• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 28 Қараша, 2019

Абайдан соң... Мұқағали сөздігі

647 рет
көрсетілді

Қоржыны қазынаға толы қазақ әдебиетінің жүріп өткен сүрлеулі, соқпақты жолына көз салсақ, шығармаларымен оқырман санасында жатталып қалған талантты қаламгерлер көп-ақ. Әдебиетке еңбегі сіңген ақын-жазушыларды кейінгі ұрпақтың ұлықтап, мадақтауы заңдылық екенін ескерсек, қазіргі таңда да ұлылардың ұлағаты қадари-халінше насихатталуда.

Сөзіміздің төркіні автордың сөз байлығын көрсететін шығармаларының тілдік тұрғыдан зерттелуінде болып отыр. Бүтін бір шығармашылық әлемді тілдік сипаты бойынша жүйелеп, сөздік құрастырудың қаншалықты жанкешті жұмыс екенін сол іске маңдайының тері сіңген тілші-ғалымдар ғана білсе керек. Мехнаты мен машақаты мол мұндай еңбектің арғы-бергі тарихына үңілсек, сонау 1874 жылы ағылшынның ұлы драматургі әрі ақыны «У.Шекспир тілінің сөздігі», Ресей ғылым академиясы жасаған (1933 – 1960) ІV томдық орыстың ұлы ақыны «Пушкин тілінің сөздігі» (М., 1956-1961), 1968 жылы жарық көрген қазақ халқының ұлы ақыны «Абай тілінің сөздігін» көреміз. Міне, енді осы қатарға таяуда Ұлттық академиялық кітапханада тұсаукесер рәсімі өткен «Мұқағали тілінің сөздігі» қосылып отыр.

Көлемі – 1064 бет, яғни 111 баспатабақтан тұратын еңбекті құрастырған – елімізге танымал ғалымдар Байынқол Қалиев, Жансейіт Түймебаев, Шерубай Құрманбайұлы, Сәбира Исақова. Сөздікте ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 5 томдығындағы («Жалын» баспасы, 2013) 1177 шығармасында бар 13 348 дара сөз бен 5035 тұрақты тіркес – барлығы 18 300 тілдік бірлік қамтылған. Олар 21 453 мағынаға сараланыпты. Және көрсетілген тілдік бірліктер 282 мың рет қайталанған. Мысалы, -да, -де шылауы Мұқағалида 3821 рет, Абайда 648 рет қолданылса, -ба, -бе сұраулық шылауы (болымсыз етістік формасы) Мұқағалида 1968, ал Абайда 416 рет кездеседі.

Тұсаукесер рәсімінің модераторлық міндетін атқарған тілші-ғалым Шерубай Құрманбайұлы кітаптың жалпы мазмұнынан ақпарат беріп: «Бұл сөздік – бір сөздік емес, ол түсіндірме сөздік пен жиілік сөздіктердің қосындысынан тұратын жиынтық (синтездік) сөздік. Яғни екі түрлі сөздіктің бірлігінен құралған сөздік. Бір сөзбен айтқанда, біз бұл сөздікті «Мұқағали тілінің анықтамалығы» деуімізге негіз бар. Кез келген зерттеуші, лингвист, оқушы, мұғалім Мұқағалида етістік қанша рет қолданылғанын, А әрпінен басталатын сөз неше рет кездесетінін немесе Мұқағали қай сөзді бір-ақ рет пайдаланғанын, ең жиі қолданған сөздерін осы сөздіктен біле алады. «Жиілік сөздік» деп айтқанымыз жалаң сөз болмасын деп осының бәрін кестеге түсірдік», деп атап өтті.

«Бұл сөздік туралы алғаш Бексұлтан Нұржеке­ұлы­­ның мақала­сынан білдім. Оқып, кітаптың жай-жапсарын кәдімгі тіл маманындай ашып жазған Бексұлтанға да, құрастырған сайдың тасындай іні-қарындастарыма да риза болдым. «Абай тілінің сөздігінен» кейінгі жөні де, жолы да бөлек көптен күткен еңбек бұл», деп сөз бастаған Мырзатай Жолдасбеков ақиық ақын туралы естелігімен де бөлісті.

«Бір күні әйелім екеуміз көшеде келе жатсақ, поштаның алдында Мұқаң тұр екен. «Мырзаш, сен диссертация қорғайын деп жатыр екенсің ғой. Тақырыбың керемет екен, мен сенің қорғауыңда өлеңдетіп сөз сөйлеймін», деді ақын. Содан не керек мен күмілжи бастадым. Ол кез бәрі Мұқаңнан сырт айналып жүрген уақыт еді. Мен: «Мұқа, қор­ғаудың уақыты әлі анықталған жоқ», деп тай­сақтадым. – Қайдан анықталған жоқ, авторе­фера­тың­ды біреудің қолынан көрдім ғой, – дейді. – Ол өзге­ріп жатыр, Мұқа, – деп едім, біртүр­лі үнсіз қал­ды. Осы күні сол қылығыма қатты өкінемін. Қор­ға­май қалсам да Мұқаң келіп өлең­мен сөз сөйлесе, бұл бір тарихи оқиға болар еді-ау. Мұқаң: «Маған өлең аққудың қанатымен келеді», дейтін. Менің ойымша, Мұқаңа о бастан өлең қонған. Алладан жыр аяны, жыр баяны келген кісі. Періштелі ақын. Мұқағалидың өзі де өлең, сөзі де өлең. Қаны да өлең, жаны да өлең. Мұқағали өлеңдерінің құдіретті құздан құлағандай кесек, мұхиттың түбіндей терең, табиғаттың өзіндей таза, бұлақтай мөлдір, гауһардай жарқырап, тұла бойыңа жыр төгіліп тұратыны сондықтан».

