• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Қараша, 2019

Академик

1428 рет
көрсетілді

Қат мамандықтардың қамқоршысы

Академик Ә.Бейсенова – жараты­лыс­­та­ну және қоғамдық ғылымдарды бір-бірімен ұштастырып отырған қазір­гі география ғылымының жекелеген салаларымен қатар, онымен тікелей байланысты экология, экономика, туризм бағытының да өркендеп-дамуы жолына зор үлес қосқан әрі осынау игі істерге айрықша еңбек сіңірген, алыс және жақын шетелдерге танымал ғалым. Еліміздің ертеңін ойлай, болашағын алыстан болжай отырып, экономиканың тың бағыты – туризм саласын дамыту мен туған жері­міздің экологиялық жағдайына алаң­да­ған ол осынау өзекті проблемаларды шешу мәселесін Қазақстан, қала берді, Орталық Азия республикалары бойынша көтерген тұңғыш ғалым-географ. Ең алдымен бұл көкейкесті мәселені жүзеге асырудың өзегі, оларға қажетті кадрлар даярлау ісі деп түйген Әлия Сәрсенқызы уақыт оздырмай, экология мен туризм салалары үшін мамандар дайындау ісіне белсене кіріседі.

Мұның айғағы, Ә.Бейсенованың бас­та­масымен және тікелей ұйым­дас­­­тыруымен біздің оқу орнымызда со­нау 1980-1990 жылдардың тоғы­сын­­да-ақ «Туризм», «Экология», «Халық­­ара­лық туризм», «Геогра­фия» маман­дық­та­ры аясында «Геогра­фия және эколо­гия», «География және эко­номика негіздері», «География және туризм» мамандандыруларының ашылуы арқылы жоғарыда аталған аса зәру мамандықтар мен қосымша мамандандырулар негізінде сол кезде-ақ еліміз үшін таза эколог және туризм мамандары мен олармен шектес қосарлы маман­дықтар бойынша педагог-кадр­лар даярлау басталған еді. Осыған орай, Ә.Бейсенованың жетекшілігімен олардың негіздемелік құжаттары, оқу жоспарлары мен типтік бағдарламалары жасалды. Бұларға қатысты тың пәндер мен жаңа арнаулы курстар аталған мамандықтардың оқу жоспар­­­ларына енгі­зі­ліп, жоғары оқу орындарына арналған, әсіресе, төл тіліміздегі оқулық­та­р мен оқу-әдістемелік құралдар жарыққа шыға­­ры­ла бастады. Бұл бағытта­ғы осы ұлағатты іс бүгінге дейін жал­ғасын тауып, жыл сайын жүзден астам жас мамандар бітіруде. Сол кездері факуль­тет деканы болған профессор Әлия Сәрсенқызының басшылығымен осы маман­дықтар мен оның қосымша мамандан­дырулары бағыттары бо­йынша маман-кадрларды бейінді дайындау мақсатында жаңа кафедралар («Туризм», «Экология», «Елтану және әлеуметтік-экономикалық география», т.б.) мен зертханалар («Ландшафттар экологиясы», «Жер қойнауын қорғау», т.б.), орталықтар («Гид-экскурсоводтар даяр­лау», т.б.) құрылып, тиісінше білік­ті ғалымдармен және тәжірибелі оқы­ту­шы­лар­дан жасақталды.

Өткен ғасырдың 70 және 80-жылдары Абай атындағы ҚазПИ-дің жаратылыстану-география факультеті түлектерінің естеліктеріне құлақ түрсек, ұстаздық қызметінде Әлия Сәрсенқызы сол кезден-ақ сабақ барысында аса жоғары талап қоюымен ерекше дараланып тұратын тұлға екенін айтады. Әсіресе ол студенттер қауымын географияның текто­ника, гидрология, климатология, геомор­фоло­гия, геоботаника, зоогеогра­фия, пале­огеография тәрізді күрделі сала­ла­рын, тарихи география, геология, қаз­ба байлықтардың қалыптасуы мен та­­ралу заңдылықтарын білуге үйретті. Со­нымен қатар қолданбалы мәні бар топо­нимика, рекреациялық және ин­же­­нер­лік география бағыттарынан ха­бар­­дар болуға, географияның басты құралы – картографиялық нысандармен, топографиялық түсірілімдермен және жоспар-карталармен жұмыс істей білуге, ғылыми ізденістермен айна­лысуға бейімдеді. Географиялық өлке­та­ну­шылық үйірме жұмыстарын тұрақты жүргізіп, маусымдық және алыс кешенді оқу-далалық практикаларына қатыса жү­ріп, экспедициялық жұмыстарға бағыт-бағдар беретін.

