• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Қараша, 2019

Сыбайластыққа қарсы күресте ілгерілеушілік бар

188 рет
көрсетілді

«Мемлекеттік басқару индикаторлары» шеңберінде сыбайлас жемқорлықты бақылау көрсеткіштері бойынша Дүние­жүзілік банк зерттеуі, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл менеджменті жүйесі» Қазақстан Респуб­лика­сының Ұлттық стандартын қолдану және Көліктік бақы­лау инспекциясы жүйесінде жасалған сыбайлас жемқорлық қылмыстарының статистикасы туралы брифинг өтті.

 

Дүниежүзілік банк «Мем­лекеттік басқару индикаторлары» (The Worldwide Governance Indicators, WGI) зерттеуін жария­лады, оның аясында әлем­нің 214 елінің мемлекеттік бас­­қа­ру сапасы мен тиімділігі баға­ланған. Бұл WGI алты индикаторды қамтиды: «Сыбайлас жемқорлықты бақылау», «Үкі­мет­тің тиімділігі», «Заңның үс­­тем­дігі», «Реттеуші ортаның са­пасы», «Саяси тұрақтылық», «Мемлекеттің есеп беруі». Біздің еліміз «Сыбайлас жем­қор­лықты бақылау» инди­каторы (СЖБИ) бойынша 2018 жылы айтарлық­тай ілгерілеуге қол жеткізіпті. Ал бұл мәліметтер 13 дереккөздің негізінде есептелді, олардың ішінде Bertelsmann Stiftung, Freedom House, Economist Intelligence Unit, PRS Group, World Justice Project, IHS Markit, IMD, World Economic Forum, V-Dem және Transparency International (Әлемдік сыбайлас жемқорлық барометрі) сияқ­ты компаниялардың зерттеу нәтижелері бар. Осы зерттеулер нәтижесі «Сыбайлас жемқор­лықты бақылау» индикаторын құрайтын көптеген ұйымдардың Қазақстанның соңғы жылдағы сы­байлас жемқорлыққа қарсы күрестегі күш-жігерін оң баға­лаған.

Мәселен, PRS Group желі­сі бойынша соңғы жылда Қа­зақстанда сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы іс-қимыл бойынша көр­сеткіш 2 есеге өсті, ал IMD жа­һан­дық бәсекеге қабілеттілік рейтингісінде осындай индикатор бойынша Қазақстан үшін рекордтық көрсеткіш болып табылатын 29-шы орынға ие болды, ол өткен жылмен са­лыс­тырғанда 10 позицияға кө­терілді. Қазақстан «Сыбайлас жемқорлықты бақылау» инди­каторының пайыздық рангінің динамикасы (2012-2018 жж. деректер) бойынша посткеңестік кеңістік елдерінің арасында, яғни Ресей (21,15%), Украина (18,27%), Әзербайжан (21,63%), Молдова (25,96%) Қырғызстан (16,35%), Өзбекстан (12,50%) және Түрікменстанға (8,17%) қарағанда айтарлықтай жоға­рыда тұр. Дүниежүзілік банктің «Сыбайлас жемқор­лықты бақы­лау» индикаторы әлемдегі сыбайлас жемқор­лықты өлшеу­дің беделді нақты­лан­ған көрсет­кіш­тері болып табылады.

Қызметі осындай жоғары ба­ғаға ие болып жатқан Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің атқарып жатқан ісі де зор. Мәселен, көліктік бақы­лау инспекциясы жүйесінде жасалған сыбайлас жемқорлық қылмыстарын ашу статис­тикасына тоқталсақ, 2017 жылдан 2019 жылдың осы кезеңіне дейінгі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өндірісінде сыбайлас жемқорлық құқық бұ­зу­шылық фактілері бойынша 110-ға жуық сотқа дейінгі тер­геу болған. Өндіріспен 99 қыл­мыстық іс аяқталып, сотқа 70-ке жуық іс жіберіліп, бүгінде 11 іс тергелуде. Сыбай­лас жем­­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агент­тігі 1-депар­та­мен­тінің аға тергеушісі Данияр Би­гай­даровтың айтуы бойынша, кө­ліктік бақылау қызметкерлері жасаған сыбайлас жемқорлық қыл­мыстарының көп таралған түрл­ері – парақорлық және лауа­зымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану. Мысалы, осы жылдың сәуір айында Алматы облы­сын­да Талдықорған қала­лық сотының үкімімен Алматы облысы кө­лік­тік бақылау инс­пек­циясы басшысының бұрын­ғы орынбасары Бауыржан Жан­туровқа 100 млн теңгеге жуық айыппұл салынған. Ал ИТК қызметкерлері А.Шағырбаевқа 6 млн теңге, С.Іңкәрбекке 7 млн теңге, Е.Ма­ди­­мовке 6 млн теңге көле­мін­де айыппұл салынған.

