Мәскеуде ТМД елдері Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті мәжілісі болып өтті
Жапонияға сапарын сәтті аяқтаған ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдер Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті мәжілісіне қатысу үшін тікелей Мәскеуге келді. Ресей астанасында өткен басқосуға Қанат Саудабаевпен қатар, Әзірбайжан Республикасының Сыртқы істер министрі Эльмар Мамедъяров, Армения Республикасының Сыртқы істер министрі Эдвард Налбандян, Беларусь Республикасының Сыртқы істер министрі Сергей Мартынов, Қырғыз Республикасының Мемлекеттік сыртқы істер министрі Қадырбек Сарбаев, Молдова Республикасы Сыртқы істер және еуропалық интеграция министрінің орынбасары Андрей Попов, Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавров, Тәжікстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Махмуджон Собиров, Түркіменстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Вепа Хаджиев, Өзбекстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Бахти¿р Исламов, Украина Сыртқы істер министрі Константин Грищенко және ТМД Атқару комитетінің төрағасы – Атқарушы хатшысы Сергей Лебедев қатысты.
ТМД-ға мүше елдер Сыртқы істер министрлерінің осы жолғы отырысында жиырмадан астам мәселе қаралды. Олар мемлекетаралық ынтымақтастықты гуманитарлық салада, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде және халықаралық қатынастарда дамытып, тереңдетуге арналды.
Басқосуда ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев сөз сөйледі. Бұл Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы лауазымында 100 күн болуының өзіндік бір қорытындысын шығарған сөз іспеттес болды.
Қ.Саудабаев әуелі өзінің әріптестеріне, тұтастай алғанда, Достастық елдеріне Қазақстан төрағалығына дәйекті қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдіріп, Отанымыздың ЕҚЫҰ-ның негіз қалаушы қағидаттары мен құндылықтарына адалдық танытып келе жатқанын, сондай-ақ Ұйымды одан әрі нығайта түсу мақсатында ТМД-дағы прагматикалық және өзара тиімді байланыстарды дамытуға әркез дайын екенін атап көрсетті.
Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы үстіміздегі жылдың 14 қаңтарында Венада өткен ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің мәжілісінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бейнеүндеу жариялап, онда төрағалықтың қағидаттары мен басымдықтарын жария еткенін, солардың негізінде өзіндік бір “жол картасы” жасалғанын еске салды. Қанат Бекмырзаұлының пікірінше, қазақстандық төрағалықтың бір ерекшелігі – Венадағы тұрақты консультациялар арқылы Ұйым аясындағы үдерістерге мүмкіндігінше барлық қатысушы мемлекеттерді тарту болып табылады. Ал бұл өз кезегінде шешім қабылдаудың консенсустық қағидаларын есепке ала отырып басымдықтарды ілгерілетуге айтарлықтай жәрдем жасайды.
– Бізге Ұйымды “сілкілеп” алудың сәті түсіп, соның нәтижесінде мәселелердің кең ауқымы бойынша, оның ішінде ТМД-дағы әріптестеріміздің ұстанымдарына жауап беретін мәселелер бойынша да тақырыптық пікірталастар қанат жайды. Осыған байланысты Достастық форматындағы консультациялардың тығыз режімін жалғастырудың маңызы зор деп санаймыз, – деді өзінің сөзінде Қ.Саудабаев.
Қазіргі таңда ЕҚЫҰ алдында жаңа қыр көрсетулер мен қауіп-қатерлерге байланысты стратегиялық бағдарлар жасау сияқты маңызды міндеттер тұр. Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың үстіміздегі жылы ЕҚЫҰ-ның саммитін өткізу туралы бастамасы бірінші кезекте осындай қажеттіліктерден туындап отыр. Қанат Бекмырзаұлының сөзіне қарағанда, жоғары деңгейдегі кездесудің басты тақырыптары туралы қазірдің өзінде әңгіме қозғауға болады. Біріншіден, олар Ресей Президенті Дмитрий Медведевтің ұсынысын қоса алғанда, Еуропа қауіпсіздігінің жаңа архитектурасының мәселелері болуы ықтимал. Екіншіден, 1999 жылғы Вена құжатын жаңғырту жөніндегі шешім. Ұйымға мүше мемлекеттер ортақ көзқарас таныта алған жағдайда бұл мәселені де оң шешуге мүмкіндік бар. Үшіншіден, сындарлы сипатқа ие болып отырған ауған проблематикасы және төртіншіден, толеранттылық пен мәдениетаралық үнқатысу аспектілері.
