Бұл күнде ұшақпен ұшуды кім қаламайды дейсіз. Барар жеріңе тез жеткізетін әрі жайлы да жылы, сәнді ұшақтан артық не бар? Бірақ ұшақтың қауіпсіздігі соңғы кезде сенімге селкеу түсіре бастады. Енді осы адам өмірін жалмайтын ұшақ апаттарын болдырмау немесе оның алдын алу мүмкін бе деген сұрақ кімді болса да мазалайтыны анық.
Ал халыққа керегі кез келген ұшқан ұшақтың қауіпсіздігі. Алайда, Қазақстанда тәуелсіздік алғалы бері құлаған ұшақтар саны да (тікұшақ та бар) аз емес. Тіпті бұл үйреншікті жағдайға айналып бара жатқандай көрінеді. Өйткені кенеттен бір ұшақ, не тікұшақ апатқа ұшырайды. Ел шу ете қалады, билік аң-таң болады. Сөйтіп «неліктен мұндай сұмдық оқиға орын алды, енді мұндай жағдай қайталанбауы тиіс» деген нұсқау жоғарыдан басталып, төменде біраз тексеріс әбігерін туғызады. Соның арқасында көптеген жайдың беті де ашылады. Әйтседе тексеріс тоқтап, бақылау сейіле бастағанда «баяғы жартас – сол жартас» күйіне көшеді...
Ұшақ апаттарының әрісін айтпағанда, сонау 1996 жылдың күзінде Saudi Arabian Airlines компаниясына тиесілі SVA763 (Boeing) ұшағы Делиден Сауд Арабиясына ұшып келе жатқанда оның ішінде 289 жолаушы болды. Ал сол кезде KZA1907 (ИЛ-76) ұшағы Шымкенттен Делиге қарай бет алған-ды. Оның бортында 60 адам болды. Осы KZA1907 ұшағы «Боингке» қарсы келе жатқандықтан, диспетчер ИЛ-76-ға бағытты өзгерту керектігін хабарлайды. Бірақ пилоттар ағылшын тілін нашар білгендіктен «Боингтен» 300 метр алыстаудың орнына SVA763 ұшағының жолағына түсе бастайды. Сол қателіктің салдарынан аталған қос ұшақ 4109 метр биіктікте соқтығысып, апаттан 349 адам қаза болды. Ал 2012 жылы 25 желтоқсан күні Астана қаласынан (қазір Нұр-Сұлтан) Шымкентке ұшқан АН-72 ұшағы Шымкент әуежайына 20 шақырым қалғанда апатқа ұшырады. Борттағы барлық 27 адам (7 экипаж мүшесі, 20 жолаушы) қаза тапты. Бұдан кейін 2013 жылы SCAT компаниясына тиесілі Bombardier CRJ-200 ұшағы Алматы облысындағы Қызылту елді мекеніне құлады. Ондағы 21 адамның (5 экипаж мүшесі, 16 жолаушы) барлығы мерт болды. Апатқа ауа-райы мен экипаждың қателігі себеп болды деген қорытынды жасалды. 2015 жылы 20 қаңтарда Жамбыл облысындағы «Шатыркөл» кен орнында АН-2 ұшағы апатқа ұшырап, ішіндегі «Қазақмыс» компаниясының қызметкерлерінің бәрі қаза тапты. 2016 жылы UP-MD 600-N тікұшағы 27 қаңтарда Алматы облысында құлап, бірнеше адам опат болды. Тікұшақтың құлауына қолайсыз ауа райы себеп болған көрінеді. Сол сияқты 2016 жылы 27 маусымда Алматы облысындағы Береке елді мекеніне АН-2 ұшағы апатты жағдайда қонды. Бір адам қаза болды. Бұл ұшақ «Тамшыбұлақ» ЖШС-на тиесілі екен. 2017 жылы ақпанда Шығыс Қазақстан облысында С-341 тікұшағы құлады. Ұшқыш қаза болған. Көп уақыт өтпей жатып, 10 тамыз күні Азаматтық авиация академиясына тиесілі Тecnam-P 2002 ұшағы оқу-жаттығу кезінде құлады. Екі адам опат болды. Ал өткен жылы 27 желтоқсанда Алматы қаласынан Нұр-Сұлтан қаласына қатынайтын Бек Эйр әуе компаниясының 2100-рейсі апатқа ұшырады. Оның ішінде 95 жолаушы 5 экипаж мүшесі болды. Апат салдарынан 12 адам қаза болды.
Осылайша ең сенімді көлік құралы деген ұшақтардың ұшу қауіпсіздігіне алаңдаушылық туып отыр. Өйткені ұшақтың зауыттан шығарылған уақыты ескірмесе, уақытылы техникалық тексерістен өтіп тұрса, ұшқыштар даярлығы талапқа сай болса, техникалық қызметкерлер мамандықтарына сай қызмет істесе – кез келген болуы ықтимал келеңсіздіктің алды алынады.
Жалпы, мамандардың айтуынша, алдын ала тиісті барлық техникалық дайындықтан өткен ұшақта кенеттен ақау тумайды екен. Ақау біртіндеп пайда бола бастайды. Сондықтан оның алдын алу мұқият ескеріледі. Жердегі диспетчерлердің қырағылығы мен дайындықтан өткен ұшақтың ұшу барысы және пилоттардың тәжірибесі мен жоғары біліктілігі ұштасқанда ғана жолаушылар қауіпсіздігі толықтай сақталады, дейді мамандар. Демек, әуе кемелері апаттарының жиі болуы бізде кейбір жағдайларда жоғарыда айтылған аса қажетті мәселелер ескеріле бермейтінін көрсетсе керек. Сондықтан халық көбіне әуе жолдарындағы қайғылы апаттардың айдың-күннің аманында жиі болуы жауапсыздықтан, салғырттықтан туындап отыр деп түсінеді. Шын мәнінде бұл пайым шындықтан алыс емес.
Қорыта айтқанда, көптің көкейін тескен мәселеге қатысты сұрақтар көп. Бұл сауалдарға шығарып салма, жалтарма емес, нақты жауап берілуі тиіс. Шынайы берілген жауап халықтың үрейін басып қана қоймайды, ол саладағы түйткілдерді анықтап, оның шешімін табуға жол ашады. Қалай десек те, азаматтарымыз ұшаққа мінгенде «ұшарымызды жел, қонарымызды сай біледі» деп, межелі жеріне жеткенше үрейленіп отырмауы тиіс. Сол үшін апаттың қайталанбауына ден қою керек-ақ.