Биыл әлемдік деңгейдегі данышпан Абай Құнанбайұлының туғанына175 жыл толуына орай Рудный қаласындағы кітапханалар мен мұражайларда, оқу орындарында түрлі шаралар басталып кетті.
Қалалық «ТВС» телеарнасы мен «Магнетит» апталығы арнайы айдар ашып, ұлттық болмыстың үлгісі – Абайдың мол мұрасын насихаттаушыларға жақсы жағдай жасап отыр. Бұл істен қалалық ардагерлер кеңесі де сырт қалмады. Оның мүшелері Қасымқайыр Дүйсенбаев, Қабдолла қажы Ахметжанов, Сүндет Молдашевтар жүректен шыққан жырларын оқыса, Жақсылық Кәкенов, Лилия Пентюхова, Нина Герасимова, Шамшия Қайыркенова, Ләйлә Қапанова, Рысбике Сүймековалар Абайдың өлеңдері мен қарасөздерін жатқа айтып, әндерін шырқады. «Біздің бүгінгі қоғамда ақсақалдардың алға шығып, Абайды ардақтауы, оның рухани мұрасын дәріптеуі өте қуанышты. Алдағы уақытта да ардагер ақсақалдарымыздың Абай өнегесін, шығармаларын жас ұрпаққа барынша насихаттауға үлес қоса береді» деді мұндай игілікті істің басы-қасында жүрген қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәлімгерей Бексейітов.
Сондай-ақ, «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе. Адамдықты көздесең, жаттап тоқы көңілге!» деп Сұлтанмахмұт Торайғыров жырлағандай, қаладағы жиырма бір мектеп оқушылары және балабақша бүлдіршіндерінің қатысуымен дәстүрлі «Абай оқулары» байқауы басталды. Қалалық телеарна мен басылым ендігі кезекте қалың оқырман мен көптеген көрермендерді осы байқаудың қатысушыларымен жақын таныстыруды да ойластырып отыр. Абайдың мерейтойына орай өткізілетін түрлі іс-шаралардың барлығы да кеншілер қаласы тұрғындарының, әсіресе жастардың ой-өрісін дамытып, білім көкжиегін кеңейтуіне, рухани серпіліс береріне әркімнің де сенімі мол.
РУДНЫЙ