Қазақстандық төрағалық ЕҚЫҰ тұғырнамасында Еуропа қауіпсіздігінің болашағы туралы үнқатысуды дамытуға шешуші рөл береді.
“Корфу процесінің” құндылығы сонда, ол барлық мүдделі жақтардың идеяларын жаңа қауіпсіздік жүйесінің өмір шындығына жауап беретін параметрлері кейпінде біртұтас суреттеп қана қоймай, жалпыландыруға да мүмкіндік туғызады. Осы орайда Қ.Саудабаев “Корфу процесінің” аралық нәтижесін сыртқы істер министрлерінің Алматыда ұйымдастырылатын бейресми кездесуінде талқылау жоспарланып отырғанын айтты.
Қазақстан, сонымен қатар, созылмалы жанжалдарды реттеу үдерістеріне өзіндік үлес қосуға ұмтылыс танытып отыр. Мәселен, аталған мақсатта Іс басындағы төраға ақпан айының орта шенінде Оңтүстік Кавказ республикаларын аралап қайтты. Оның барысында жергілікті жерлердегі, яғни жанжал аймақтарындағы жағдайлармен жақын танысып, тараптардың ұстанымдарын айқындауға қол жеткізілді.
– Таулы Қарабақ жанжалын “Мадрид қағидаттары” негізінде бейбіт реттеу аясында біз ЕҚЫҰ-ның Минск тобы жұмысына барынша ықпал ететін боламыз және 2010 жылдың барысында Астанада Әзірбайжан мен Армения басшыларының кездесуін өткізуге дайынбыз, – деді сөз ретінде Қанат Бекмырзаұлы.
ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі төрағалықтың келесі бір басымдығы – Ауғанстанды тұрақтандыру мен қайта құруға қатысты айта келіп, ТМД – ЕО және Ресей – АҚШ/НАТО форматындағы ынтымақтастықтың оң үрдістеріне қанағат сезімін білдірді. Атап айтқанда, Ауғанстанға Қазақстан, Беларусь, Ресей және Өзбекстан аумақтары арқылы, яғни “Солтүстік бағыт” бойынша жүк жеткізу үдерісі толық күшінде жұмыс істей бастады. Мұның Ауғанстандағы қауіпсіздікке ықпал етіп жатқан халықаралық бітімгершілік күштері үшін маңызы зор. Сондай-ақ Ауғанстаннан жеткізілетін есірткіге қарсы күрес пен тұтастай алғанда, аяқталмайтын соғыстан зәрезап болған осы елді оңалту бойынша күш-жігер жұмсап келе жатқан халықаралық күштердің ҰҚШҰ мен НАТО шеңберінде нақты ынтымақтастығы қажет екендігіне екпін түсірілді.
Қ.Саудабаев ЕҚЫҰ аясындағы осы жылдың шешуші шаралары қатарында үстіміздегі жылдың қазан айында Астанада өтетін Терроризмнің алдын алу жөніндегі конференция мен шілде айында Венада ұйымдастырылатын есірткіге қарсы конференцияны атады. Бұған қоса, ауған проблематикасы мамыр айында Алматыда өтетін “ЕҚЫҰ-ның еуразиялық өлшемі” Трансазиялық парламентшілер форумының күн тәртібіне енгізілген.
Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы ТМД Атқару комитеті жетекшілерін жоғарыда аталған шараларға қатысуға шақырды. Өйткені, мұның өзі мүдделі халықаралық ұйымдардың, соның ішінде ЕҚЫҰ мен ТМД-ның да, арасындағы күш-жігерді үйлестіруге жасалған соны қадам болып табылар еді.