Ә.Бейсенованың өмірлік тәжірибесі мен оның білім нәрімен сусындату, оқу-әдістемелік ізденістерді тереңдету бағытындағы еңбектері де сол кезеңдегі жас ізденушілердің шығармашылық көз­қарасын қалыптастыруға өзіндік ықпалын тигізді. Сонымен қатар көпқыр­лы ғалым-апайымыз тәлім-тәрбие жұ­мысына аса ден қоятын, оны да ке­зінде факультетімізде Әлия апайы­мыз басшылық жасап, педагогика кафе­­дра­сының оқытушыларымен бірлесе жүр­гізген «Кел, қыздар, сырласайық», «Жас алтынсариншілер» клубтарының, «Білім» және «Студент­тер­дің ғылыми қоғамының» өте белсенді жұмыстарынан көріп-біліп жүрдік. Осынау оқу-білім, ғылыми-зерттеу, тәрбие және қоғамдық еңбек­те­рінің нақты нәтижесі ретінде қазір­гі таңда инс­ти­тут қабырғасында табысты қызмет атқарып жүрген көп­теген шәкірттерін айту­­ға болады. Әлия Сәрсенқызы озат оқыған және қоғамдық жұмыста бел­сен­ділік танытқан түлектерді ұстаз­дық қыз­мет­ке тарту және аспирантура мен тағылымдамаға жолдамалар берумен қатар, оларға қолайлы жағдайлар да туғызып отырды. Мәселен, соның бірі – кафедраларымызда әрі қарай тағылымдамаларын жалғастыруға немесе жұмысқа қалдырылған жастар­дың көбінің пәтерлі болуларына жәрдем­де­сіп, тікелей қолғабыс жасады.

 Табиғатты зерттеу де қызық

Алпыс жылдан астам уақыттан бері Ә.Бейсенова Қазақстан табиғатын зерт­теудің тарихымен шұғылданып ке­леді. Осы тақырыпта кандидаттық (Мәскеу, 1967), докторлық (Баку, 1984) дис­сертациялар қорғаған, «Қазақстан табиғатын қорғау» (1979), «Қазақстанды физикалық-географиялық тұрғыда зерт­теу» (1982), «Алғашқы зерт­теу­шілер» (1987), «Қазақстан таби­ға­тын зерттеу және физикалық-геогра­фия­лық идеялардың дамуы» (1989), «Қазақстандағы географиялық зерттеу­лер­дің тарихи негізі» (2001) атты және т.б. монографиялары жарияланған. Бұл еңбектерде Ә.Бейсенова Қазақстан табиғатын зерттеуді тарихи кезеңдер арқылы қарастырып, көне заманнан XX ғасырдың бас кезіне дейінгі табиғаттанудың ұзақ шежіресін жасады. Ол табиғат зерттеу тарихының бүгінгі заман үшін, әсіресе, егемендік алған еліміздің табиғи ресурстарын пайдаланудың жолдарын іздестірудегі маңызы мен өзектілігін атап көрсетті. Бұл зерттеулер көне дәуір мен орта ғасырлардағы Қазақстан тура­лы мәлімет­терді, Батыс пен Шы­ғыс елдерін жалғастырған алғашқы сая­хатшы­лардың Қазақстан жеріне келу­і­н­ен қалған деректерді, орыс, қазақ қарым-қатынастары басталған кезден бергі орыс тарихнамасында Қазақстан табиғаты жайлы жиналған материалдарды, Қазақстанның Ресей­ге бодан болуынан басталған экспе­ди­ция­лардың жұмыстарын жан-жақты қарастырады.

Автор өз зерттеулерінде XІX ға­сыр­­­дың екінші жартысынан бас­тап Қазақстан табиғатын зерттеудің жаңа классикалық кезеңі туғанын, енді зерт­­теушілердің бұрынғыдай көр­ге­нін тізе бермей, Қазақстан табиға­ты­­ның түзілу мен қалыптасу жолдары, олардың заңдылықтары жайлы ойлаудың және ізденудің бас­тал­ғанын жаза келе, Л.Бергтің, П.Се­менов-Тянь-Шаньскийдің, Н.Северцовтың, И.Мушкетовтың және т.б. Қазақстан же­­ріндегі зерттеулеріне тоқ­та­лып, жан-жақты талдау жасайды. Ә.Бей­сенованың жүргізген арнайы зерт­теулерінде қазақ­тың тұңғыш геог­раф-ғалымы, саяхатшысы, орыс географиялық қоғамының толық мүшесі Шоқан Уәлихановтың геогра­фия­лық мұрасын саралауға кеңінен орын берілген. Олардың еңбектері ар­қы­­лы туған жеріміз табиғатының тари­хына байланысты теориялық идеялардан автор Арал-Каспий аймағының геологиялық-географиялық тарихына, Тянь-Шань тау жүйесінің оротектоникасына, табиғатты зоналарға бөлу мен аудандастырудың ұстанымдарына кең тоқталады. Автордың осы бағыттағы монографиясы республиканың географ және тарихшы ғалымдарының жоғары бағасына ие болып, Білім және ғылым министрлігінің Шоқан Уәлиханов атын­да­ғы сыйлығы берілді.

