Сирияны соғыс өрті шарпыған. Йемендегі дағдарыс шешілер емес. Палестина мен Израиль қақтығысының соңы көрінбейді. Иранда наразылар артып келеді. Иракты тұрақсыздық жайлағалы қаша-а-ан! Жалғастыра берсеңіз, бұл тізім таусылмайды. Қысқасы, Таяу Шығыстың тынышы қашып, басынан қара бұлт арылмай-ақ қойды. Соңғы бір ғасырда осы өңірде жүзден астам түрлі деңгейдегі қақтығыс болған екен. Өркениет шартарапқа тараған, дәстүрлі діндердің қайнар бұлағы саналатын аймақтың тұрақсыздығына не себеп? Өңірдің тыныштығы неден бұзылды?
Таяу Шығыс туралы сөз қозғағанда мынаны ескеру керек. Геосаяси маңызы, тарихи мәні, қазба байлығы айрықша болғандықтан, өңір тұрғындары «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» өмір сүрді деп айту қиын. Көне дәуірден бері Евфрат пен Тигр өзендерінің алабы талай қырғынды бастан кешірді. Әйтсе де, бұл аймақ мамыражай дәуірге де куә болды. Бірақ Таяу Шығыстағы шиеленістің кейінгі кезде күрт артуының бірнеше себебі бар.
Аймақтағы тұрақсыздықтың басты себебі – мұнай мен газ. XX ғасырдың басында ағылшын геологтары өңірден «қара алтын» тапқалы бері әлем державалары Таяу Шығыста өз дегенін жүргізуге ниетін жасырған емес. Мұның себебі түсінікті. Қазіргі таңда жер жаһандағы мұнай қорының – 48 пайызы, газдың 38 пайызы Таяу Шығыс елдеріне тиесілі. Оның үстіне, мұнай өндіру бойынша да өңірдегі мемлекеттер алдыңғы қатарда тұр. Әзірге әлем «қара алтыннан» бас тартуға ыңғай танытқан емес. Ендеше аймақта кімнің дегені болып, айтқаны орындалса, соның халықаралық аренадағы абыройы артып, байлығы еселене түспек. Сондықтан өңірге «көз алартып қараудың» басты себебі осында жатыр.
Мұнай қорының молдығы, оны өндіру – Таяу Шығыс үшін тағдыршешті мәселе болып отыр. «Қара алтын» табылмаса асай-мүсейін арқалаған америкалықтар мен ағылшындар арабтың сартап шөліне қызықпас еді. Ұлыбританияның әйгілі премьер-министрі, ділмар саясаткер Черчилльше айтсақ, державалардың Таяу Шығыста «досы да, қасы да жоқ; тек мүддесі бар». Өкінішке қарай, мұнайдың мол қоры Евфрат пен Тигрді жағалай қоныс тепкен халықтың бағына емес, сорына айналды десек артық айтқандық емес.
Әдетте экономикасы әлсіз, халқының тұрмысы төмен, диктатор билеген мемлекеттер ішкі тұрақсыздыққа сыртқы күшті кінәлап, өздері жүргізген әлсіз саясатты ақтап алуға тырысатыны бар ғой. Мұны сылтау дерсіз. Ал Таяу Шығыс елдері саяси аренадағы сәтсіздігі мен экономикалық әлеуетінің нашарлығын сыртқы күшпен қалай байланыстырса да жарасады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, кей мемлекеттер байлыққа талас үшін кез келген әрекетке баратынын сөзбен де, іспен де дәлелдеді. Ол былай тұрсын, айрандай ұйыған бір елдің шаңырағын ортасына түсіріп, халқын тентіретіп жіберетінін көз көрді. Мәселен, талай тарихты бастан өткерген Сирия бүгінде соғыс өрті жалмаған тамұққа айналған. Соның салдарынан көптеген тарихи жәдігер мүлдем жойылып кетті. Иракқа ядролық қару іздеп барғандар мұнайдан басқа ештеңе таппай қайтты.
Таяу Шығыстың құтын қашырып тұрған тағы бір себеп – Израиль. Асықпаңыз, бүтіндей бір мемлекетті аймақтағы алауыздыққа кінәлайын деп отырғанымыз жоқ. Түйткілдің түп-тамырын көрсетпекпіз. Израиль бүгінде дамудың даңғылына түскен тәуелсіз ел. Оны мойындау керек. Дегенмен Таяу Шығыста еврейлер елінің орналасуы арабтарға әсте ұнаған емес.
