• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 21 Ақпан, 2020

Қазақтың қалаға көшуі: қапер мен қатер

2007 рет
көрсетілді

Соңғы онжылдықта шағын және ірі қалалар тұрғындарының саны артып, ауыл халқының саны азайып барады. Болжам бойынша әлемдік урбанизация деңгейі 2050 жылға қарай 70 пайызды құрауы мүмкін. Бүгінде дүние жүзінде қалаларға тиесілі жерлер бар-жоғы екі пайызды құрап отырcа, әлемнің бір миллиардтан астам халқы қаланың кедей тұрғындарының қатарын толықтыра түсуде. Урбанизацияның ауқымы мен қарқынды дамуы баспанасыздық, инфрақұрылымдардың жетіспеушілігі, текетірестер мен зорлық-зомбылық, тағы да басқа түйткілді мәселелердің туындауына себепші болып отыр.

Фермерлерді көбейту – индустрияландыруға жол ашу

Бүгінде еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент сияқты ірі қала­ларына білім алу, жұмыс іздеп, әл-ауқатын жақсарту мақсатында тұрақты немесе уақытша қоныс аударғандар саны артқан. «Бұл үрдістерге тосқауыл қою мүмкін емес. Өйткені миграция әлемдегі қарқынды құбылысқа айналып барады. Дегенмен, алдын алу, дұрыс бағыттау сияқты жолдармен жұмсартуға болады», дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Әзімбай Ғали. Мұндай қарқынды урбанистік үдерістерді экономиканы алға сүйрейтін қалыпты жағдай ретінде қабылдау қажеттігін айтқан сарапшының пайымдауынша, Қазақстанда миграциялық сальдо қалыпты. Жұмыссыздық деңгейі орта есеппен 4-5 пайыз дейтін болсақ, бұл нарықтық қоғамға тән көрсеткіш. Ал Қарағанды, Маңғыстау сияқты кейбір өлкелерде жұмыссыздық көрсеткіші 7-8 пайызға дейін барады. Себебі аталған өлкелерде дүрдараздықтар орын алып, жергілікті органдар жұмыспен қамтуда дұрыс шаралар қолдана алмай келеді.

«Қалалы жерлерде еңбек өнім­ділігі жоғары болғанымен, ауылдарда төмен екенін мойындауға тиіспіз. Ал­дағы уақытта ауыл халқы сарқылып, ажырасқан отбасылар, қарт тұрғындар сияқты әлеуметтік көмекке мұқтаж топ­тар көбейе беретін болады. Бұл қазақ­тың қалаға ауу үрдісіндегі жа­ғым­­сыз құбылыс», дейді Ә.Ғали. Мұн­дай түйткілді мәселені әлеуметтік құры­лымдарды көбейту арқылы жақсарту қажеттігін айтқан ғалым Қарағанды, Қостанай, Петропавл сияқты орталық жә­не солтүстік өлкелерден орыс этносы өкіл­дерінің, әсіресе еңбекке жарамды тобы Омбы, Том, Новосібір аймақ­тарына көшіп болғанын айтады.

Алайда олардың зейнетақысын алып, қалыпты өмір сүріп жатқан ата-аналары Қазақстанда қалып қойды. Ғалымның айтуынша, белгілі бір этнос өкілдерінің тарихи отанына оралуы жағымды құбылыс. Бірақ, босаған аймақтарға қазақтар әлі көшіп бара қоймағанына алаңдаушылық білдірген ғалым бұл өлкелерде қазақтарды қоныстандыру мәселесін жеделдету қажеттігін айтады.

Ал қазақтың ауылдан қалаға көшуінен қауіптенудің еш қисыны жоқ. Батыл тұжырымын ортаға салған сарапшы алдағы уақытта бұл үрдістің күшейе түсетініне тоқталды. Кеңес дәуірінде қазақты қалаға жібермеу, тіптен белгілі бір өңірлерге кіргізбеудің орын алғаны белгілі. Қазір егемен елінің қай бұрышына көшем десе де әр қазақтың еркі өзінде. Десек те, ауылдарда жастарға қарағанда орта жастағылардың саны көптеу. Ал ауыл-аймақтар жұмыс орындарына мұқтаж. Мұндай жағдайда қалаға көшу үрдісі біршама тоқтайды. Ауылдарда фермерлік шаруашылықтарды дамыту да уақыт күттірмейді. Осы тұста америкалық үлгінің ұтымды екенін негізге алған сарапшы бұл елде жалдамалы жұмысшылар Латын Америкасы, Мексикадан келіп еңбек ететінін, қазақтар қалада табыс тапса, ауылдағы фермерлердің маусымдық гастарбайтерлерді жалдауы да қалыпты жағдайға айналатынын айтады. Бүгінде елімізде ортаңқол фермерлерді көбейтіп, индустриялды үдерістерге жол ашудың мүмкіндігі мол. Ал жойылу алдында тұрған ауылдарға көп тұрғынның қажеті шамалы. Кемінде 3-4 фермерлік қожалықты дамытса жеткілікті. Бұл үшін олигархтардың меншігіндегі жерлер шаруаларға берілуі тиіс, дейді ғалым.