Ә.Бейсенованың бұл саладағы ең­бек­­­терін Тәуелсіз мемлекеттер дос­тас­ты­ғының ғалымдары: Н.А.Гвоз­дец­кий, Ф.Мильков, А.Соловьев, Н.Фрадкин, В.Есаков, О.Назаревский, А.Федосеев, М.Мусеибов, Б.Будагов, Н.Когай, З.Акра­мов, К.Отарбаев, тағы басқалар мен Қа­зақстан ғалымдары: Г.Муравлев, Н.Щукина, А.Горбунов, Б.Двоскин, Н.Мукитанов, Б.Сүлейменов, В.Басин және тағы да басқалары жоғары бағалап, өз ой-пікірлерін жазған. Ә.Бейсенова география ғылымы үшін жас ғалым кадр­ларды тәрбиелеу ісіне де белсене ат­салысуда. Ол магистранттар мен докто­ранттардың ғылыми жұмыстарына жетек­шілік етуде. Оның ғылыми жетек­шілігімен бірнеше докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғал­ған. Ол – ұзақ жылдар бойы Жоғар­ғы Аттестациялық комитеті сараптау кеңесінің мүшесі, әл-Фараби атын­да­ғы ҚазҰУ-дің жанындағы және БҒМ-нің География институтындағы диссертациялық кеңестердің мүшесі бол­ды.

Қазақстан табиғатын және оның тари­хын зерттеу, оның бұрынғы жағ­дай­­ларын бүгінгі күйімен салыстыра қарау Әлия Сәрсенқызын Қазақстан экологиясының мәселелерімен қатар туристік-өлкетану жұмыстарымен шұ­ғыл­дануға да алып келді. 2006 жылы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі мен Білім және ғылым министрлігінің География институты бірлесіп, Ә.Бейсенованың қатысуымен үш томдық Қазақстанның Ұлт­тық атласын жасап шығарды. 

 Оқулықсыз – оқу тұл

Ә.Бейсенованың ғылыми-педагог­тік қыз­метінің үлкен бір саласы – Қазақ­стан­дағы жоғары оқу орындары мен орта мектептер үшін оқулықтар мен көмекші құралдарын, бағдарламалар мен оқу-әдістемелік кешендер шығару ісімен байланысты. Кезінде ол аударуға қатысқан оқулықтар ішінде «КСРО-ның физикалық географиясы», «Географияны оқыту әдіс­те­ме­сінен практикалық жұмыстар», «Материктердің физикалық география­сы бойынша бақылау жұмыстары» сияқты және орта және жоғары мектептерге арналған А.Н.Лаврищевтің «Экономикалық география», «КСРО-ның физикалық географиясы» атты кітаптар, әртүрлі бағдарламалар мен әдіс­темелік құралдар да бар. Кейіннен Қа­зақстан географиясы бойынша оқу­лық­тар жазуға араласты. Оның қа­­­­ты­суымен жазылған (Қ.Карпеков, М.Қалиев, Н.Молдағұловпен бірлесіп) орта мектептің 8-сыныбына арналған «Қазақстанның физикалық географиясы» 1992 жылдан 1999 жылға дейін үзбей басылып, қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр мектептерінде пайдаланылды.

Әлия Сәрсенқызы еліміздің тарихында бірінші рет «Қазақстанның физикалық географиясы», «Экология», т.б. оқу курс­тарынан электронды оқулықтар жасауға тікелей атсалысты және бұл оқулықтар да қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр тілдерінде басылды. «Қазақстанның географиялық атласын» да жасады, ал 2002 жылы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарияланған бұл атлас – мектеп оқушылары үшін ғана емес, жалпы Қазақстан табиғатын білуге құштар көпшілік қауым үшін де зор көмек болғаны даусыз. Жоғарыда аталғандардан байқағанымыз, ғасырлар тоғысы жылдарынан бастап-ақ жаратылыстану ғылымдары бойынша Ә.Бейсенованың жетекшілігі арқылы аса көрегендікпен қазіргі үш тұғырлы тіл саясаты мәселесін жүзеге асырудың қолға алынғанын көреміз. Мұның нақты бір дәлелі, 2000 жылдары академик апайымыз «Қазақша-орысша-ағылшынша-түрікше экологиялық түсіндірме сөздік» пен «Жер туралы техникалық ғылымдар терминдерінің қазақша-орысша-ағылшынша сөздігін жасаудың негізгі проблемалары» деп аталатын іргелі зерттеулерін жүргізеді, нәтижесінде бұлар да жеке басылым ретінде жарыққа шықты.