Тарихқа үңілсек, Осман империясы тұсында Палестина жерінде арабтар мен еврейлердің тату-тәтті ғұмыр кешкенін байқаймыз. Алайда XIX ғасырдың соңында әлемге тараған еврейлер арасында ұлтты біріктіру идеясы күш ала бастайды.
«Саяси сионизмнің әкесі» саналатын журналист Теодор Герцль өзінің The Jewish State кітабында Евфрат пен Тигр маңайында мемлекет құру қажеттігін жазған екен. Кейінірек бұл туынды еврейлердің бойтұмарына айналды. Осылайша жан-жақтан Иерусалимге ағылған сионистік идеяны сіңірген еврейлер біртіндеп тұрғылықты халықтың жерін сатып ала бастайды. Бірақ палестиналықтар олардың түпкі мақсатын аңғармай, қолын мезгілін кеш сермеп қалды. 1947 жылы БҰҰ 181 қарарында Палестина жерін бөліп, Палестина және Израиль мемлекеттерін құру туралы шешім қабылдады. Бұл қадам Араб елдері жоғары кеңесіне ұнаған жоқ. Көп ұзамай-ақ Иерусалимнің мүфтиі еврейлерге жиһад жариялады. Бір жылдан соң 1948 жылы 14 мамырда Израиль тәуелсіздігін жариялағанда Араб лигасы оларға соғыс ашты. Мысыр, Иордания, Ирак, Сирия, Ливан, Сауд Арабиясы, Йемен бірігіп, Израильге қарсы шыққан. Бірақ түйеден әлі түсіп үлгермеген арабтар америкалықтар қолдаған еврейлерді жеңе алған жоқ. Керісінше, Палестина территориясының 78 пайызынан айрылып қалды.
Міне, осыдан бері семиттер ұлысына жататын арабтар мен еврейлердің басы піспей келеді. Алғашқы қақтығыстан кейін екі тарап бірнеше рет соғысып, оның зардабын қарапайым халық тартты. Араб лигасы қанша талпынса да, сионистерді жеңе алған жоқ. Бүгінде миллиондаған палестиналық өз үйінен айырылып, босып кеткен. Арабтар әлі күнге дейін Израильді бүйірден шыққан шиқан секілді көрсе, еврейлер атажұртымызға келдік деп есептейді.
Таяу Шығыста тұрақтылық болмауының келесі себебі – өңірде әлемдік деңгейдегі держава, геосаяси шахмат тақтасына лайық ойыншы жоқ. Бір өңірде бір ғана «дөкейдің» үстемдігі әлемдік тепе-теңдік үшін керек. Яғни бір мемлекет көршілеріне «ақыл» айтып отыруды жөн санайды. Мәселен, Солтүстік Америкада АҚШ, Азияның оңтүстігінде Қытай, солтүстігінде Ресей осы «міндетті» атқарып отыр. Таяу Шығыста мұндай «аға» жоқ. Жекелеген мемлекеттердің осы орынға ұмтылысы да алауыздық туғызады. Қазақы тілмен айтсақ, «екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды».
Қазіргі таңда Таяу Шығыстағы беделді елге айналуды көздейтін үш мемлекет бар. Олар: Түркия, Сауд Арабиясы және Иран. Түркияның ұмтылысы түсінікті. Ол алып Осман империясының шаңырағы мен қазанын ұстап қалған ел. Сондықтан түріктер Таяу Шығыста ықпалды ел атануға талпынуы заңдылық.
Сауд Арабиясы да өңірде өз дегенін жүргізуге мүдделі. Бұған да негіз бар. Осы елдің экономикалық әлеуетіне Таяу Шығыстағы бірде-бір мемлекет шендесе алмайды. Мұнай қоры бойынша әлемде Венесуэладан кейін екінші орында тұр. Сауд Арабиясы Араб лигасы, Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесі, Ислам ынтымақтастық ұйымы секілді беделді ұйымдардың негізін қалауға тікелей атсалысты. Қысқасы, ресми Эр-Рияд Таяу Шығыстың тірлігіне белсенді араласып келеді.
Иран да өңірде өз дегенін жүргізуді көздейтіні белгілі. Парсылар талпынысы бекер емес. Иран – көне дәуірден келе жатқан ел. Біздің заманымыздан бұрын патшалары біраз елді жаулаған қызылбастар бүгінге дейін бөтен елге бағынышты болған емес. Газ қоры жөнінен әлемде бірінші орында тұр. Иранда мұнай да жетіп-артылады.