 Шағын қалалар көлеңкеде қалды

Бүгінде ірі қалалардың дамуы дүниежүзіне тән жағдай екенін негізге алған экономика ғылымдарының докторы, профессор Рахман Алшанов ауылда шағын кәсіпорындар ашып, инфрқұрылымды дамыту қажеттігін айтады. Ғалымның айтуынша, Алматы кезінде 700 мың тұрғынға шақталған қала болса, бүгінде халқының саны 2 млн, таяу болашақта 5 млн-ға жетеді деп жоспарланып отыр. Осының салдарынан экологияға да, табиғатқа да салмақ түсіп отыр. Әлеуметтік мәселелер өз алдына. Бүгінде Қарағанды, Ақмола, Түркістан, Қостанай облыстарынан келіп жатқандар көп. Ал шағын қалалар көлеңкеде қалып қойды. Солтүстік Қазақстаннан Ресейге кетіп жатқандар да баршылық. Ресей жұмыс, жер, білім гранттарымен қызықтыра түсуде. Осы орайда ауылға қаражат бөліп, дамыту керегін айтқан ғалым Шу мен Мойынқұм аралығындағыдай соғыс жылдарын еске түсіретін жолдардың көптігін негізге алды. Су жетіспей, әлі күнге шелекпен тасып жүрген өңірлер бар. Қаражатты дұрыс бағыттамау салдарынан осындай түйткілді мәселелер туындауда. Дегенмен Солтүстік Қазақстаннан өзге өңірлерде қазақтардың үлесі көбейгенін басшылыққа алған Р.Алшанов қалаларда қазақ мектептері, қазақтардың үлесі артып келе жатқанын жеткізді. Ендігі кезекте сөзден іске көшіп, бұл бағыттағы саясатты қайта қарау қажет.

Жоспарсыз саясаттан ауылдар күйзеліске ұшырады

Бүгінгі ауылдың да, қаланың да жағдайында, әсіресе жастар арасында жұмыссыздық, баспанасыздық мәселелерінің өткір тұрғанына алаңдаушылығын білдірген саясаттанушы Расул Жұмалы жай-күйдің болмау салдары ашу-ызаға, қылмыстың өсуіне соқтыратынын жеткізді. Сарапшының айтуынша, ауыл тұрғындарының қалаларға ағылуы ғаламдық үдеріс. Оның ішінде байырғы мәдениеті ауыл шаруашылығына, аграрлық өнеркәсіпке тәуелді болып қалған елдерде мұндай үрдістер қызу жүріп жатыр. Оған Аустралия, Бразилия, Жаңа Зеландия елдері мысал бола алады. Ал Қазақстанда жабайы, өзімен өзі, ешбір жоспарсыз, ғылыми тұжырымдамасыз орын алған жағдай белең алып отыр. Нәтижесінде ауылдар күйзеліп, түрлі қиындықтарға тап болуда. Ал қалалар келушілерді шектен тыс қабылдап, еңсере алмай жатқаны тағы бар. Бұл жерде ескере кететін басты мәселе, ауыл тұрғындары барлық облыс орталықтарына емес, Алматы, Астана, Батыс өңірдегі бірді-екілі қалаларға қоныс аударып, жайсыз-күйсіз жүргені. Ал жастардың тұрақты жұмысы болмаса, білім алмаса, қалаға келіп босып кететін болса, бұл әлеуметтік һәм саяси мәселе.

