Әлемнің мықты шахматшыларының бірі Гарри Каспаров жақында роботтар талай адамды жұмыссыз қалдырады деп топшылауда. Сондай жұмыстан айрылған адам ретінде ол өзін де мысалға келтірді.
1985 жылы планета чемпионы атанған ол 20 жылдай ең атақты шахматшы болып тұрды. 1997 жылы ол IBM компаниясының жасап шығарған «Deep Blue» атты суперкомпьютерімен сайысқа түсіп, ұтылып қалды. Бұл роботтың адамның ақыл-есі жағынан адамнан артық екенін көрсеткен матч болып, роботтар дәуірінің басталғанын көрсетті.
Содан бергі уақытта компьютерлер дамып, алға қарыштап кете бастады. Қазір кез келген смартфоныңыз сізбен шахмат ойнап жеңіп кете алады. Ол аз десеңіз, жасанды интеллект өздігінен білім алып, өзін әбден жетілдіре алады.
Каспаров үшін 1997 жылғы ұтылыс жайсыз болғанмен, ол мұнымен келіспеске амалы жоқ екенін айтады. Бірақ ол қызықты экспериментке қатысқанына өкінбейтінін және болашақты болжауға әрекет етушілердің бірі болғанын мақтан тұтатынын да айтты. Экс-чемпион компьютерлер мен роботтардың қандай мүмкіндікке ие екенін біле отырып, оларды адамзат игілігіне жұмыс істету де үлкен мәселе екенін атап өтті.
Жаңа технология шыққан кезде адамдар оған алғашында үрке қарайды да кейіннен үйреніп кетеді екен. АҚШ-та жұмыс орындарының 4 пайызы ғана адам творчествосына тәуелді болса, қалған жұмысты роботтар атқаратын деңгейге жеткен және ол қалыпты жағдай саналады.
Әрине, технологияның жақсы және жаман жақтары болады. Бірақ оны өз игілігіне жұмыс істету ол адамдардың өз қолындағы шаруа. Көптеген адамдар компьютерге сенгендігі сонша, оңай болса да кей операцияларды өз басымен ойлап іске асырмайтын болып алдық. Мысалы, қарапайым ғана көбейту кестесін білмейтін адамдар арамызда баршылық екені жасырын емес. Сондықтан да адам кейбір жағдайда тек қана өз ақыл-ойы мен күшіне сену керек шығар.
Каспаровтың ойынша, адам көп технологиялық үрдістерді жылдам жасап үлгеруі үшін, әрі мықты болуы үшін оған компьютер керек-ақ. Бірақ адам одан ақылды бола қояр ма екен? Дегенмен де, жасанды интеллект осыдан бірнеше жылдар бұрын ғана мүмкін емес дүниелерді де іске асырып жатқанын ұмытпау керектігін де шахматшы баса айтты. Яғни, қандай заман болмасын, барлығы адамның өз қолында қала береді.