2019 жылдың соңында Қытайда 2019-nCoV коронавирусы шығып, қазір ол эпидемия түрінде тарап үлгерді. Оның кесірі осы елде шығатын Apple компаниясының өнімдеріне тиетін болып отыр.
Bloomberg компаниясының ресми сайтының мәлімдеуіне сүйенсек, көрші елдің Чжэнчжоу мен Шанхай қалаларында шығатын iPhone, iPad және Apple Watch брендтері өз уақытында өндірілмей қалуы әбден мүмкін. Бұл қалалардағы Foxconn мен Pegatron кәсіпорындары атышулы Ухань қаласынан небары 500 шақырым қашықтықта ғана орналасқандықтан олар карантинге жабылған.
Apple компаниясының өнімдерін жасаумен 10 мыңнан аса адам айналысса, оларды таратумен миллиондаған халық жұмылдырылған. Қытайдың дәстүрлі өз жаңа жылында үлкен қалалардағы сырттан келіп жұмыс істейтін жұмысшы қауым қысқа мерзімді демалысқа үйлеріне кеткен болатын. Енді олардың кері қайтып, жұмысқа кірісулеріне уақытша тиым салынды. Бұл шаралардың барлығы коронавирустың таралмауы үшін жасалып жатқаны белгілі. Қытай Халық Республикасы Денсаулық сақтау жөніндегі мемлекеттік комитеттің мәліметтері бойынша аталған вирусты жұқтырғандар саны 5 мыңнан асқан.
Мұндай шаралар жалғаса беретін болса, онда iPhone 9 (SE 2) смартфонының биылғы жылдың ақпан айына жоспарланған жұмыс кестесі бұзылып, уақтысымен шықпай қалу ықтималдылығы артып тұр. Эпидемия өршуі шикізатпен қамтамасыз етуден де қиындықтар туғызайын деп отыр.
Қалтасы қалың еместерге арналған бюджеттік сегменттегі iPhone 9 смартфоны шықпай қалған жағдайда американдық компания өзінің Үндістан мен басқадай дамушы елдердегі тұтынушыларынан айырылайын деп тұр. Apple өз өнімдерінің Қытайдағы сатылымы төмендеп кеткендіктен осындай арзандау гаджет жасау арқылы пайдасын сақтап қалу үшін жанталасқан еді.
Дегенмен де, қандай аспан айналып, жерге түсетін жағдай болса да американдық алып компания өздерінің жұмысында ешқандай ауытқушылық болмайды деп сендіріп отыр.