Ендігі кезекте ауылдарды қаңыратып бос қоймай, кешенді жағдайлар жасау қажеттігін жеткізген Р.Жұмалы ауыл шаруашылығына ғана емес, елдің мәдени өміріне, денсаулық сақтау жүйесі мен инфрақұрылымына назар аудару керегін айтады. Осы орайда Аустралия тәжірибесінің ұтымды тұстарына тоқталған сарапшы заманауи жетілген, жаңа технологиялармен қамтылған аграрлы елдің 5-7 пайыз тұрғыны бүтіндей бір елді ауыл шаруашылығымен кешенді түрде қамтамасыз етіп отырғанына тоқталды. Ал Қазақстанда соңғы санақтар бойынша ауыл халқының саны 40-42 пайыз шамасында. Жерді латифундистер иеленгендіктен, тұрғындардың 99 пайызының жері жоқ. Қазір космомониторинг Балтық жағалауы елдеріне пара-пар жерлердің бос жатқанын анықтап отыр. «Латифундистерге осыны ашып айтатын кез келді. Оны батырып айтуға тиісті орындар қауқарсыз отыр. Мемлекеттен жер жоқ, барлығы жеке меншікте деген желеуді жиі естиміз. Ал шетелдіктер алатын кезде жердің табыла кететіні тағы бар», дейді Р.Жұмалы. Бүгінде ауылға жағдай туғызудың экономикалық та, әлеуметтік те сипаты басым. Бұл мәселе кешенді түрде бет бұруды қажет етеді. Таяу жылдарда ауыл тұрғындарының саны 20 пайызға дейін төмендеп кетуі ықтимал. Мал, егін шаруашылығы, мақта, күріш өсірудегі байырғы дәстүрді жандандыра отырып, ауыл тұрғындарына жерді игеруге толық жағдай жасау қажет. Осындай кешенді мәселелердің экономикаға, әлеуметке әрі ішкі саяси жағдайға әсері бар.

 Білім кластерін құрып, донор аймақтарды көбейту қажет

Еліміздегі урбанизациялық үдерістер жүйесіз деген пікірді құптайтынын білдірген саясаттанушы Досым Сәтбаев «Урбанизация ғаламдық құбылыс, дүниежүзінде ауыл тұрғындары азайып барады. Ал Қазақстандағы қалалар депрессивті аудандар есебінен ұлғаюда» деген ойымен бөлісті. Яғни, ауылда болашақ жоқтықтан, тұрғындар қалаға қоныс аударуда. Ал қалада жайсыз, күйсіз, жұмыссыз күн көру мүмкін емес. Ауылдан қоныс аударғандар бірінші кезекте осы мәселемен бетпе-бет келеді. Соның салдарынан деструктивті урбанизация белең алып отыр. Күрмеуі қиын мәселенің бірқатар себептеріне тоқталған саясаттанушы бүгінде жастардың көптеп кетуінен ауылдар адам капиталынан айырылса, қаладағы жастардың жағдайы болмағандықтан, әлеуметтік шиеленістер туындап отырғанын атап өтті. Сондықтан да қазақтың байырғы мәдениетінің, тамырының ауылда екенін түсінетін кез келді, дейді Д.Сәтбаев. Діннің де бастауы ауылда. Ауыл ақсақалдары исламды көшпенділер тарихымен, мәдениетімен байланыстыра отырып, дәстүрлі институттың қызметін арқарып келгені белгілі. Қазір қарап отырсақ, тамырын үзіп, не ауылда жоқ, не қалаға бейім емес жастар қалаға келіп өркениетті игере алмастан, маргиналдарға айналып барады. Жастардың елімізде радикалды құрылымдарға көптеп кетіп жатуының салдары да осымен байланысты. Урбанизация үдерісінде ары қарай да күрделі мәселелер көптеп туындай беретін болады. Экстремизмнің, әлеуметтік қайшылықтың күшеюі адам капиталына нұқсан келтіруде. Саясаттанушы атап өткендей, бүгінде қазақтардың көрші елдерге де кетуі қалыпты үрдіске айналғандай. Бірнеше жыл бұрын кеткендер саны жылына 35 мыңды құраса, бүгінде олардың саны 40 мыңға жуықтады. Көпшілігі Ресейді бетке алуда. Егер де сан жағына келетін болсақ, бізде айтарлықтай демографиялық өсім жоқ, дейді саясаттанушы.

