Қазіргі таңда еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде көптеген проблемалар бар. Азаматтардың уақтылы диспансерлеуден өту, сауықтыру шараларына қатысу, зиянды әрекеттерден арылу тағы басқаларына салғырттық танытуы өз денсаулығына тиісті жауапкершілікпен қарамауының бір көрінісі.
Мемлекет денсаулық саласына жұмсалатын қаржыны жыл сайын еселеп өсіріп жатқанына қарамастан, тұрғындардың күн санап өсіп келе жатқан медициналық қызметтерге деген қажеттілігін жаба алмай отыр. Себебі туу деңгейі артуда, созылмалы, инфекциялық емес науқастар қатары ұлғаюда, инновациялық технологиялар қарқынды енгізілуде. Бұл – үлкен шығын. Медициналық ұйымдардағы ұзын-сонар кезек пен көрсетілетін қызметтердің сапасыздығы азаматтарды ақылы емханаларға жүгінуге мәжбүрлейді. Ал ақылы қызмет жағдайы төмен азаматтарға қолжетімсіз.
Міне, осы аталған проблемаларды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) арқылы шешуге болады. МӘМС жүйесінің басты мақсаты – медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту. Бұл еліміздегі сақтандырылған азаматтардың жынысына, жасына, әлеуметтік жағдайына, тұрғылықты жеріне, сондай-ақ табысына қарамастан, медициналық және дәрілік көмекті тең дәрежеде алуына кепілдік береді. Яғни, сырқаттану, жарақат алу, жүктілік кезеңі мен туу және мүгедектік, кәрілік кезінде халықтың денсаулығын әлеуметтік тұрғыда қорғау болып табылады.
МӘМС тиімділігін таратып айтсақ, ең алдымен салымшылар өзі таңдаған кез келген емханадан көмек ала алады. Бұл жағдайда емхана шығыны толығымен әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры есебінен өтеледі.
Қазіргі таңда Германия, Франция, Корея, Жапония, Бельгия, Словакия сынды 30-ға тарта мемлекетте әлеуметтік сақтандыру, ал АҚШ-та жеке сақтандыру жүйесі бар. Міндетті медициналық сақтандыру үлгісін таңдау барысында еліміз 50-ден астам мемлекеттің тәжірибесін зерделеді. Әлем бойынша денсаулық сақтауды қаржыландырудың негізгі үш үлгісі – бюджеттік, сақтандыру және аралас үлгісі қолданылуда. Алайда көп елде «бюджеттік» және «сақтандыру» модельдерінің тиімділігі дәлелденгендіктен Қазақстан медициналық сақтандырудың осы аралас моделін таңдады.
Сонымен МӘМС жүйесінде сақтандырылған азаматтарға қандай көмек көрсетіледі? Біріншіден, медициналық-санитарлық алғашқы көмек амбулаториялық тұрғыдан тегін қамтамасыз етіледі. Оған күндізгі күтім, профилактика, диагностика, науқастарды емдеу, жүктілік кезеңін бақылау, медициналық манипуляция және тағы басқалары кіреді.
Екіншіден, мемлекеттік тегін медициналық көмектің жедел жәрдем және санитарлық авиацияға, әлеуметтік маңызы бар (онкологиялық, туберкулез, диабет, т.б) ауруларға көмектесуге, профилактикалық егуге кепілдік беріледі. Амбулаториялық-емханалық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету дәрілердің бекітілген тізбесіне сәйкес рецепт негізінде тегін жүзеге асырылатын болады.
Тағы бір айта кетерлігі, мемлекет қор активтерінің сақталуына кепілдік береді. 2020 жылдан бастап халықтың 13 санаты үшін жарна аударады. Егер сіз мына аталған санаттардың: балалар, көп балалы аналар («Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері) Ұлы Отан соғысы ардагерлері, мүгедектер, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар, студенттер, зейнеткерлер, бала күтімі бойынша демалыстағы адамдар, интернат тәрбиеленушілері және тағы басқаларының біріне жатсаңыз, онда еміңіздің ақысын мемлекет төлейді, автоматты түрде медициналық сақтандыру мүшесі боласыз. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңға сәйкес есептеу және төлемдер мен жарналарды төлеу ай сайын жүргізіледі.
Айта кетерлігі, тегін немесе жеңілдікпен берілетін дәрі-дәрмектер тізімін кезең-кезеңімен, яғни қордың кіріс бөлігі ұлғаюына байланысты кеңейтуді жүзеге асыру жоспарланған. Елімізде МӘМС жүйесі бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру полисі берілмейді. Емделушінің мәртебесі ЖСН арқылы электронды деректер базасында көрсетіледі.
Анаргүл СМАҒҰЛОВА,
«Мамандандырылған балалар үйі» МКМ директорының орынбасары