Интеллигент – интеллект иесі деген сөз. Абайша айтқанда «есті адам». «Интеллигенция» сөзін әлемдік әдебиетке алғаш 1860 жылдары енгізген журналист Боборыкин бұл ұғымды «шығармашылық жұмыспен һәм ой еңбегімен айналысатындар» деген мағынада қолданған.
Содан Ресейде интеллигенцияны халықшылдар «халыққа қалтқысыз қызмет ететін, сол жолда құрбан болатын шоғыр» деп бағаласа, Белинский сынды либералдар әлеуметтік танымы, кісілік келбеті бар, сыни ойлай алатын, ескілікке қарсы күресетін, әділетсіздікке төзбейтін тұлғаларды атайды. Николай Бердяевтің ойынша, ұлттың рухани мәдениетін қалыптастыратын, әдебиет пен өнерді, ғылым мен философияны дамытатын, қоғамдық шындықтың жоқшысы болатын, жарқын болашаққа жол көрсететін таңдаулы тұлғалардан тұратын топ. Ұлттық құндылықтардан қол үзген, руханиятын жатырқап, тарихына тосырқай қарайтын, құлдық сана мен өткеннің қараңғылығы әбден сіңген екінші топты ол тамырсыз «нигилистер» санатына қосады. Кемеңгер Абай «нұрлы ақыл» және «суық ақыл» деп бөлгенде, зиялылардың осы екі тобын меңземеді ме екен, кім білсін...
Интеллегенция әу баста әдебиеттің төңірегіне топтасты. Олар әдебиетті интеллигенцияның ғибадатханасына айналдыруға тырысты. Халықтың қазір де зиялы қауым өкілдері деп әуелі ақын-жазушыларды танитыны, қоғамда кез келген түйткілді мәселе бола қалса, тығырықтан шығарады деп қаламгерлерден қайрат күтетіні сондықтан болса керек.
Осман түріктері бұл сөзді «мүнәууар», яғни «нұрлы» деген мағынада қолданды, қазіргі Түркияда баламасы – айдын (жарық). Ал Ресей қол астындағы халықтардың білімпаздары оны «зиялы» деп аударды. Зия – «нұр, жарық, сәуле» деген сияқты мағына беретін араб тілінен енген сөз екені белгілі, сонда зиялы «төңірегіне нұр шашып, жарық беретін, шуақтандыратын сәулелі жан» болып шығады. Бұл сөзді алғаш қолданған Исмаил Гаспыралы «Тәржіман» газетінде 1901 жылы жарық көрген мақаласында «...гимназия яки жоғары оқу орнын оқыған жастарымыздың ұлт әдебиетіне қызмет еткенін байқай қоймадық. Зиялы, оқыған мұсылмандар орыс және Еуропа тілдерін жетік меңгерген, дәрігер, инженер, адвокат болып қызмет атқарады, бірақ көбісі ұлттың тілі мен әдебиетінен мақрұм қалған. Орысша білмейтін орыс зиялысы жоқ екені белгілі, сол сияқты өз ұлтының тілінде жаза алмайтын неміс, поляк зиялысын кездестіру мүмкін емес. Бұл індет тек бізге ғана тән» деп күйіне жазған екен. Жәдитшілдік-жаңашылдық жолының көсемі Исмаил бектің сөзін іліп әкеткен әзербайжандық Ахмет Ағаоғлу 1903 жылы «Каспий» газетінде жарық көрген мақаласында «диплом – зиялылықтың өлшемі емес, тек үлкен идея мен ұлттық мұраттың соңында жүрген жанды ғана зиялы деп айтуға болады» дейді. Оның пікірінше, зиялы – ұлттың айнасы, зиялысы қандай болса, ұлт та сондай деңгейде болмақ!
Бұл сөзді 1905-1906 жылдардан бастап татар зиялыларының әсерімен қабылдай бастаған Алаш ардақтыларының көзқарастары да осыған саяды. Мәселен, Мұстафа Шоқай «белгілі бір мұрат-мақсаттардың соңында жүрген және сол мұрат-мақсат төңірегіне жиналған оқымыстыларды ғана зиялы деп айтуға болады. Ұлттың зиялылар қатарына тек өз халқының дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады» деп нықтай түседі. Осы анықтамаларға сүйенсек, бізде «зиялы қауым» атанып жүрген кісілердің бәрін зиялы қатарына қосуға бола ма?
Мұхтар Әуезовтің айтуынша, Гаспыралының идеяларымен етене таныс болған, «Тәржіман» газетін үзбей оқып отырған Абай «зиялы» сөзін пайдаланбайды. Алайда, ақынның «Интернатта оқып жүр...» сынды өлең-жырларынан Исмаил бекпен үндестігін аңғарамыз. «Ақылға сәуле қонбаса, хайуанша жүріп күнелтпек» деген данышпанның ой иіріміне үңілсек, зиялы нұрлы ақылмен безбендеп, кез келген мәселеге сын көзбен қарайды, жылы жүрегімен қабылдап, ыстық қайратпен қарекет қылады. «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды» деп бас шұлғымайды. Ол – ақиқаттың алдаспаны, шындықтың шырақшысы, әділеттің таразысы! Жат қылықтарға жаны қас, сондықтан оны өскен ортасы, өз дәуірі кейде қабылдай алмайды. Өз жерінде өгейдің күйін кешетін оның «Оразбай, Жиреншелерден» таяқ жеп, қиянат көретіні де сондықтан.
«Масғұт» поэмасында Абай шын зиялыға қажет қасиетті суреттейді. Дастанның тағылымына үңілсек, өзі мен әміршісін «жынды судан» сақтап қалған Масғұт ақырында көп есердің ыңғайына жығылып, есінен айырылады. Сондықтан шынайы зиялы – «жынды суды» ішпеген есті емес, соны көпке ішкізбеуге қайрат қылатын ер!