• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Ақпан, 2020

Бәрімізге сабақ боларлық жағдай

524 рет
көрсетілді

Қордайдағы қақтығыс баршамызды қатты алаңдатты. Бұл бір жағынан жергілікті жердегі билік өкілдерінің дұрыс жұмыс істемеуінің салдары.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешіміне келісемін. Бұл оқиға аймақтағы басшылардың кемшілігін көр­сетеді. Өйткені онда лауазымды қызметке тағайындалған соң, тұрғындардың жай-күйін, не­мен тыныстап, не ішіп-жеп отыр­ғанына дейін түгел білуі тиіс. Мұндай кикілжіңді алдын ала көре біліп, оған жол бер­меудің әрекетін жасауы керек еді. Өкінішке қарай, ондағы жас­тардың көбі жұмыссыз, әлеу­меттік және экономикалық тең­сіздік бар. Қалтасы қалың азаматтар «бармақ басты, көз қыстымен» заңнан құтылып кет­кен деп естіп жатырмыз. Мұ­ның бәрі, әрине қарапайым ха­лықтың ашу-ызасын туғызады. Сондағы лауазымды тұлғалар осының бәріне жол бермеуі қа­жет болатын.

Қазақ халқы бейбіт халық. Мұндай басбұзарлық жергілікті жерде бір күнде шықпайды. Уақыт өте қордалана береді. Жергілікті әкім-қаралар бұған мән бермеген, байқамаған. Бұл,  біріншіден. Екіншіден, аймақ­тағы мемлекеттік мекемелерді жемқорлық пен парақорлық жаулап алған сыңайлы. Соған еті үйреніп кеткен. Мұны жай ғана басбұзарлық деп, «жабулы қазан жабулы» күйінде қал­дыруға мүлдем болмайды. Бұл әлеуметтік теңсіздікті, рухани түсініктің төмендегенін көрсетеді. Өңірдегі мемлекеттік мекеме басшылары осыған қа­тысты жұмыс істеуге міндетті. Мем­лекет басшысы айтып өт­кендей, мұндай жағдайға жол беру жергілікті әкім-қараның салғырттығы.

Қазақстанның түкпір-түк­­­пірінде этностық топтар бар. Олардың тұрмыс-тір­ші­лі­гі әр­қилы. Таным-тү­сінігі, дү­ние­танымы әртүрлі. Алай­­да со­лар­дың бәрі Қазақ елі­нің, Қа­зақ­­станның азаматы. Қор­дай­дағы қордаланған мәселе сол эт­нос­тық топтардың кейбірінде Қа­зақстан азаматы деген сана-сезімі әлсіз екенін көрсетеді. Жер­­гілікті жердің басшылары осы мәселемен жұмыс істеуі тиіс. Яғни, бәріміз бір елдің аза­­ма­тымыз, Қазақстан – ортақ еліміз, ортақ қазынамыз, оған нұқ­сан келтірмеу керек деген ұғым қа­лыптастыруға күш салу қажет.

Әйтсе де, бұл мәселені ше­шуді тек орталық аппаратқа артып қою дұрыс емес. Ауылдық жерлерде ақсақалдар алқасы, зиялы қауым өкілдері бар. Олар да осы түйткілмен айналысып, елдің тұтастығы мен тату­лы­ғын, Қа­зақстан азаматы деген ұғым­ды күшейтуге күш салуы тиіс. Қордайдағы қордаланған мә­селе бәрімізге сабақ болуы керек.

 

Ғарифолла ЕСІМ,

қоғам қайраткері