Оның үстіне, жоғарыда аталған үш мемлекет деңгейлес. Иран мен Түркияның халық саны әрқайсында 83 миллионнан сәл асады. 34 миллионға жуық тұрғыны бар Сауд Арабиясы халық саны жөнінен Таяу Шығыстағы үшінші ел саналады. Үш мемлекеттің әскери әлеуеті де шамалас. Мәселен, үш мемлекеттің әрқайсысында кемінде 300 мың сарбаз сапта тұр. Экономикалық тұрғыдан да алшақтық жоқ. Сауд Арабиясы мен Түркия ІЖӨ бойынша үздік жиырмалыққа кірсе, Иран 30-дыққа енген. Осылайша олар «аққу, шортан һәм шаян» секілді үш жаққа тартып тұр.
Бұдан бөлек, шиеленістің түбегейлі шешілмеуіне кезінде империялық мақсатта өңірді жаулап алған елдердің әсері бар. Таяу Шығыстағы бірқатар мемлекет негізінен XX ғасырда құрылғаны белгілі. Яғни империялардың қолы қысқарып, басқаруға әлеуеті жетпегендіктен, Палестина секілді елдер тәуелсіздігін жариялады. Бірақ азаттықтың ақ таңы аймақтық мәселелерді де ала келді. Жаңадан шаңырақ көтерген мемлекеттердің шекарасы түпкілікті шегенделген жоқ. Осының нәтижесінде осы аймақтарда түрлі қақтығыстар жиі орын алып келеді. Мысалы, 1990 жылдардағы Ирак пен Кувейт арасында шекарадан туындаған түйткіл біразға дейін басылған жоқ.
Алауыздыққа қырғи-қабақ соғыстың да кері әсер еткенін тарихшылар айтып жүр. АҚШ КСРО-ның Таяу Шығыстағы ықпалын азайту үшін оңшыл ұстанымдағы жүйе мен әскери диктаторлықты қолдады. Кеңес өкіметі коммунистік диктаторларға сенім артып, достық қарым-қатынас орнатты. Әйтсе де, мұндай әріптестік өңірдегі ахуалға зиян келтіргенін уақыт дәлелдеді. Ирандағы, Ирактағы, Ливиядағы қақтығыстар сөзімізге дәлел. Шетелдік сарапшылардың пайымдауынша, әлемдік державалардың осындай мүдде көздеуінен Таяу Шығыс елдерінде экономикалық өсім баяулап, саяси тұрақсыздық белең алып, жемқорлық жайлаған. Бұдан бөлек, тұрғындардың білімі төмендігі, тайпалық өмір салтын ұстануы да «жығылғанға жұдырық» болып тұр.
Сондай-ақ Таяу Шығыстың тынышын қашырып тұрған мәселенің тағы бірі – діни алауыздық. Өңірдегі халықтың басым бөлігі ислам дінін ұстанады. Бірақ тұрғындардың кейбірі сүннит, келесісі шииттік бағытты жөн көруі жағдайды одан әрі ушықтыра түседі. Халықаралық аренада басы піспейтін Иран мен Сауд Арабиясын еске алсақ жеткілікті. Иран билігінде негізінен шииттік ұстанымдағы басшылар отырса, Сауд Арабиясында – сүнниттер. Сондықтан екі тараптың өзара түсінісуі қиын. Сирияда да сүнниттер мен шииттердің жанжалы мемлекеттік деңгейге дейін жетіп, Шам елінің шаңырағын ортасына түсіргені талай мәрте айтылды. Ирактың бұрынғы президенті Саддам Хусейн кезінде шииттерді қудалағаны туралы батыс баспасөзінде жарияланғаны есімізде. С.Хусейннің өміріне баға беру жоспарымызда жоқ. Айтқымыз келгені, шииттер мен сүнниттер арасындағы келіспеушілік мемлекеттік деңгейге дейін көтерілгені.
Қорыта айтқанда, Таяу Шығыстың тынышы кетуіне себеп өте көп. Әзірге халықаралық қоғамдастық қандай шешім қабылдаса да, аймақтағы алауыздықтың бітер шегі көрінбейді. Имам Бұхаридан жеткен хадисте пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір сөзінде Евфрат өзенінің бойынан байлық табылатынын, соның себебінен соғыс болып, көп адам қырылатынын жеткізген екен. Бәлкім, Алланың елшісі айтқан байлық мұнай шығар, кім білсін?!