Қоғамдық істердің қозғаушысы

Ә.Бейсенова жастайынан қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысып келе­ді. Ол Бүкілодақтық географиялық қоғам­ның тексеру комиссиясының мүше­сі, Қазақстан географиялық қоға­мы­ның төралқа мүшесі болып сайланған. Қазақ энциклопедиясының география жөніндегі редакциялық кеңесінің мүшесі, Ұлттық Білім академиясының география жөніндегі оқу-әдістемелік кеңесінің төрағасы, 1998-2008 жылда­ры Президент жанындағы «Отбасы және әйелдер істері жөніндегі» ұлттық комиссияның мүшесі болды, қазір осы комиссияның Алматы қалалық бөлімінің мүшесі. Кезінде ел астанасын Ақмолаға көшіру мәселесінде біраз жұртшылық бұған екіұдай, тіптен, кейбіреулер қарсы көз­қарастағы пікірлер де білдіріліп жат­қан­да, академик Ә.Бейсенова Президент Н.Ә.Назарбаевтың бұл бастамасын ал­ғаш қолдағандардың сапында болды. Ол – елорданың мемлекетіміздің   географиялық орталығы ғана емес, оның стратегиялық маңызын да ғылыми тұр­ғыдан жан-жақты дәлелдей отырып, өзінің тиянақты ойын еліміздің бас газеті бетінде жариялаған болатын. Ал Әлия Сәрсенқызының соңғы жылдар­­дағы ғылыми-зерттеу жұ­мыс­та­ры географияның экономикамен өзара байланысын зерделеуге, қазақстандық патриотизмді орнықтыру мен «Мәңгілік ел» бүкілхалықтық идеясын «Қазақстан – 2050» Стратегиясы аясында жүзеге асы­ру жолына бағытталған, әрі оның осы аталған мәселелер бойынша және бі­лім берудің қолданыстағы оқу бағдар­ламаларына мәңгілік ел құндылық­тарын енгізу жайлы да қомақты еңбектері жа­рық көруде.

Жалпы, Әлия Сәрсенқызы Бейсе­но­ваның ғылыми-шығармашылық, қоғам­дық істері сырт елдерге де мәлім. Ол Мәскеуде, Санкт-Петербургте, Бакуде, Ташкентте, Бішкекте, Киевте, Қазанда және т.б. қалаларда талай рет ғылыми конференциялар мен симпозиумдарға қатысып, баяндамалар жасады. Сонымен қатар алыс шетелдерде, мәселен, Ұлыбритания, Мысыр, Сирия, Ливан, Грекия, Түркия, АҚШ, Италия және тағы басқа мемлекеттерде географияның теориялық және әдістемелік проблемалары жайлы ой-пікірін шетелдік ғалымдар арасында талқылады. Соның бір дәлелі, 1999 жылы АҚШ астанасы – Вашингтонда әйелдер қозғалысының жиынында жасаған баяндамасы арнайы мақтау қағазбен атап өтілді. Қазақ­с­тан экологиясын зерттеу саласын­дағы құнды еңбектері үшін Амери­ка­­ның биографиялық институты Ә.Бейсе­но­ва­ны «2006 – жыл әйелі» деп танып, арнаулы медальмен марапаттады.

Тәжірибелі тәлімгер-ұстаз, әрі әдіс­кер-ғалым Әлия Сәрсенқызы ғылыми-педагогтік іске аса шынайы берілген, маңайындағы адамдарға өте мейірімді, әрқашан қолұшын беруден тартынбайтын, адамгершілік қасиеттері мол, жан-жақты жарасымды жан.

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педаго­ги­калық университеті

«Жаратылыстану және география» инс­титутының ұжымы атынан:

К.КАЙМУЛДИНОВА,

институт директоры, г.ғ.д., профессор,

А.САҒЫНДЫҚОВ,

директордың орынбасары, п.ғ.к., профессор,

Т.УВАЛИЕВ,

«Елтану және туризм» кафедрасының доценті