• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Парламент 29 Қараша, 2019

Мұғалім мәртебесі туралы заң жобасы мақұлданды

3386 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Тамыз конференция­сында білім саласын жетіл­діруге қатысты бірқатар тапсырма жүктеген еді. Осыған орай «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы Парламент Мә­жі­лісінің жалпы отырысында жан-жақты талқыланып, мақұлданды.

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалымен өткен палатаның жалпы отырысында мұғалімдердің мәртебесін арттыру мәселелері кеңінен қаралды. Алдымен депутаттарға Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын таныстырды.

Оның айтуынша, 19 баптан тұратын заң жобасы 4 бағытты қамтиды. Құжатта бірінші – ұстаздардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстан босату, жүктемесін азайту; екінші – мұғалім қызметіне қоятын талаптарды күшейту; үшінші – материалдық емес ынталандыру тетіктері және төртінші материалдық ынталандыру мәселелері қарастырылған.

– Бірінші бағытта заң жобасында педагогтердің құқықтары бойынша 10 жаңа позиция қарастырылған. Олардың барлығы мұғалімнің жеке дамуына және оқу процесін жетілдіруге мүмкіндік береді. Мұғалімдерді артық жұмысқа, өзінің функциясына кірмейтін жұмысқа тартуға, шамадан тыс есеп беруге, қағазбастылыққа, негізсіз тексерулерге тыйым салу арқылы жүктемені азайту бойынша жеке нормалар да көзделген. Бұл – шынында да бүгінгі таңда өте өзекті проблема. Жуырдағы халықаралық TALIS зерттеулерінің көрсеткіштерін көріп отырмыз. Сол зерттеулерге байланысты жалпы ТМД, ЕҚЫҰ мемлекеттерімен салыстырғанда біздің әріптестеріміздің жүкте­месі өте көп. Мысалы, ЕҚЫҰ мемлекеттерінде 38 сағат болса, бізде – 48,8 сағат. Сондықтан бұл норма өте маңызды болып тұр, – деді министр.

Сондай-ақ заң жобасында педагог мәртебесін арттыру, оның қызметіне қойылатын талаптарды күшейту де көзделген. Сондықтан құжатқа сәйкес, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап мұғалім ретінде кәсіби қыз­метін жүзеге асыруға алғаш рет кірі­сетін тұлғалар педагог білік­тілігінің сәйкестігін растауы тиіс. Мұғалімдердің этика мәсе­лелеріне де көңіл аудары­луда. Педагогикалық қызметке жі­бе­рілмейтін себептер де кеңейтіліп отыр. Әр білім беру мекемесінде әдеп бойынша кеңестер институты енгізілмек.

Үшінші – материалдық емес ынталандыру тетіктері. Осы ба­ғыт бойынша мұғалімдердің бала­ларына балабақшаларда бірін­ші кезекте орын беру нормасы қарастырылуда. Бұған қоса «Қазақстанның еңбек сіңір­ген ұстазы» мемлекеттік мара­па­тының жаңа түрі сияқты бірқатар материалдық емес ынталандыру да енгізіледі. Әскери қызметті кейінге қалдыру, ауылдық жерде жұмыс істейтін мұғалімдерге үстеме жалақы, денсаулық сақтау, үздік педагог, ЖОО-ның үздік оқытушысы сияқты барлық әлеуметтік кепілдіктер де осы заңда сақталды.

Ал төртіншісі – материалдық ынталандыру мәселелері. Мем­лекет басшысының Тамыз конференциясындағы тапсырма­сына сәйкес алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің жалақысы екі есеге артады. Бұл келесі жыл­дан бастап еңбекақы 25%-ға көбейетінін білдіреді. Әри­не осы мәселе бойынша педа­гог­тердің ішінде біраз күдік те бар. «Жалақыны көтергенде база­лық лауазымдық жалақыны алып, соны ғана көтере салады екен» деген сияқты ойлар айтылуда. Сондықтан бұл мәселе Пре­зи­денттің бізге берген тапсыр­масының аясында жалпы мұ­ғалімнің жалақысына қатысты болады деп айтқым келеді жә­не қаңтар айынан бастап бұл жұмыс жүргізіледі, – деді Асхат Аймағамбетов.

Бұған қоса министр заң жобасында сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін педагогтерге 2 есе мөлшерде қосымша ақы төлеу көзделгенін айтты. Бұл норма еліміз бойынша 182 мың сынып жетекшісіне және дәптер тексергені үшін үстемақы алатын 165 мың мұғалімге қатысты. Сондай-ақ барлық педагог үшін демалыс кезеңін 56 күнге дейін ұлғайту қарастырылады. Бұл норма бүгінгі таңда 110 мың мұғалімге қатысты. Олар осыған дейін 42 күн демалып келген.

Сонымен қатар тәлімгерлік үшін педагогтерге жыл бойы 17 мың теңге қосымша ақы беру де ұсынылып отыр екен. Ал магистр атағы бар педагог мектепке келіп жұмыс істейтін болса, оларға 10 АЕК мөлшерінде қосымша ақы төлеу көзделеді.