Осындай қылмыстарға Ақ­мола, Батыс Қазақстан, Маң­ғыс­тау, Қызылорда, Шығыс Қа­­зақ­стан облыстарында, Алма­ты және Нұр-Сұлтан қалала­рында тосқауыл қойылыпты. Ақ­мола облысында Көкшетау қалалық сотының 2019 жылғы 13 тамыздағы үкімімен «Ақмо­ла облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы» ММ авто­мобиль көлігіндегі бақы­лау бөлімінің басшысы Т.Оспа­новқа 3,3 млн теңге сомасында, бұрынғы қызметкерлер Ж.Үсентаевқа 1 млн 790 мың тең­ге және К.Нұрбековке 1,1 млн теңге айыппұл салынған. Ақ­­мола облысының сыбай­лас жемқорлыққа қарсы қыз­меті олар­дың жолаушыларды билетсіз тасымалдау мен жүк­терді заңсыз алып жүрудің жо­лын кесу бойынша шара­лар қолданбай, керісінше (жалпы сомасы 180 000 тең­ге болатын 17 факт) жолау­шылар пойыздарының бригадир­лерінен 5 мыңнан 20 мың тең­геге дейін ақшалай қаражат ал­ға­нын анық­тады.

Сонымен қатар осы салада мем­­лекеттік қызмет көрсету кезінде парақорлық фактілері орын алған. Өткен тамыз айын­да Тараз қаласының №2 со­ты­ның үкімімен «Жамбыл об­лысы бойынша көліктік ба­қылау инспекциясы» ММ Мем­лекеттік қызмет көрсету және ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінің басшысына 1,6 млн теңге көлемінде айыппұл са­лын­ған. Ол Қазақстан Респуб­ликасы аумағында ауыр салмақ­ты және ірі көлемді көлік құрал­дарының жүріп өтуіне ар­найы рұқсат бергені үшін кәсіп­керлік субъектілерінің өкіл­дерінен бір­неше рет пара алды деп күдікке ілінген.

2017 жылдан бастап 2019 жылдың осы кезеңге дейінгі жедел-тергеу практикасын зерделеу осы саладағы қылмыс­тардың негізгі бөлігі арнайы рұқ­сатсыз кө­лік құралдарының өткізілуі мен оларды әкімшілік жауап­керші­лікке тартпағанын көрсетті.

Қазіргі уақытта сыбайлас жем­­қор­лыққа қарсы қызметтің ұсынымы бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитеті жанынан жобалық кеңсе құрыл­ды және көліктік бақылау қыз­мет­керінің қатысуынсыз авто­мобильдердің салмақтық және га­бариттік параметрлерін автоматты түр­де айқындайтын автоматтандырылған өлшеу стансаларын пайдалануға енгізу жұмыстары жүргізілуде.

Тасымалдаушылардың автоматтандырылған өлшеу стансаларында АКҚ сал­мақ­­тық және габариттік па­ра­­метрлерін арнайы авто­мат­тандырылған өлшеу құралы­ның салмақтық және габариттік параметрлерінен асыра жүріп өткендігі анықтал­ған жағдайда қайта анықтауға мүмкіндігі бар. Бұл ретте, тасымалдаушылар­ды жолда тоқ­татпай жүк тасымалдау мерзімін қысқартуға және сыбайлас жем­қорлық тәуе­келдерінің алдын алуға болады.