Мұндай көкейкесті мәселенің шешімі қалалар агломерациясын жасап, кеңейткеннен гөрі аймақтарды дамытып, бәсекелестікті арттыру екеніне тоқталған Д.Сәтбаев бүгінде ел экономикасында Алматының донор қала ретіндегі орны бөлек екенін жеткізді. Батысымызда мұнайлы өлкелер бар. Ал басқа қалалар дотацияда отырған, депрессивті қалалар тізіміне кіреді. Бұдан жүйенің тиімсіздігін көреміз, деген саясаттанушы әр өңірдің әкімі бәсекеге қабілеттілікті көтеріп, инвестиция тартуға жұмыс істеуі тиіс деп санайды. Өз өңірлерін тартымды етіп, тұрғындарына жағдай жасауды дер кезінде қолға алмаса, салдары қиынға соқтыратыны анық. Ондай қиындықтар қазірдің өзінде белең алып барады. «Ауылдарда баспана, жалақы, мәдени инфрқұрылымдар дәл қаладағыдай қолжетімді болуы керек. Әсіресе, білім кластерін құрудың маңызы жоғары. Назарбаев университеті үлгісінде аймақтарда агрономия, ветеринария, ауыл шарушылығы ғылымдары бойынша, ал мұнайлы аймақтар да мұнай-газ мамандықтарына баулитын білім ошақтарын көтеру керек. Сонда ғана инфрқұрылым қалыптасып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Жастарға да жұмыс табылады. Сонда ғана біз ішкі миграцияны аз да болса ауыздықтай аламыз», дейді Д.Сәтбаев.

«Ал адам капиталын дамытуда туындаған кез келген мәселе кешенді зерттеуді қажет етеді. Бүгінде қалаларға келетін жастардың нақты статистикасы жоқ. Бірнеше жыл бұрын бұл көрсеткіш жылына 60 мыңды құраған. Бүгінгі ресми статистика одан көп болуы мүмкін. Ал арнайы шұғылданып, мәселенің неден туындап отырғанын зерттейтін әлеуметтік және мемлекеттік құрылымдар жұмыс істемейді. Мәселе ушыққанда барып, неге бұлай болды деп даурығып жатамыз. Қоғамда жастар тарапынан орын алып жатқан келеңсіз жағдайлардың салдары мемлекеттің бұл мәселеге мүлде салғырт қарауының салдарынан туындап отыр» деген Д.Сәтбаев бүгінде республика жұртшылығының 10 пайызын дәулеттілер тізіміне, 70 пайызын протоорта тап өкілдері қатарына қосатынына тоқталды. Бұл топ төтенше жағдайларда жұмыс орындарынан айырылып қалуы әбден ықтимал табысы тұрақты емес тұрғындар. Ал жұртшылықтың 20 пайызы классикалық кедейлер. Сонда елдегі тұрғындардың 90 пайызын кедей тапқа жатқызуға болады. Ал орта тапқа басында тұрақты баспанасы бар, білімді, балаларын да ақылы негізде оқыта алатын тұрғындар жататынын негізге алған Д.Сәтбаев елімізде баспанасын ипотекаға алған, жалақысын келесі табысына дейін жеткізе алмай, несиеге байланып отырғандардың көптігіне назарға алды. Бүгінде қазақстандықтардың жетпіс пайызының несиеге тұрлаулы екенін ескеретін болсақ, кедейшілік индикаторының басты себебі осында.

Тұрғындардың әл-ауқатына қатысты мәселе жақында Парламент мінберінен де айтылған болатын. Мәжіліс отырысында депутат Айқын Қоңыров бүгінгі айлық төлеу жүйесін толықтай қайта қарау керегін айтып, халықтың шынайы табысы ресми мәліметпен сәйкесе бермейтініне Үкіметтің назарын аударды. Депутаттың айтуынша, Үкімет айтып жүрген орташа айлық жалақы мөлшері жәй ғана математикалық есеп және елдегі шынайы жағдаймен сәйкес емес. Бай мен кедейдің арасы күн санап алыстап барады. Табысы төмен, түтіні түзу ұшпайтын тұрғындар мен жоғары жалақы алатындардың арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Қала мен ауыл тұрғындарының табысы да екітүрлі. Халыққа нақты нәтиже керек, тұрмысының түзелгенін нақты сезінуі тиіс.

Қазақтың ауылдан қалаға көшуінің себеп салдары мемлекеттік жүйеге тікелей байланысты екенін қаперге алған сарапшылар қазіргі кезде орын алған түйткілді мәселелер жойылмаса оның артында қатер тұрғанын ескертеді. Ал әзірге ауылдан қалаға ағылған көште тоқтау болмай тұр. Көз жеткізген мәліметтер бойынша, балалары оқуға кеткен отбасылар жүгін түйіп даяр отыр. Олардың орта жасы бүгінде 35-60 аралығын құрайды. Бірі мектепте мұғалім болса, енді бірі дәрігер... Ауылда маман тапшы кезеңде белең алып отырған бұл мәселе сарапшылар айтқандай кешенді бетбұрысты қажет етеді. Әрі тамыры тереңге кеткен аяулы мекендерді сақтап қалғанда ғана қазақтың көші де, өзі де түгел болады, дейді мамандар.

 

АЛМАТЫ