• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Таным 26 Ақпан, 2020

Әлімжеттікке қандай жаза бар?

453 рет
көрсетілді

Өкінішке қарай статистикалық мәліметтер жыл сайын елімізде төрт жүзден астам әйелдің тұрмыстағы зорлық-зомбылық салдарынан көз жұматындығын растайды. Және әрбір үшінші қылмыс (37,8 пайыз) әйелге деген әлімжеттікпен байланысты болып келеді.

 

Қазақстандық әйелдердің 15 пайызы, ал ауылдық жерлерде әрбір бесінші әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықты қалыпты жағдай ретінде қабылдайды. Жыл сайын еліміздің дағдарыс орталықтарында 25 мыңнан астам әйел заңгерлер мен психолог мамандардың көмегіне жүгінсе, №150 сенім телефонына хабарласатындар саны 15 мыңнан асып, 4 мыңға жуық зорлық‐зомбылық көрген әйелдер мен балалар уақытша жатын орындарымен қамтамасыз етіледі екен.

Тағдыры тәлкекке түскен жандарға зәбір көр­сеткендерді жазалайтын заң­ның әлеуеті мен жә­бірленушілердің қауіп­сіздігіне қатысты сұрақтарға жауап іздеген Дағдарыс орталықтарының мамандары бұл мәселені ашық әңгіме алаңында талқылаудай талқылап келеді.

 «Дағдарыс орталықтарының одағы» ЗТБ Басқарма төрайымы Зульфия Бай­са­кова­ның айтуынша, биыл қаңтар айын­да Әкімшілік кодексіне енгізілген өзгерістерге орай, жәбірлеушіге айыппұл салу отбасы бюджетіне айтарлықтай салмақ түсіретіндіктен, тоқтатылған. Алай­да айыппұлды қоғамдық жұмыспен ал­мастыру туралы үкіметтік емес ұйым­дар­дың өтініші ескерілмей отыр. Ендігі ке­зекте құқық бұзған азамат ескертумен шектеліп, 15 тәулікке дейін қамауға алу соттың шешімімен ғана жүзеге асады. От­басындағы әлімжеттікке тосқауыл қоюға мұндай жаза түрі жұмсақ. Сондықтан да оны қылмыстық заңнама деңгейінде қарастыру қажеттігін айтқан Зульфия Байсакова отбасындағы кикілжіңнің зардабын бүгінде әйелдер ғана емес, балалар мен егде адамдар да тартып жүргендігін айтады. «Әке, ана, бала» деген ұғымдарды құрметтемеу қоғамымызға тән жайт емес-ті. Алайда соңғы жылдарда ажырасқан отбасылар, әкесіз өскен бала ұғымымен қатар жетімдер, қарттар, тіпті ана мен бала үйінің көбеюіне қынжылысын білдірген З.Байсакова дағдарыс орталықтарына балаларынан зәбір көрген аналардың да бас сауғалап, араша сұрап келуі жан­түр­шігерлік жағдайлардың кең етек алып бара жатқандығының көрінісі, деп атап өтті.

Қазіргі кезде орталық мамандарын алты жылдан бері күйеуінің озбырлығын көріп келе жатқан Г.Кубашеваның тағдыры алаңдатуда. Оның орталыққа келгеніне 20 күннен асқанымен, жәбірлеушіге әлі күнге жаза тағайындалмаған. Ана мен балаларының жағдайына алаңдаушылық білдірген орталық мамандары Г.Кубашева­ға тегін адвокат қызметін ұсынып отыр. Дағдарыс орталығы директорының орынбасары Татьяна Мидоның айтуынша, Қырғызстан азаматшасы Г.Кубашеваның бұл орталыққа екінші мәрте келуі. Туыстары алыста болғандықтан, тұрмыста болған алты жылдан астам мерзімде төркіншілемек түгілі, үйден қарыс қадам аттап шығуға тыйым салынған жас келіншек ұрып-соғудан көз ашпаған. Күйеуі өткен жылы әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл төлегенімен, отбасындағы жағдай өзгере қоймаған. Балаларын өзіне қарсы қойып, күйеуінің қорқытуымен отбасына оралуға мәжбүр болды. Үздіксіз күш көрсету жалғаса бергендіктен, Г.Кубашева орталыққа қайтадан пана сұрап келген. Қазіргі кезде екі бала анасымен, екеуі әкесімен қалғандығын айтқан орталық мамандары балдырғандардың қауіпсіздігіне алаңдаулы. Орталықтың әлеуметтік қызметкері Үміт Әметова әкесімен қалған балалардың жағдайын көріп қайтқанымен, тиісті орындар тарапынан нақты қамқорлықтың жоқтығын алға тартты. Ал Талғар қаласынан отбасы­ның қауіпсіздігіне араша сұрап келген Валерияның да жағдайы осыған ұқсас. Алты жастан асқан баласымен сергелдеңге түскен жас ана үшін отбасылық өмір ма­ғынасын жоғалтқан. Себепсіз, кейде қыз­ғаныштың салдарынан күйеуінің соққысына жығылып, аяғында қашып кетуге мәжбүр болып отыр. Дағдарыс орталығының көмегіне жүгінген Валерия біршама уақыттан кейін туыстарына оралып, күйеуімен заңды түрде ажырасқан. Бірақ бұл жағдайға қарамастан, күйеуі оны бақылауда ұстап, қорқытуын тоқтатар емес. Тиісті орындардан жауап күтіп отырған Валерия баласының өміріне алаңдаулы.

