Ақтөбе қаласында жеке бір адам емес, тұтастай компанияның қитұрқы әрекеттерге барғаны мәлім болды. Атап айтқанда «Gold» деп аталған компанияның қос бірдей өкілі – Ресей азаматтары Қазақстан Республикасы қылмыстық Кодексінің 217-бабына сәйкес жауапқа тартылды.
Оларға жалған қаржылық пирамида қызметін жүргізді деген айып тағылып, екі ай мерзімге қамауға алынған. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл жөнінде БАҚ өкілдеріне Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Самат Аисов хабарлады. Оның айтуынша, аталған компанияның бас кеңсесі Алматы қаласында орналасқан. Оны құрушы Черняев есімді Ресей Федерациясының азаматы көрінеді.
Әйтсе де ол өмірде нақты бар адам ба, әлде оның лақап аты ма, бұл жағы әзірге белгісіз. Мәселенің ақ-қарасы тиісті тергеу мен тексеру амалдарынан кейін белгілі болмақ. Қазір қазақстандық ішкі істер құрылымы Черняевтің жеке тұлға ретіндегі дерегі мен түпкілікті мекен-жайын анықтау үшін көрші мемлекетке халықаралық қатынас қағазын жолдаған.
Ал әзірге барлық келісімшарттар мен квитанцияларда және кіріс-кассалық құжаттарда бұл азаматтың көшірме қолы тұр екен. Яғни ол нақты түрде еш уақытта ештеңеге қол қоймаған. Сонымен бірге компанияның Ақтөбе қаласында қамауға алынған кеңесшісі мен басқарушысының да қол қоюға құқылары болмапты. Алаяқ компания аз уақытың ішінде еліміздің алты қаласында өз кеңселерін ашып, тұрғындардың қомақты қаражаттарын қымқырғанға ұқсайды. Сол аймақтағы жергілікті құқық қорғау органдары бұл жөнінде тергеу жұмыстарын жүргізе бастағаны белгілі болып отыр.
Мәселенің мәнісіне келсек, «Gold» компаниясының Ақтөбедегі өкілдігі 2019 жылғы желтоқсан айының басында ашылып, әлеуметтік желілерде ашық және белсенді түрде жарнама жүргізе бастапты. Олар ел-жұртқа бір айдың ішінде 40-50 пайыз мөлшерінде үстемеақы беруге уәде еткен. Жалған сөзге сеніп қалғандар аз емес. Бұл орайда ең төменгі бастапқы салым мөлшері 300 мың теңге болса, ең жоғары көлемі 7 млн теңгеге дейін барған. Бұған дейінгі жасалған сараптаулар алдамшы компания құрбандарының басым бөлігі жастар мен зейнеткерлер екенін көрсетеді.
Алдын ала жасалған мәліметтерге қарағанда қаржы пирамидасы құрбандарының саны – 10 мың мен 15 мың аралығында екенін есепке алсақ, тұрғындардың зая кетіп, желге шашылған қаражатының көлемі бұдан әрі аспандап кете беретіні айтпаса да түсінікті емес пе?!
Тағы бір айтары, Ақтөбеде аталған фирманың әділет органдарына тіркелгені жөніндегі құжаттары да жоқ екен. Тек жоғарыда аталған екеу ғимаратты жалға алып, өздерінің арбауы мен алдауына сеніп қалған тұрғындардан ақша жинауды әдетке айналдарған. Олар бухгалтерлік есеп жүргізу ісін де қажет деп таппаған. Ақшаны қабылдап алу мен беру және кері қайтару жөніндегі актілерді де белдерінен бір-ақ басқан. «Gold» қаржы аудару тәртібін мүлдем ысырып тастап, тек қолма-қол ақшамен жұмыс істепті. Сондықтан да бұл мәселеге қатысты құжаттар тек салымшылардың аты-жөндері мен сома мөлшері жазылған күйінде ғана болып отыр. Тіпті ақша қабылдайтын кассирлермен де еңбек шарты жасалмапты.
Бүгінгі уақытта Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментіне бұл мәселе бойынша арызданған тұрғындар саны аз емес.
Бір қызығы, әлеуметтік желілер мен уатсап мессенджері арқылы ел-жұрттан жиналған қаражаттың қайтарылып берілетіні жөніндегі мәлімдемелер де таратылып жатыр. Соны малданып, істі болған екеуді бостандыққа шығару керек шығар деген ойға беріліп жүрген тұрғындар да жоқ емес. Мұндай жалған мәлімдемелер мен уәделерге сенудің қажеті жоқ дейді Ақтөбе облыстық Полиция департаменті басшысының орынбасары Самат Аисов.
АҚТӨБЕ