• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
100 20 Желтоқсан, 2019

«Егеменнің» тарихын түгендеген еңбек

656 рет
көрсетілді

Жуырда елордадағы «Фолиант» баспасынан белгілі журналист Тілекқабыл Боранғалиұлының «Еңбекші қазақ» әндері» кітабы жарық көрді.

Кітапқа автордың «Егемен Қазақ­стан» газетінің өткен ға­сыр­дағы тарихы өрнектелген зерт­теулері енгізіліп отыр. Бас басылымның қалыптасу кезеңдері мен қаламгерлердің тағдырын арқау еткен сүбелі еңбек құнды дерек­терге негізделген. Сүбелі  дей­тін себебіміз, кітапқа енген зерттеу мақалалардың ал­ды осыдан ширек ғасыр, соңы он шақты жыл бұрын әбден егжей-тег­жейлі зерттеліп, мұрағат материалдарына сүйеніп жазылған, баспасөзге жарияланған әрі журналистикада резонанс туғызған дүниелер. Яғни, сол жылдары «Егеменде» қызмет істеп жүрген журналист Тілекқабыл Боранғалиұлы басылымның сексен жылдық мерейтойы қарсаңында зерттеу мақалаларымен газетке тарту жасауды бастап кетеді. Бұл жайында автордың өзі былай дейді: «1989 жылы газеттің 70 жылдығын тойлағанда біздің насихат бөлімі мере­келік арнаулы нөмірді шығаруға жауапты болып бекітілді. Байқағаным, бұ­ған дейінгі баспасөз зерттеушілері басылым тарихын тым саясаттандырып, түрлі кезеңдегі ұранды мақалаларды тізуге көбірек кө­ңіл бөлініпті. Газетпен байланыс­ты қызықты тағдырлар, қуғын-сүр­гінге ұшыраған аяу­лы тұлғалар бейнесі әлі көмескі екен. Содан бас­тап газет шежіресіне ден қой­дым».

Газет шежіресіне қызығу­шылықпен кіріскен журналист Тілекқабыл Боран­ғалиұлы ең алдымен тұңғыш редактор Халел Есенбаевтың есімін қайтарады. Оған дейін «Ұшқынның» (қазіргі «Егемен Қазақстан») тұңғыш редакторы ретінде Тәмимдар Сафиевтің аты-жөні көрсетіліп келген еді. Т.Боранғалиұлы Ха­лел Есенбаевтың тұңғыш редак­тор болғанын мұрағат құжаттары ар­қы­лы жан-жақты дәлелдеп береді. Басылымның 1920 жылдардағы редакторлары қатарына Бернияз Күлеев, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауы­тов есімдерін қосып, олардың басылым тарихындағы орындарын анықтап әрі дәлелдеп беру үшін де автордың көп ізденгені байқалады.  Оған қоса сексен жылда газетке қол қойған отыз үш редактордың өмірбаянын, басқарған жылдарын жүйеге келтіріп, суреттерін тауып «Егеменге» жариялатуы жур­налистің мақсатының орындалғаны әрі еңбегінің жанғаны деп түсінеміз.

«Егемен Қазақстанның» тәуелсіздікке дейін «Ұшқын», «Еңбек туы», «Еңбекші қазақ», «Еңбекшіл қазақ», «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» атауларымен шығып тұрғаны белгілі.  Газеттің шежі­ресін байытуды, аяу­лы тұл­ға­лардың сіңірген еңбектерін нақтылауды мақсат еткен журналист «Ең­бекші қазақ» әндері», «Еңбек туын» кімдер көтер­ді?», «Еңбекші қа­зақ» кітап­ханасы», «Бернияз және «Ұш­қын», «Смағұлдың жігіт­тері»  мақа­лаларында бірді-екілі тұлға­лардың ғана емес, газет тарихында орны бар бір­қатар журналистердің тағдырын, сол тұстағы газеттің жағдайын,  ірі мәде­ни оқиғаларды, қоғамның бейнесін өзіне тән стильмен баяндап берген. Осы жерде кітаптың атына сұранған «Еңбекші қазақ» әндері» деген мақалаға  аздап аялдағымыз келеді. Мысалы, қазіргі сауатты ұрпақ өткен ғасырда Александр Затаевич деген бір тұлғаның қазақ әндерін жинап, «Қазақ халқының 1000 әні» деген кітап шығарғанын білуі мүмкін. Бірақ сол кітаптың қалай шық­қаны, әндерді жинауға кімдер көмек­тескені санамызда бұлыңғыр десек те болады.   «Еңбекші қазақ» әндері» мақа­ласы арқылы әу дегенде Затаевичке көмектескен «Еңбекші қазақтың» қыз­мет­керлері Ерғали Алдоңғаров, Әб­дірахман Бегішев бастаған, Сәкен, Бейім­бет, Ілияс, Сәбит, Жүсіпбек қос­таған, сондай-ақ Жұмаш, Аманғали, Құсайын, Мұхамеджан сынды алқалы топ екеніне көз жеткіздік. Бұл тізімде әр жылдары «Еңбекші қазақта» қызмет істеген Ораз Жандосов, Жанайдар Сәдуақасов, Қаскей Өтекин, Темірбек Жүргенов, Сұлтан Лепесов, Әлкей Марғұлан, Құсайын Нүкин есімдері тағы бар. Ұлт зиялылары қазақтың сән-салтанаты келіскен дәстүрлі әнін келешекке табыстау үшін жұмыстан тыс уақытта мамырлатып, қоңырлатып ән салып, танымал өнер зерттеушісімен тізе қосып еңбектенгені қандай ғанибет. Бұл азаматтардың әрқайсысы да Затаевичке тел автор болып, әуен маржанын бірге сүзіскендер қатарында екенін кейінірек қазақ әнін жинаған автордың «Қазақ халқының 1000 әні» кітабына жазған мына сөздері де айғақтап тұр: «Қадірлі достарым, жігіттерім менің! Жүдеулі, ызғырықты, тұмау-сүзекті жылдарда бірлесіп жинаған осынау еңбекті Сіздерге арнаймын және Өздеріңе қайтарамын!».

«Еңбекші қазақ» әндері» кітабына отызға жуық мақала топтастырылыпты. Барлығы бас басылымның тарихынан сыр шертеді. Зұлмат жылдар мен қанды қол көсемдердің қолшоқпарлары талқанын шығарған тауқыметті  тағдыр­лар, түрлі қиыншылықтар мен  оқиғалар санаңда елестеп, өткенге құрметпен қарауға шақырып тұрғандай. Кітаптың газетіміздің жүз жылдық мерейтойы қар­саңында баспадан шығуы да симво­ликалық мәнге ие деп ойлаймыз. Қа­лай десек те, көп жылғы тынымсыз ізде­ністің, қажырлы еңбектің бір ізге түсіп, құнды кітап күйінде қолымызға тиюі қуанышты оқиға.