Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінде жариялаған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында Абай сөзінің, Абайдың ілімінің бүгінгі заманымыз үшін көкейкестілігі, ақын шығармашылығынан халқымыз қандай тағылым алуға тиіс екендігі жөнінде жұртшылықпен ой бөліскісі келетінін білдіре отырып, әлеуметтік маңызы зор, өзекті қағидалар жүйесін ұсынды.
Мақалада Абайдың әдеби мұрасы арнасында ұлттық болмысымыздың үлгісі, интеллектуалды ұлт қалыптастыру, мемлекеттігімізді нығайту, әлеуметтік жауапкершілік, ақын ілімінің ХХІ ғасырдағы Қазақстан үшін маңызы мен мәні туралы тегеурінді ойлар желісі негізделді. Ұлы ақын өз шығармаларында елдік мұратты асқақтатып, ұлт бірлігін биіктеткені нақты саяси-әлеуметтік тұжырым түрінде дәйектелді.
Абай ілімінің басты категориялырының бірі - білім. Мақалада білім, ғылым жайында Абай айтқан ойлардың қазір де аса өзекті екені, тіпті бұрынғыдан да зор маңызға ие болып отырғаны арнайы қағида, мемлекеттік ұстаным деңгейінде тұжырымдалды. Білім беру ісін заманға сай дамытудың қажеттігі, бұл мақсатта ауқымды жұмыстар атқарылғаны, әлі де олқы тұстардың бары, оларды жетілдіру қажеттігі анық көрсетілді. Білім және ғылым саласының қызметкерлерін ойландыратын, ойландырып қана қоймай, игілікті істерге бастайтын мұндай ойлар, пікірлер мен тұжырымдардың өзегінде терең мән бар.
Президенттің мақаласында Абай іліміндегі «Толық адам» концепциясына саяси-әлеуметтік тұрғыда алғаш рет ресми сипаттама берілді. Мақала авторы әлеуметтік жауапкершілікті орнықтыру туралы қағидаларын айта келіп, осы күрделі мәселенің шешімін Абайдың «Толық адам» формуласынан іздеу қажеттігіне арнайы мән берді, «Толық адам» дегеніміз «тек өте ілкімді, өзіне сенімді, ізгілік пен жақсылыққа ұмтылатын адамдарға ғана тән сипаттама» екендігіне анықтама берді. Сонымен қатар аса маңызды, өзекті қағидалар қатарында мына міндеттерді арнайы атап көрсеткенді дұрыс көреміз:
Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек; Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы қажет; «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының, мемлекеттік басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек; Абайды ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттауымыз керек...Президент мақаласында қойылған осы міндеттерді іс жүзіне асырудың ХХІ ғасырдағы Қазақстан үшін өмірлік маңызы бар. ХХІ ғасырдағы Қазақстанның рухани және мәдени құндылықтарының дамуында бұл міндеттерді іс жүзіне асырудың саяси-экономикалық, ғылыми тұрғыда барынша тиянақты, сапалы механизмін жасаудың маңызы үлкен.
Республика Президентінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласы қоғамдық санамыздың, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің, әлеуметтік өміріміздің жаңғыруына жаңа серпін береді.
Жанғара ДӘДЕБАЕВ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының
директоры, филология ғылымдарының
докторы, профессор