

Әлеуметтік сақтандырудың әлеуеті айқындалды

698 рет
көрсетілді

Елордада Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры «Халықты әлеуметтік қорғауды жаңғырту жағдайындағы міндетті әлеуметтік сақтандыру» атты республикалық семинар өткізді.

Оған қазақстандық сарап­шы­лар мен әлеуметтік қыз­мет­керлер, Ресей, Грузия, Әзер­бай­жан, Қырғызстан және Тәжік­стан елдерінің аталған сала маман­дары қатысты. Сондай-ақ Президент Әкімшілігінің өкіл­де­рі, Парламент депутаттары, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен мемлекеттік аннуитеттік компанияның және Астана халықаралық қаржы орта­лы­ғының өкілдері арнайы ат басын бұрды.

– Бұл диалог алаңы сарап­шы­лар­ға әлеуметтік қауіпсіздікке қатысты өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді. Сондықтан семинардың басты мақсаты – халықты әлеуметтік қорғау саласында талғамды тәжірибе алмасу деп санаймын. Өзекті тақырыптар төңірегінде жасалған баяндамалар еліміздегі әлеуметтік қамсыздандыру инс­ти­туттарының тәжірибесіне сер­пін береді деп сенемін, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақ­ты­лығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жол­дауындағы маңызды бағыт­тар­дың бірі де осы әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі. Яғни жаңғырудың жаңа кезеңі жаңа бастамалар мен тың бағыттарды мұрат етпек. Бұл ретте, семинар жұмысынан күтілетін нәтижелер турасында Мемлекеттік әлеу­мет­тік сақтандыру қорының әлеу­метпен қарым-қатынас депар­та­мен­тінің директоры Гүлбағила Болатбекова:

– Елімізде 2011 жылдан бастап қазанның соңғы демалысы әлеуметтік сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде бекі­тіл­ген. Сондықтан бұл семи­нар­дың қарашаның басында ұйымдастырылуы заңды. Жалпы жаһандану дәуірінде әлеуметтік саланың алар орны айшықты дер едім. Себебі халықтың әл-ауқатын жақсарту мәселесі қай мемлекеттің болсын күн тәртібінен түскен емес. Сол себепті бүгінгі семинарда пікірталас, тәжірибе алмасу арқылы міндетті әлеуметтік сақтандыруды дамыту жолдарын жан-жақты талқылайтын боламыз. Шет мемлекеттерден келген сарапшылар Қазақ­с­тан­дағы әлеуметтік салаға зор қызығушылық танытып отыр, – деді.

Кеңес Одағы ыдыраған тұс­та тәуелсіз еліміз өзінің дара әлеуметтік саласын қалып­тас­­тырды. Сондағы даралық – көп­деңгейлікте. Яғни мемлекет, жұмыс беруші және жұмыс­кер арасындағы жекелеген жауапкершілік айқындалды. Отандық әлеуметтік саланың озық үлгі­сі турасында халықаралық әлеу­­­­­меттік қамсыздандыру қа­уым­­­дастығының Еуразия айма­ғын­­­­дағы үйлестірушісі Дмитрий Ка­расев:

– Бүгінде Қазақстан халық­ара­лық қауымдастықта зор беделге ие. Бұған себеп – әлеу­мет­тік сақтандыру жүйесінің тұрақты жолға қойылғандығы дер едім. Себебі кей мемлекеттерде әлеуметтік сақтандыру тұрғындар санының небәрі 10-20%-ын қамтыған. Ал сіздердің елдеріңізде әлеу­мет­тік сақтандыру саласы маман­да­рының назарынан тыс қалған азаматтар кемде-кем. Бұл – үлкен жетістік, – деді.

Семинар жұмысы аясында ұйымдастырылған екі панелді сессияның алғашқысы әлеуметтік сақтандыруды дамыту тәсілдерін енгізуге негізделсе, кейінгісінде қатысушылар аталған сала­ның қаржылық ағымын шоғыр­ландыру мәселесіне тоқталды. Шет мемлекеттерден келген қонақтар тәжірибесімен бөлісіп, ортаға орамды ой тастады.

 

Рауан ҚАБИДОЛДА