• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Ақпан, 2020

Алматыда Ерікті студенттердің халықаралық форумы өтті

494 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің белсенді жастарының ұсынысымен биылғы жылды «Еріктілер жылы» деп жариялады. Бұл ең алдымен ел жастарына ерекше серпін беріп, мемлекет тарапынан жас ұрпақты қолдауға бағытталған маңызды қадам болды. Осы игі бастамаға үн қосып, шетелдік әріптестермен волонтерлік қызмет саласында тәжірибе алмасуды көздеген Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «Парасаттылық – ізгіліктің белгісі» атты халықаралық жастар форумы өтіп, оқу ошағының қабырғасынан «Еріктілер орталығы» ашылды.

Волонтерлік – өз еркіңмен, шынайы жүрек қалауымен атқарылатын жұмыс. Бұл – адамгершілік пен парасаттылықтың айқын көрінісі. Бүгінде әлем бойынша жүз миллионнан астам адам осынау игі іспен айналысады. Елімізде 580-нен астам волонтерлік ұйымдар ірі қалалар мен ауылдарда белсенді жұмыс атқаруда. 

«Еріктілер жылы» мен іргелі оқу ордасының 90 жылдық мерейтойына орайластырылған форумға Оңтүстік Корея, Франция, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің арнайы делегаттары, Қазақстандағы шетелдік Консулдықтар мен Елшілік қызметкерлері, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері, «Nur Otan» партиясы және «Jas Otan» жастар қанатының белсенділері, Республикалық «Sanaly urpaq» жобалық кеңсесінің, сондай-ақ «Ізгілік Елшісі» жобасының үйлестірушілері және басқа да қонақтар қатысты.

Форум жұмысын ашқан ҚазҰАУ ректоры Тілектес Есполов: «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген ұстанымды ту еткен ата-бабаларымыз «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», бір-біріне көмектесіп, Асар жасап, бір отбасының емес, тұтас бір ауылдың еңсесін көтеріп тастайтын.  Бүгінгі волонтерлік қызметтің қағидасы да осындай ізгі ниеттерден бастау алады», – деген ой-тұжырымымен бөлісті.

Университет басшысы, тілге тиек еткендей аталған басқосудың мақсаты – жастардың бойында парасаттылық, адалдық мәдениетін қалыптастыру, оларды ізгілікке, адамгершілікке, бауырмалдылыққа баулу.

Студенттерді ынтымақтаса отырып, ізгілік жасауға ұйыстыратын су жаңа «Еріктілер орталығы» нақты жоспар бойынша жұмыс жасамақ. Атап айтқанда, орталық қызметі арқылы жастар Президент анықтаған «Еріктілер жылының»  «Сабақтастық», «Саулық», «Таза әлем», «Асыл Мұра», «Қамқор», «Білім», «Үміт» деп аталатын 7 бағыты бойынша волонтерлық іс жоспарларын жүзеге асыратын болады. Сонымен қатар осы орталықта білікті, тәжірибелі мамандарды тарту арқылы жастарды волонтерлық қызмет бойынша оқытып, дайындайтын, оларға бағыт-бағдар беретін арнайы штаб құрылады. Онда жастар өздері қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді талдап, кімге қандай көмек керек екенін анықтап, нақты шешімдер қабылдайды.

Форум жұмысы аясында Оңтүстік Кореялық  IMEI Халықаралық менталды-ағартушылық орталығының басшысы, профессор Джо Гю Юн бастаған ғалымдар жастарға волонтерлықты дамытуға байланысты арнайы семинар-тренинг өткізді. Еркін пікір алмасу форматында өткен басқосуда ҚазҰАУ білім алушыларының волонтерлік бағытта атқарған қайырымды іс-шаралары туралы бейнеролик пен шәкірттердің өздері дайындаған ізгілікке үндейтін мультфильм көрсетіліп, оқу орнындағы Студенттер үйінде тұратын жастармен онлайн байланыс орнатылды.

Форумда сөз сөйлеген ерікті жастар бұл бастамаларын республикамыздың басқа да жоғары оқу орындарына жолдап, «Еріктілер жылында» игі істерді бірлесе атқаруға шақырды.