• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Парламент 26 Қараша, 2019

Басты мақсат – әлеуметтің әлеуетін көтеру

195 рет
көрсетілді

Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаеваның төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Онда Мәжіліс мақұлдаған бірқатар заң жобасы талқыланды. Отырысқа Үкімет басшысы Асқар Мамин қатысты.

Отырыста Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов «Респуб­ликалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері ара­сындағы 2020-2022 жылдарға ар­налған жалпы сипаттағы транс­ферттердің көлемі туралы» заң жо­басы бойынша баяндама жаса­ды. Аталған заң жобасы 2017-2019 жылдарға арналған транс­ферттер туралы заңның мерзі­мі аяқталуына байланысты әзір­ленгенін мәлімдеді.

 Табыс салығы жергілікті бюджетке беріледі

Жалпы сипаттағы трансферт­тер өңірлердің бюджеттік қам­та­масыз етілуін теңестіруге бағыт­талған. Министрдің айтуынша, 2020-2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің ерекшеліктері жоқ емес. Ең алдымен, заң жобасында жергілікті атқарушы органдарды шағын және орта бизнесті дамытуға ынталандыру жолға қойылған.

«Ол үшін шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығын 2020 жылдан бастап жергілікті бюджеттерге беру қарастырылды. Екінші басты мәселе, заң жобасында өңірлердің ерекшеліктері де есепке алынды. Ол үшін жаңа коэффициенттер енгізілді. Атап айтар болсақ, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі, аймақ ауданы, тұрғын үй саны, өңірдің жалпы өңірлік өнімінде шағын және орта бизнестің үлесі», деді Руслан Дәленов.

Одан кейін Ұлттық экономика министрі 2020 жылы жергілікті бюджеттердің жалпы шығыстарының көлемі 4,7 трлн теңге, 2021 жылы 4,9 трлн теңге, 2022 жылы 5,1 трлн тең­ге көлемінде болжанғанын хабар­лады. Сонымен қатар агроөнер­кәсіптік кешенді субсидиялауға, медициналық мекемелердің күр­делі шығындарына және мек­теп­терді салуға жергілікті атқарушы органдармен бағытталуы тиіс бюджет қаражатының ең төмен көлемі бекітілетінін де айтып өтті.

 Өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған түзетулер

Ал Премьер-Министрдің бі­рін­ші орынбасары – Қаржы министрі Ә.Смайылов «2020-2022 жыл­дарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын ұсын­ды. Бюджет жобасы барлық әлеу­меттік міндеттемелердің орын­далуын қамтамасыз ету, 2025 жылға дейінгі стратегияны іске асыруды қамтамасыз ету, Ел­басының тапсырмаларын және Мемлекет басшысының Жол­дауын іске асыруын қамта­ма­сыз ету сияқты  3 негізгі мін­детті шешуге бағытталған. Ә.Смайы­ловтың айтуынша, негізгі мақсат – мұғалімдер мен мәдениет қызметкерлерінің жалақысын көбейту. Ол үшін 3 жылға 1,1 трлн теңгеден астам қаржы қажет.

Сонымен қатар микро және шағын бизнесті салық төлеуден босатуды ескере отырып, субвен­циялар және алып қоюлар көлемі өзгертілген. Сондай-ақ бюджет жо­басын қарау барысында Пар­ламент депутаттарының ұсыныс­тары бойынша халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және өңірлерді дамытуға бағытталған бірқатар түзетулер ескерілді. Қосымша ауылдық елді мекендерді таза ауыз сумен, су бұру, газдандыру қызметтерімен қамтамасыз етуге, оған қоса тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы объектілерін және көлік инфрақұрылымын дамытуға қаражат көзделген.

Министр заң жобасы бо­йынша әлеуметтік көмекке және қамсыздандыруға 11 трлн теңге, оның ішінде 2020 жылға 3,4 трлн теңге жоспарланғанын мәлімдеді. Шығыстардың басым бөлігі немесе 97%-ы зейнетақы, жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек және біржолғы қаржылай өтемақы төлеуге арналған.