Сөздікке пікір жазған ғалымдардың бірі Әділ Ахметов кітап жайлы мәлметтермен бөлісе келе: «Бұл сөздік қазақ лексикография ғылымына қо­сыл­ған үлкен үлес. Мұны жасаған ғалымдар да нағыз кәсіби мамандар. Және бұл еңбектің артықшылығы – бұрын шыққан сөздіктерді шолып, салыстыра отырып құрастырылған. «Энцик­ло­педиялық сөздік» десек те артық емес. Мұқағали шы­ғар­ма­шылығындағы әр сөзді, әр тіркесті, өлеңдегі әр бұрылысты қапы қалдырмай зерттеп, кітапқа түсір­ген кәсіби ғалымдардың еңбегі зор. Мұқағали шығармашылығының жаңа дәуірі басталғандай», деп ой түйін­деді.

Ақынның шығармашылық қуатынан сөз баста­ған Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрах­манов: «Мұқағалидың ақындық құдіретін мына кітап анық көрсетіп отыр. Оның сөзі һәм ұйқа­сы ойының, сезімінің жетегіне ерген соң ағыл-тегіл лирикалық өлеңдер туған. Пушкиннің 10 томында 21 мың сөз бар. Ал Мұқағалидың 5 томы­нан осыншама дерек пен дәйектің шығуы тілдік тұрғыдан ақынның ерекшелігін байқатады. Енді бір он жыл маңдайымызға сыйғанда қазақ ғылы­мына қанша сөз, қанша бояу қосылар еді. Енді мұқағалитанудың жаңа жолы басталып, ақын шығармалары тілтанудың, ғылымның айналымына түседі. Орыста Пушкиннен кейін қанша ұлы ақын болса да олардың сөздігі жасалмаған. Қанша әспеттелсе де Лермонтов, Маяковский тілдерінің сөздігі жоқ. Өйткені Лермонтов пен Пушкиннің тіліндегі дәуірлік ұқсастықтар болды. Ал Мұқағали тілінің жасалатын себебі – Абайдың заманы бір басқа, поэтикалық тілдің қалыптасқан кезеңінің жарқын үлгісі Мұқағали заманы бір басқа. Қазір көзім түсіп отыр, сөздікте Мұқағалидың қате жаз­ған сөздері дұрыс нұсқасымен беріліпті. Бұл дегені­ңіз үлкен еңбек қой», деді.

Мұқағали өлеңдерінің түрік тіліне аударыл­уы хақында ой қозғаған Қазақстан халқы Ассамблеясы төраға­сының орынбасары, ғалым Жансейіт Түйме­баев аударма мәселесіне кеңінен тоқталды. «Алды­мыз­да Мұқағали поэзиясын әлемнің көптеген тіл­де­ріне аудару міндеті тұр. Біз өз тарапымыздан Абай өлеңдерін бірінші кезекте еліміздегі этностар тіліне аудару бастамасын алдық. Мұқағалиды да 130 тілге аударып бастасақ, үлкен істің басы бол­май ма?! Ал мына сөздік бірнеше жүздеген дис­сер­тацияға арқау болады. Яғни ғалымдарға бері­ліп отырған шикізат дегенге саяды. Осы үлгі­мен зерт­те­ліп, зерделенуге тиісті авторлар бар. Мәселен, абыз Әбіш Кекілбайұлының сөздігі. Әбіш ағаның твор­чес­тво­сындағы тіл байлығынан сөздік жасалса, үлкен оқиға болар еді. Қадыр Мырза­лиев ағамыз­дың да сөздігі кезек күтіп тұр. Бұдан бөлек басқа да іргелі ақын-жазушылардың сөздік­тері дайындалып, цифрландырылса, қазақ әдебие­тінің, тілінің, мә­дениетінің жаңа бет-бейнесі қалып­та­са­ды», деді ғалым.

Әдебиет теориясының бүгінгі сын сағатын тарқа­та айтқан түркітанушы-ғалым Шәкір Ыбыраев әдебиет­тану ғылымының ілгерілемей жатқанын жеткіз­ді. «Қазақ тілінің қоры Мұқағали поэзиясында қалай түрленді? Қандай бояулармен құбылды? Бұл әдебиет теориясындағы герменевтика, таңба, символ, дискурс, норатология – қазіргі әдебиеттанудың ең өзекті мәселелерін осындай аспектілі психологиямен байланыстырып зерттеуіміз керек. Бірақ біз оған әлі келген жоқпыз. Өкінішке қарай, қазір қазақ әдебиеттану ғылымының теориясы тоқырауда тұр. Жаңа деңгейге қадам басуымыз үшін бізге осындай базалық зерттеу еңбектер керек», деді ол.

Кітап тұсаукесеріне қытайтанушы-ғалым Дүкен Мәсімханұлы, ардагер журналист Сүлеймен Мәмет, ақын Қадір Әлімқұлов, т.б. ел ағалары, жазушы, ға­лым­дар, студенттер мен БАҚ өкілдері қатысты. Бес жыл уақыт жұмсалған «Мұқағали тілінің сөздігі» 5000 данамен «Керемет Медиа» баспасынан, мемлекеттің бюджетінсіз жарық көріп отыр.