Қанат Бекмырзаұлының сөзін Достастықтағы әріптестері үлкен қызығушылықпен тыңдады.
Ал ТМД елдері Сыртқы істер министрлері кеңесінің мәжілісінде, жоғарыда атап көрсеткеніміздей, жиырмадан астам мәселе қаралды. Сөз ретінде Кеңеске биыл Ресей Федерациясы төрағалық етіп отырғанын да айта кетейік.
Биыл 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 65 жыл толады. 2010 жыл ТМД аумағында Ардагерлер жылы деп жарияланғаны белгілі. Осыған орай сыртқы істер министрлері Достастық елдері Мемлекет басшыларының соғыс ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне үндеуін бірінші кезекте талқылады. Бұл құжатқа президенттер 8 мамырда Мәскеуде өтетін бейресми кездесуде қол қояды деп күтілуде. Осы жәйт ардагерлерге деген құрметтің бір көрінісі болатыны да сөзсіз. Сондай-ақ ТМД елдерінің ардагерлер ұйымы алдында тұрған қоғамдық маңызы зор әлеуметтік міндеттерді шешуге бағытталған шаралар жоспары қаралды. Бұл шаралар халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар, ерлік сабақтары мен тақырыптық кештер өткізуді, Жеңістің 65 жылдығына орай “Баршаға ортақ жеңіс” жинағын шығаруды, Достастық елдеріндегі ардагерлердің әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша жұмыс тәжірибелерін таратуды көздейді.
Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде Отанымыздың ЕҚЫҰ-ның тиімділігін арттыруға бағытталған және Ұйымның ТМД-мен өзара іс-қимылын одан әрі кеңейтуге арналған күш-жігерін қолдауды қарастыратын “Қазақстан Республикасының Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы төрағалығы туралы” шешім жобасы жеке бөлім ретінде қаралды.
Ресей тарабы Еуропадағы қауіпсіздік туралы шарт жобасын ұсынды. Ол Еуропадағы қауіпсіздік жүйесін бүгінгі өмір шындығына сәйкес жаңаша қалыптастыруды мақсат тұтады. Министрлер Ресейдің бұл бастамасына қолдау білдірді.
Кеңеске қатысушылар ТМД Атқару комитетінің 2007 жылдың 5 қазанында қабылданған ТМД-ны одан әрі дамыту тұжырымдамасын жүзеге асырудың барысы туралы ақпаратын да тыңдады. Өткен кезеңдерге арналған шаралардың көпшілігі орындалғаны, бірқатары жүзеге асыру сатысында тұрғаны атап көрсетілді.
Қырғызстанның сұрауы бойынша сыртқы істер министрлері өздерінің арнайы шешімдерімен үстіміздегі жылы Ыстықкөлде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының халықаралық спорт ойындарын өткізуге қолдау көрсету жөніндегі ұсынысын бекітті.
Алдағы 2011 жылы ТМД құрылғанына 20 жыл толады. Осыған байланысты Мәскеу мәжілісіне қатысушылар Достастықтың мерейтойына арналған іс-шаралар жоспарының жобасын қарады. Онда алдағы жылы көптеген іс-шаралар, атап айтқанда, ғылыми-тәжірибелік мәслихаттар, экономикалық және бизнес-форумдар, жастар және спорт кездесулері мен фестивальдер, ғылыми және шығармашылық интеллигенцияның форумын, сондай-ақ басқа да бірқатар іс-шаралар өткізу жоспарланыпты. Бұлардың да Достастық елдері халықтарын жақындастыра түсуге қызмет ететіні күмән туғызбаса керек.
ТМД елдері сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті мәжілісі алдында Қанат Саудабаев екіжақты кездесу өткізді. Оның біріншісі қырғызстандық әріптесі Қадырбек Сарбаевпен болды. Кез келген мүмкіндікті мүлт жібермей, кездесіп жүреміз. Жалпы, біз Қырғызстандағы оқиғаларды мұқият қарап, бақылап отырамыз, деп сөз бастаған Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы келесі кезекте көрші ел басшылығына Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді. Және сұхбаттасын Алматыда өтетін сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуіне шақырды.