Ал денсаулық сақтау саласына 4,7 трлн теңге, 2020 жылға 1,5 трлн теңге қарастырылған. Бұл биылғы бөлінген қаражатқа қарағанда 299 млрд теңгеге өскен. Аталған өсім негізінен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға көшумен және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде ме­ди­цина қызметкерлерінің еңбек­ақы­сының ұлғаюымен байланысты.

Сонымен қатар бюджет жобасында білім беру және ғылымға 3,7 трлн теңге, оның 858 млрд теңгесі 2020 жылға қарастырылғаны да мәлім болды.

 Әлеуметтік сала шығындары – 5,7 трлн теңге

Сенаторлар бюджет жобасын талқылау барысында еліміздің негізгі қаржы-экономикалық заңына 85 түзету мен толықтыру ұсынды, оның 44-і қабылданды.

Түзетулер, ең алдымен, ай­мақтарды дамытуды ынта­лан­дыруға және азаматтардың әл-ауқатын жақсарту шараларына қатысты. Мәселен, балаларға, көп ­балалы отбасыларға, мүге­дек­терге берілетін жәрдемақыны арт­тыруға, бюджет саласы қыз­мет­керлерінің жалақысын ұлғайтуға, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салуға бөлінетін әлеуметтік сала шығындары 5,7 трлн теңге немесе 45%-ға жуық болып отыр.

Өңірлердегі кезекте тұр­ған­дардың жер телімдерін алуына орай «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасының шараларын қаржыландыру аясында инфрақұрылым құрылысына арналған қаржыға байланысты да бірқатар түзету ұсынылды.

Сонымен қатар Жоғарғы Палатаның жалпы отырысында шалғайдағы елді мекендерде сумен жабдықтау жүйесін салу және қайта құру, сондай-ақ Аймақтарды дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы шараларды жүзеге асыруға қатысты түзетулер талқыланды.

Сенат Төрағасы Д.Назарбаева өз сөзінде барлық деңгейдегі бюд­жет шығындарын бақылай алу үшін Есеп комитетін, аймақ­тардағы мәслихаттарды және есеп комиссияларын кадрмен және ұйымдастыру саласы бойынша қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ кірістер мен шығыстардың жалпы көрінісімен танысу үшін Сенатқа облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар бюджеттерінің жобалары ұсынылғаны жөн екені айтылды.

«Республикалық бюджет комиссиясы өтінімдерді өзде­рі қарай береді, ал бюджет комис­сиясының жұмыс тобының жал­пы отырысына Парламент депутаттары формальды түрде қатысумен шектеледі. Үкіметтің назарын осы мәселелерге аудара отырып, жақын арада тиісті шаралар қабылдауды ұсынамыз», деді Д.Назарбаева.

Парламент Сенатының жалпы отырысының қорытындысы бойынша депутаттардың рес­пуб­ликалық бюджет жобасына енгіз­ген түзетулері Мәжіліске жіберілді.

Заң жобаларын талқылау барысында Орталық, Шығыс  және Солтүстік Қазақстан облыстарын газбен қамтамасыз ету мәселесі де назарға алынды. Осы ретте Үкімет басшысы Асқар Мамин облыс­тарды газдандырудың бірнеше жолын қарастырып жатқанын хабарлады. А.Маминнің айтуынша,  бірінші нұсқаға сәйкес, елордаға жеткен «Сарыарқа» газ құбыры одан әрі дамытылып, 2 және 3-кезең есебінен Павлодар облысының тұрғындарына көгіл­дір отын жеткізілетін болады. Ал екінші нұсқа бойынша, Ре­сейдің газ тасымалдау жүйе­сіне қосылу көзделеді. Бұл мәсе­леге байланысты ресейлік «Газ­пром» компаниясымен келіс­сөз­дер жүргізілуде. «Қазіргі уақытта осы екі нұсқа бойынша да техникалық-экономикалық не­гіздеме әзірлеу бағытында тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. 2020 жылдың 1-тоқсанында жобаны қай нұсқамен дамытатыны туралы түсінік болады», деді Үкімет басшысы.

Соңында сенаторлар тиісті органдарға депутаттық сауалдарын жолдады.