Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, зиялы қауым өкілдерінің және 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушылармен бірге «Желтоқсан – тәуелсіздік тірегі» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Алматы қаласы Әкімдігі мен Қоғамдық даму басқармасының тапсырысы бойынша халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қоры жүзеге асыратын «Патриоттық рух – басты құндылық» жобасы аясында жүргізіліп отыр.
Көптен бері шешімін таппай келе жатқан мәселелер қайта көтерілген бас қосуға Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері Байғали Есенәлиев жүргізген шараға қоғам қайраткері, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім, ақын, журналист, публицист Жанарбек Әшімжан, жазушы Ахметжан Әшири, ҚР Ұлттық кітапханасының ғылыми хатшысы Болат Жүнісбекұлы Жүнісбеков, қоғам қайраткері, Желтоқсан құрбаны Ләззат Асанованың анасы Асанова Алтынай, академик, этнограф-жазушы Ғалия Қайдауылқызы, профессор Анар Салқынбай, жастар ұйымының өкілі, bugin.kz порталының бас редакторы Марғұлан Ақан сынды көптеген зиялы қауым өкілдері, желтоқсаншы, қайраткер жазушыларымыз қатысты.
Өткізіліп отырған іс-шараның мақсаты – ата-бабамыздың тәуелсіздік жолында ерлігін үлгі етіп, өз Отанын сүюге, еліне, халқына, қызмет етуге тәрбиелеу. Еліміздің тәуелсіздігін атап өту қарсаңында ел тарихына шолу жасау. Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша баяндамалар талқыланып, пікірталастар жүргізілді. Сонымен қатар әдеби-сазды бөлімі де қонақтарды елжіретпей қоймады.
Желтоқсан: Тәуелсіздікті қайта қалпына келтірген көтеріліс. Грузия тәуелсіздігін алған күнін 26 мамырда тойлайды. Себебі 1918 жылы тұңғыш «Грузия демократиялық республикасы» құрылды және оны сол кезде мойындап үлгерген мемлекеттер бар. Кез келген елдің тарих оқиғалары бір-біріне ұқсап, жанасып жатады. Бәріндегі ортақ мүдде біреу-ақ. Ол – тәуелсіздік. Тіпті Грузия ресми түрде 1991 жылы алған азаттықтарын «тәуелсіздікті қайта қалпына келтіру» деп баға да берген, ресми атаған, десті жиынға қатысушылар.
«Елде бір емес 11 желтоқсаншылардан құрылған ұйым бар. Олардың екеуі мемлекеттік деңгейде болса, қалғаны жеке топтардан құрылған. Әр ұйымның жыл сайын осы желтоқсанда көтеретін мәселесі жеткілікті. Тек шешімін таппаған секілді. Оны осы дөңгелек үстел басында отырып көрдім», – дейді жастар ұйымының өкілі, bugin.kz порталының бас редакторы Марғұлан Ақан.
Айналып келген кезде «Тәуелсіздік монумент» деген ауыз толтырып айтатын ескерткіш осы Алматы қаласында ғана орналасқан. Ал бұл монументтің үлгісі әр қалада болуы керек, деді дөңгелек үстелге қатысушылар.