– Тағы бір маңызды бастама, көптен бері көтеріліп жүрген проблема – колледж мұғалімдерінің категорияларына үстемақы тө­леу. Он жыл бойы колледжде іс­тейтін мұғалімдер осы проблеманы көтеріп жүр. Директорлар мен олардың орынбасарларының да жалақысы төмен. Олар өздерінің біліктілігіне сәйкес бүгінгі таңда үстемақы алып отырған жоқ. Сондықтан осы заң жобасы аясында аталған мәселені шешуді де қарастырып отырмыз. Біріншіден, осы әріптестеріміз еңбекақысы екі есе көтерілетін басқа да ұстаздар ішіне кіріп отыр. Екіншіден, өздерінің категориясына сәйкес, 30-дан 50%-ға дейін тиісті үстемақысын алады. Педагогтерді материалдық ынталандырулар қаржымен толық қамтамасыз етілген. Жалпы, бес жылға осы нормаларды жүзеге асыру үшін 5,3 трлн теңге беріледі. Депутаттар бұл мәселені өздері көтеріп, қолдап, «Бюджет туралы» Заңда қарастырған еді. Заң жобасы аясында мұғалім мәртебесін арттыру мәселесі ғана емес, білім саласының сапасын көтеру мәселесі де шешіледі. Бүгінгі отырысты пайдалана отырып, еліміздің барлық мұғалімдерінің атынан және жеке өз атымнан Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшелеріне, жұмыс тобының мүшелеріне біздің заң жобаларымыз бойынша ауқымды жұмыстарыңыз үшін алғыс білдіреміз. Біз қарастырмаған нормалар бойынша ұсыныстар түсіп жатыр және жұмыс істеп жатырмыз. Ең бастысы бұл – құқықтық негіз болатын заң. Әлі де заңды жетілдіруге болады. Мем­лекеттің дамуына байланыс­ты мұғалімдердің жағдайын жақ­сарту үшін болашақта тиісті өзге­рістер енгізетін кез келетін шығар деп ойлаймын, – деді министр.

Бұдан кейін заң жобасына қа­тысты депутаттар Білім және ғылым министрі Асхат Айма­ғам­бетовке сұрақтарын қойып, сын-ескертпелерін жеткізді. Ең алдымен, мұғалімдер мен оқушыларға жүктемені төмендету мәселелері қозғалды.

– Нормативтік оқу жүкте­ме­сінің мәселесі – өте өткір және күрделі. Төмен жүктеме – бұл мұғалім үшін аз жалақы, ал жоғары жүктеме шамадан тыс жауапкершілік және оқыту сапасының төмендігіне ықпал етеді. Сондықтан да Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің жүктемесін азайтуды міндеттеді. Заң жобасының үкіметтік нұсқасында бұл норма қарастырылмаған. Заң жобасын талқылау аясында біз педагогтер қауымымен кездестік. Мұғалімдер оқу жүктемесі олар үшін де, оқушылар үшін де шамадан тыс жоғары екенін айтты. Сондықтан бұл жағдайды түзету үшін депутаттар нормативтік оқу жүктемесін аптасына 18 сағаттан 16 сағатқа дейін төмендетуді ұсынады. Бұл ретте олар қазір 18 сағат үшін қанша алып жүрсе, 16 сағат үшін де сонша алуы керек. Бұл – өте маңызды, – деді Нұрлан Нығматулин.

Мәжіліс Спикері мұғалімдерге жүктемені қысқарту міндетіне қоса, оқушыларға да апталық жүктемені азайту керектігін атап өтті.

Ал депутаттар педагогтің ар-намысын қорғау мен қадір-қа­сиетіне жету жағына ерекше назар аударды. Айталық мәжі­ліс­мен Бекболат Тілеухан заң жобасындағы бір-біріне қайшы келетін тармақтарды сынға алды.

– Бұл – қоғамға қажетті тамаша заң жобасы. Nur Otan пар­тиясының сайлауалды уәдесін орындауға мүмкіндік беріп те отырған заң жобасы. Бірақ мы­на жерде мынадай қызық болып тұр. 6-баптың 2-тармағы 1-тармақшасында «Педагогті оның кәсіптік қызметтеріне байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға жол берілмейді» деп жазылған. Ал заң жобасының 15-бабы 7-тармақшасында «Қо­ғамның әлеуметтік, мәдени және экономикалық дамуына жәр­демдесуге міндетті» дейді. Қо­ғамның әлеуметтік-эконо­микалық дамуына жәрдемдесу меніңше мұғалімнің қызметіне кірмейді. Түлкі бұлаң болып кеткен жоқ па? – деп сұрады депутат министрден.

Осы тұста сөзге араласқан Нұрлан Нығматулин «ауру қалса да, әдет қалмайтындығын», екі норманың бір-біріне үйлес­пей­тінін, мұндайды Парламентке әкелмей тұрып түзету қажеттігін қатаң ескертті.

– Шын мәнінде бұған біз келісеміз. Осын­дай редакцияда бергеннен кейін шын мәнінде басқаша түсінеді. Біздің әріптестерімізді жұ­мыс­қа қайтадан тартуға осы нор­ма мүмкіндік беруі ықти­мал. Бұл кемшілікті мойындай­мыз. Жұмыс тәртібінде бұл мәсе­ле жұмыс тобында да қарас­ты­рылды. 2-оқылымға дейін сіздің ұсынысыңызды қабылдаймыз, – деді Асхат Аймағамбетов.

Сонымен қатар бұл отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне газ және газбен жабдықтау мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасы қаралды.

Бұған қоса жалпы оты­рыс­қа Ин­дус­трия және инфра­құрылымдық даму министрі Бей­біт Атам­құлов келіп, осыған дейін де­путаттардың жолдаған сауалдарына жауап берді.