• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 31 Қаңтар, 2020

Халық үнін Үкіметке естіртті

380 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінің депутаттары Премьер-Ми­нистр­дің орынбасары Бердібек Сапарбаевпен және бірқа­тар министрлік өкілдерімен кездесті. Бұл жиынға мәжіліс­мен­дердің жыл ба­сын­дағы өңірлерге сапары барысын­да көтерілген мәселелер арқау болды.

Алқалы жиынға Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Гүлмира Исим­баева төрағалық етті. Ол сөз басында өңір­лердегі тұрғындардың талап-тілегін Үкі­мет мүше­лері­мен кеңінен талқылау үшін бас қосып отырғандарын, мұндай ке­ңес­тер өткізу дәстүрге айнал­ғанын атап өтті.

– Елбасы, Nur Otan пар­тия­сының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсыр­масы­на сәйкес депутаттардың өңір­­лердегі кездесулері жаңа фор­­матта ұйымдас­тырылды. Кез­десу өткізілетіні туралы әлеу­мет­тік желілерге қоса, бұқа­ралық ақпарат құралдары ар­қылы алдын ала хабар берілді. Бұл, ең алдымен, халықты кеңі­нен қам­туға мүмкіндік берді. Өткен жылдың қаңтардағы кездесу­лермен салыстырғанда, биыл кездесулер саны екі есеге ұл­ғайды. Қатысушылар саны бір жарым есеге көбейді. Көте­рілген түйткілді мәселелер саны екі есе өсті. Депутаттар қапе­ріне алған мәселелердің 46,3%-ы әлеуметтік сипатта бол­са, 37,1%-ы экономиканың негіз­гі салаларына қатысты болды. Оның ішінде ауыл шаруа­шылығы, бизнесті дамыту, ауызсумен қамту, электр энергетикасы, газбен жабдық­тау бойынша мәселелер көп­теп кездесті. Бұған қоса 87 мәсе­ле (8,9%) қолданыстағы заңна­маны жетілдіруге бағытталды, – деді Гүлмира Исимбаева.

Жалпы әлеуметтік мәсе­­ле­лердің ішінде халықты көп толғандыратыны – тұрғын үймен қамтамасыз ету; атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер отбасыларға қойылатын шарттар; жастарды, әсіресе ауыл жастарын жұмысқа орналас­тыру; міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыруды енгізу; кадрлар тапшылығы; денсаулық сақтау нысандарын, апаттық жағдайдағы мектептерді, жолдарды, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салу, жөндеу; тарифтік саясатты (электр энергиясына, газбен жабдықтауға) жетілдіру мәселелері.

Кездесуге осы мәселелерге жауапты мемлекеттік органдар өкілдері келіп, депутаттардың сұрақтарына жауап берді. Алдымен әлеуметтік саладағы жұмыстар жөнінде Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев баян­да­ма жасады. Ол Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары шеңберінде Парламент қабылдаған заңдардың іске асырылу барысына тоқталып, 2019 жылы экономиканың даму қарқыны 2018 жылмен салыстырғанда 4,5 пайызды құрағанын айтты.

– Ең басты мәселе – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Былтыр ел тарихында бірінші рет 13 миллион шаршы метр тұрғын үй беріліп, 95 мың отандасымыз баспаналы болды. Ендігі меже – берілетін жалпы тұрғын үйдің көлемін 15 миллион шаршы метрге жеткізу. Сондай-ақ маңызды мәселенің бірі – жұмыссыздықты азайту. Былтыр бұл көрсеткіш 4,8%-ды құраса, биыл мұны 0,1%-ға төмендету керек. Өткен жылы ең төменгі жалақы 1,5 есеге, ал мемлекеттік қызмет­кер­лердің жалақысы орта есеп­пен 30 пайызға өсті. Қазақ­стан­дықтардың қарыздары мен айыппұлдарын кешіру үшін бюджеттен қосымша 147 миллиард теңге бөлінген, – деді Бердібек Сапарбаев.

Одан әрі депутаттар өңір­лерде тұрғын­дар көтерген мә­селелерді Үкімет мүшелері­нің назарына ұсынды. Мәселен, депутат Бақытгүл Хаменова 2,4 миллиард теңгені құраған атаулы әлеуметтік көмектің артық төлемі туралы сөз қозғап, жалпы елді мекен­дердегі әлеуметтік шиеленіске алып келуі әбден ықтимал артық төленген сомаларды қайтару мәселесінде қандай шаралар қабылданып жатқанын сұрады.

Бұған Премьер-Министрдің орынбасары барлығын тексер­ген­дерін, 75 мың отбасы өзінің табыстарын жасырғанын, қазір­гі таңда 500 миллиондай теңгені бюджетке қайтарғандарын айтып, жауап қатты.

Ал депутат Фахриддин Қа­ратаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовке «Бір, екі, үш баласы бар отбасыларға ай сайын әлеуметтік төлемдер төлеу немесе қандай да бір көмек көрсету жоспары бар ма?» деді.

– Биылдан бастап көп балалы отбасы­ларға жаңа жәр­демақы түрін енгіздік. Қазір ол жәрдемақыны 370 мың отбасы алып жатыр. Соның ішінде аз қамтылғаны – 125 мың отбасы. Енді төрт баладан аз, яғни бір, екі, үш балалы отбасылар да сондай жәрдем­ақы берілсе деген өтініштерін айтып жатыр. Осындай сауалдар болғаннан кейін, министрлікте әртүрлі тәсілдерін қарап, қаржыны есептеп көрдік. Бір, екі, үш балалы тұрмысы төмен отбасылар саны – 190 мың. Ал Қазақстан бойынша жалпы бала саны үштен аспайтын 2 миллион 904 табыссыз отбасы бар. Бұл – 15 есе көп. Сондықтан ол 15 есе артық қаражатты талап етеді. Екін­шіден, басқа дәулетті, жағ­дайы жақсы кісі­лерге де осы жәрдемақыны төлеу керек пе, жоқ па – ол да үлкен сұрақ. Сон­дықтан біз әзір ешқандай шешімге келген жоқпыз, бірақ оның бәрін қарап жатырмыз, – деді министр.

Сонымен қатар депутаттар зейнетақы төлемі, саяжай тұрғындарының мәселесі, тұр­­ғын үймен қамтамасыз ету, жағ­дайы төмен отбасыларға көмек­тесуге қатысты көпте­ген сұрақ қойды.

Бұл кездесуге аталған Үкі­мет мүшеле­рімен қоса Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова, Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева, Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, Ақ­парат және қоғамдық даму вице-министрі Ғабидолла Оспан­құлов, Премьер-Министр Кеңсесі басшысының орынбасары Ермек Аманшаев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайыр­бек Өскенбаев, Қаржы вице-министрі Татьяна Савельева, Энергетика вице-министрі Жұмабай Қарағаев, Экология, гео­логия және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірім­құлов және Цифрлық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі вице-ми­нистрі Азамат Батырқожа қатысып, өздеріне тиесілі сұрақ­тарға жауап берді. Жалпы, межелі уақыт ішінде 20-дан аса депутат 50 шақты сұрақ қойып үлгерді.