• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Технология 28 Қаңтар, 2020

Жетістікке жетем деушілерге Илон Масктан 3 кеңес

771 рет
көрсетілді

Әрине бұл кеңес елдің назарын өзіне аударып, керемет кәсіпкер болам дейтіндер үшін болар. Десе де өзі атақты, өзі тапқыр экспериментшіл жанның ақылын тыңдау кім-кімге болса да артық бола қоймас. Норвегияда өткен бір конференцияда Илон Маск көпшіліктің ақылына қонатын және өте пайдалы өз кеңестерін берді. Жетістікке жету үшін төмендегі үш қадамды жасасаңыз болғаны.

Алға қойған мақсатқа жету үшін адам керек кезінде өз райынан қайтып, тіпті көзқарасын да өзгерткені дұрыс болады екен. Яғни, басқалармен тіл табысу үшін адам жайлы және ымыраға келгіш болуы тиіс. Басына керемет ой келген адам компаниясын ашып, жойқын күшпен жұмысқа кірісем дегенде, алдынан ойламаған жерден небір проблемалар шығып, жұмысқа бөгет болар оқиғаларға кездесіп, жағдай өзгеріп кетеді. Сол себепті қатайып қатып қалмай, өзіңнің де кемшілігіңді мойындап әрекет етуге тура келеді.

Бірінші қадам – басқалардан ерекше және күшті болу. Баллистикалық ракета қажет болып, оны әлемде керемет жасайтын Ресейге барып сұраған екен. Әр данасы 8 млн доллар дегенде шалқасынан түсе жаздаған Илекең, еліне қайтып келіп сол ракетаны өзім неге жасамасқа деп шешкен. Артынша сапасы олардан артық, бірақ бағасы қолжетімді ракета жасап шығаратын компания ашып, дегеніне жеткен. Әрине ол үшін де талай тер төгіп, еңбек етуге тура келген. Әлемдік үлкен нарыққа шығатын адам басқалардан күшті болмаса еңбектің далаға кеткені.

Екінші қадам – сынды сырттан біреуден естігенше өзіңді қатты сынау, яғни өз кемшілігіңді мойындап, оны түзету үшін дұрыс бағытта жұмыс істеу. Жаны ашып әрі ұсынысымен бірге айтылатын сын алтыннан да қымбат екенін айтқан кәсіпкер достары мен жақындарынан үнемі сын-ескертпелер жинап жүрген адам ғана дамиды дегенді айтады.

Үшінші қадам – жаныңа тек қана мықтыларды жинау. Илон Маск экономика мен физика саласында қаншама білгір болса да көптеген сұрақтарға жауап таба алмай қиналатынын мысалға келтірді. Сондықтан да көбіне мықты мамандардан ақыл-кеңес сұрап, олардың кәсіби пікірлеріне тоқтам жасайтынын айтты. Тіптен мұндай кезде сізге ұнамайтын оғаш ойлар болса да оларды қаылдауға тура келетінін ескертті.

2050 жылы Марсты отарламақшы болып отырған американдық кәсіпкер мыңдаған Spaceship ракеталарынан ғарыштық флот жасақтап, қызыл планетада миллион адам қоныстандырмақшы ойы бар екенін атап өтпеске болмас.