Қазіргі кезде тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша көмекке жүгінгендер саны 1474-і құрса, олардың 310-ы­ Дағ­дарыс орталығын паналағандар тізімінде (106 әйел мен 204 бала). Г.Кубашеваның қорғаушысы Алматы қалалық адвокаттар алқасының №9 ЗК адвокаты Алма Мусина бүгінде Дағдарыс орталығына күйеуінен зәбір көріп, пана сұрап келген әйелдердің көптігін айтады. Тіптен араша сұраған қоңыраулардың жиі түсетіндігіне қарап, қоғамдағы бұл жағдайдың кең етек алып кеткеніне алаңдаушылығын білдірген А.Мусина жеңіл жарақаттағаны үшін әкімшілік жауапкершілікпен жазалау отбасындағы «агрессорлар» үшін байлаулы қолын босатқанмен бірдей болып отыр, дейді. Алайда жаза түрлерін күшейткенімізбен, қол көтеруге бейім тұратын ер адамдарды бұл әдеттен арылту оңай емес. Сондықтан да шетелдердің озық тәжірибелерін сараптап, жәбірлеушіге жаза түрі ретінде белгілі бір мерзімге мәжбүрлі тәрбие жұмыстарын жүргізу керектігін айтады.

Дағдарыс орталығының психологы Салтанат Мәусейітова балалар мәселесіне назар аударып, оларды тұрмыстық зорлық-зомбылықта куәгер ретінде емес, жәбірленуші ретінде қарастыру қажет, дейді. Бүгінде дағдарыс орталығы мамандарына түсетін салмақ та, жауапкершілік те жоғары. Арнайы жүргізілген жұмыстар нәтижесінде отбасы мүшелері қайта табысып жатады. Алайда Г.Кубашеваның басынан өткен жағдай орталықта тұрып жатқан көптеген әйелдердің де басынан өткен. Сондықтан жазалау түрлерін күшейтумен қатар «агрессормен» де жүйелі жұмыстар қажет деп санайды психолог маман.

Мысалы, Германияда жәбірлеушіні қамаумен қатар жарты жыл оңалту өндірісінде жұмыс істейді. Қазіргі кезде Дағдарыс орталығы күш көрсетуші тараппен жұмыстарды жолға қоюдың стандарттары әзірленген. С.Мәусейітованың айтуынша, жәбірлеуші 15 тәулік немесе 3 жыл мерзімге отырып келгеннен кейін де отбасына, әйеліне, балаларына қандай да бір жауапкершілікті сезінбесе, ұрып-соғу жағдайлары қайталана беретіні анық. Оған жәбірленген әйелдердің ұзақ жылдар бойы ұрып-соғудың құрбанына айналып отырғандығы дәлел.

Психолог мамандардың пайымдауынша, отба­сындағы кикілжіңді жасырып отыру салдары Сток­гольм синдромына соқтырады. Баласынан айырылуы, бас­панасыз қалу, тіпті отбасы мүшелерінің беделіне байланысты қоғамдық пікірден қорқу, т.б. жағдайлар әйелдер мен ересек балаларды мәжбүрлі түрде осындай жағ­дай­ға душар етеді. Құқықтық қоғамда от­ба­сы құндылықтарының мәртебесі жо­ға­ры болмаса, әйелдердің ана ретіндегі дәрежесі артпаса, ер адамдар отбасының ті­регі мен мемлекеттің қорғаны ретіндегі жауап­кершілігін түсінбесе, оның салдары адами құндылықтардың құлдырауына соқ­ты­ратыны сөзсіз, дейді сала мамандары.

Қорыта айтқанда, жақында Қоғам­да­ғы әйелдердің беделін арттыру, олар­ға қамқорлық көрсету мақсатында «Қа­зақстандағы әйелдердің жағдайын жақсарту жөніндегі жол картасы» әзір­ленді. Қазақстан әйелдер күштері альянсы­ның Алматы қаласы әкімдігінің қол­дауы­мен зерттеулер жүргізуі нәтижесінде қол­ға алынған игі бастама қолдауға зәру әйелдердің көңіліне сенім ұялатқандай. Қазіргі кезде бір ғана Алматы қаласында әйелдер 54 пайызды құраса, олардың орташа жасы – 35,2, өмір сүру ұзақтығы 78 жас­ты құрайды. Жұмыспен қамтылғандары 52 пайыз болса, жеке кәсіпкерлік саласында 32 пайыз әйелдер еңбек етеді. Бұл көрсеткіштерден нәзік жандылардың қоғамның дамуы жолындағы белсенділігін көре­міз. Алайда олар отбасын сақтап қалу, бала тәрбиесі, денсаулық мәселесінде туындай­тын түйткілді жайттардың көпті­гін ал­ға тартады. Күнделікті өмірде бетпе-бет келетін мәселелерге жол картасы дұрыс бағыт сілтей алса деген үміттері де жоқ емес. Бұл істе қалалық қана емес, өңір­лік үкіметтік емес ұйымдардың да белсенділігі қажет.

 

АЛМАТЫ