Сонымен қатар, Қ.Саудабаев қырғызстандық әріптесіне ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарының бірі ретінде Қырғызстанның “Орталық Азия – Жапония” үнқатысуына қатысушы екенін ерекше бөліп көрсетті. Қазақстандық сыртқы саясат ведомствосы басшысының пікірінше, өңір елдерінің интеграциялануы жолындағы кез келген қадам оны мекендейтін халықтардың игілігі үшін қажет.
Біздің мақсат екіжақты уағдаластықтардың жүзеге асырылуына күш жұмсау болып табылады. Қазақстан басшысының ЕҚЫҰ саммитін шақыру туралы бастамасын қолдаймыз, деді жауап сөзінде Қ.Сарбаев. Кездесуде Қазақстан – Қырғызстан қарым-қатынасының түрлі бағыттары бойынша пікір алмасылды.
Украина Сыртқы істер министрі Константин Грищенкомен әңгімеде Қанат Саудабаев әріптесін осы қызметке тағайындалуымен құттықтады. Жақында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Украина президенті Виктор Януковичтің телефон арқылы сөйлескенін еске сала келіп, тарихи тамыры тереңде жатқан мемлекетаралық ынтымақтастық күш ала түседі деген сенімін білдірді.
Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы жақын күндерде Украинаға баратынын, сапар мақсатына орай Мемлекет басшысынан тиісті тапсырма алғанын айта келіп, соңғы жылдары саябырсыған дәстүрлі байланыстарды қалпына келтіру екіжақты қарым-қатынастардың басым бағыты болуы тиіс деген пікірін ортаға салды.
К.Грищенко да Қазақстан мен Украина қарым-қатынасы дәстүрлерге бай екенін атап көрсетіп, ресми Киевтің Қазақстанның барлық бастамаларын, оның ішінде ЕҚЫҰ-ға төрағалығы барысындағы іс-қимылдарын да әркез қолдайтынын жеткізді. Оның айтуынша, Украина қолдау көрсетеді деп үміт артылып отырған ЕҚЫҰ саммиті тек Астанада өтуі тиіс. Біздер екіжақты байланыстардың кестесін жасап, Қазақстан – Украина қарым-қатынасын жандандыруға қуатты серпін беретін мәселелерді ыңғайластыруымыз керек, деді Украина сыртқы саясат ведомствосының басшысы.
Ал ТМД-ға мүше елдер Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысы аяқталғаннан кейін Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен ТМД Атқару комитетінің төрағасы – Атқарушы хатшысы Сергей Лебедев журналистерге арнап қысқаша брифинг өткізді. С.Лавров Кеңесте қаралған мәселелер туралы айта келіп, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына баса назар аударылғанына тоқталды. Сондай-ақ сыртқы саясат мәселесіне қатысты іс-қимылдарды үйлестіру ісіне мән берілгенін атап өтті. Гуманитарлық бағыт, шекара, миграциялық саясат, құқық қорғау салаларындағы іс-қимылдарды реттеп отыру жайын жан-жақты талқыладық. Келесі жылы ТМД-ға 20 жыл толады. Осыған орай да ортақ атқарылатын жұмыстар мәселесін қарастырдық. Оның ішінде ТМД-ны одан әрі қарай дамытудың тұжырымдамасы да бар, деді Ресей сыртқы саясат ведомствосының басшысы.
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына қатысты қойылған сұраққа жауабында С.Лавров былай деді: “Қазақстанның Ұйымдағы бастамаларын Достастық елдері толықтай қолдайды. Өйткені, бәрі де халықаралық қоғамдастық үшін маңызды мәселелер болып табылады. Өкінішке қарай, кейбір мемлекеттер ЕҚЫҰ-ны өз мүдделеріне қарай бейімдегісі келеді. Бірақ, Ұйым ешқашан өзінің қағидаттарынан ауытқымауы, ешкімнің ығына жығылмауы тиіс”.
Самат МҰСА.