Құрметті оқырман!
Егемен еліміз еңсесі биік, абыройы асқақ, тәуелсіздігі тұғырлы қалыпта тағы бір мерейлі жылды артта қалдырып, Жаңа жыл күнтізбесінің алғашқы парағын сіздермен бірге амандықта ашып отыр. Өткен жылға өкпелеуімізге болмас. Әрине, сынаққа сабыр қылдық. Жағымды жаңалықтарды ғана жариялап қоймай, ел газеті ретінде халықтың қабырғасын қайыстырған ауыр күндерді Алашпен бірге көтеруге тырыстық. Жалпы, былтыр ел үшін берекелі, бас басылым үшін мерекелі жыл болды деуімізге болады.
Өткен жылы ел газеті «Егеменнің» мерейлі межесі – ғасыр тойы ел көлемінде кеңінен аталып өтті. Аға басылымның айтулы датасы Алаштың бас ақыны Абай туған топырақтан бастау алып, жер-жерде, туғандарына 125 жыл толған, тағдырлары газет тарихымен тығыз байланысты тұлғалар Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Тұрар Рысқұлов сынды бабаларымыздың мерейтойларымен сабақтастырылып, «Ұшқынның» алғашқы саны жарық көрген Орынбор қаласына экспедиция ұйымдастыру сынды ғибратты іс-шаралармен түйінделді. Бұл, «Егеменнің» тойы – елдіктің тойы екенін танытса керек.
Жалпы, еліміз үшін 2019 маңызды оқиғалар мен толайым табыстарға толы жыл болды. Азаттықтың архитекторы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттігін тоқтатып, ел тізгінін ұстауға бүгінгі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсыну арқылы бүкіл әлемге билік ауысуының бейбіт үлгісін көрсетті. Көп ұзамай елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтіп, басым дауыспен Қасым-Жомарт Кемелұлы Мемлекет басшысы ретінде абыройлы міндетке Ант беріп кірісті.
Алаш шежіресіндегі бұл тарихи оқиға – Мәңгілік ел болуды мұрат тұтқан ел ертеңінің жарқын бір белесі дер едік. Жылдың басқа да маңызды оқиғалары ел көлемінде берік ынтымақ, зор ыждаһатпен табысты аталып өтті.
Еліміз үшін биыл да айтулы жылдардың бірі болмақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында әл-Фараби мен Абайдың мерейтойларын тойлау туралы жоспар бекітті. Бұл ретте бас басылым ұлы тұлғаларымызды жыл бойы кеңінен көрсетуді көздеп отыр. Газет бетінде «Абай жолы», «әл-Фараби әлемі» сияқты тұрақты айдарлар ашылып, қазақ топырағынан шыққан ұлы ойшылдардың рухани мұралары жан-жақты насихатталмақ. Бұл тақырыптар төңірегінде де «Егеменнің» ойлы оқырмандарына берер олжалары орасан дегіміз келеді.
Биыл сондай-ақ ең басты атап өтетін айтулы шаралардың бірі – Алтын Орданың 750 жылдығы екенін білесіздер. Қазақ хандығының түпқазығы – Алтын Орданы ел көлемінде ерекше ұлықтау – тарихта есімдері алтын әріптермен жазылған қастерлі хан-сұлтандарымыз бен батыр-бектерімізді келешек ұрпаққа кеңінен танытудың тағы бір орайлы сәті. Бұл ретте шежірелі тарихымызды терең зерделеу – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын әрі қарай кешенді жалғастыру екені анық.
Жалпы, «Egemen Qazaqstan» салиқалы саясаттың сарапшысы ретінде де, ел ішіндегі қоғамдық, әлеуметтік мәселелерді өткір көтеруде де көш басында бола бермек. Былтырдың өзінде «Егеменнің» бетінде көтерілген өзекті мәселелердің бірнешеуі Президент тарапынан шұғыл назарға алынып, оң шешімін тапқанын айта кеткен жөн.
«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» екенін жақсы білетін жасампаз жылнама ел тарихындағы ерекше оқиғаларды газет бетінде осылай жариялай отырып, оқырман талабы мен талғамын салмақты таразылай бермек.
Биыл газетіміз тұтас бір дәуірді түйіндеп, жаңа жүзжылдыққа қадам басты. Осынау жаңа кезеңге біз дәстүр сабақтастығын сақтай отырып, буын алмасу процесін өткеру арқылы жалынды жігерге толы жаңа буынмен келдік. Бұл көрініс сонау ғасыр басында «Егеменнің» алғашқы санын жарыққа шығарған Алаш қайраткерлерінің жалынды жас бейнелерін көз алдымызға әкеледі. Ұрпақ сабақтастығы, дәстүр жалғастығы дегеніміз де осы болар.
Құрметті оқырман, 2019 жылды жемісті аяқтаған «Egemen Qazaqstan» ендігі жылы да жоспарлы жұмыстарымен елге қарқынды қызмет ете береді.
Ел тынысының тамыршысы, қазақ тарихының ғасырлық шежіресіне айналған газет әр қазақтың шаңырағына осы жылда тек қана сүйінші жаңалықтарымен ғана енсін дегіміз келеді.
Жаңа жыл құтты болсын!